Киберспорт қашан пайда болды?

Киберспорт қашан пайда болды?
Фото: inbusiness

Киберспорт дәуірінің бастауы деп 1972 жылдың қазан айын санауға болады. Өйткені дәл осы айда Стэнфорд университетінің жасанды сана зертханасында 30 студент "Spacewar" деп аталатын ғарыш айқасынан бақ сынаған еді.

Дегенмен, киберспорт тәртібі ретінде өткізілген алғашқы жарыс 1994 жылға келеді. Жергілікті торап арқылы Doom 2 ойынынан турнир ұйымдастырылды. Ал араға екі жыл салып Quake ойыны танымалдылығы бойынша Doom 2 ойынынан асып түсті. Осыдан кейін алғаш "киберспорт" ұғымы қолданысқа енді. 1997 жылы АҚШ-та тарихта тұңғыш рет киберспортшылардың лигасы – Cyberathlete Professional League (CPL) құрылды.

Киберспорттың қарыштап дамуына XXI ғасырдың басында әрбір көшеде болған компьютер клубтары елеулі үлес қосты. Компьютер әркімге қолжетімсіз заманда балалар мен жастар осы бір клубты сауғалайтын. Дегенмен ол кездің өзінде ойындардың он шақты түрі ғана танымал болды. Атап айтқанда:

- GTA: Vice City;
GTA: San Andreas;
Serious Sam;
Need for Speed II;
Call of Duty;
Half-Life;
Counter-Strike;
Quake 3 Arena;
Warcraft 3: The Frozen Throne;
StarCraft.

Компьютер клубындағы бір-бірімен бәсекелестік кейіннен түрлі турнирлердің өткізілуіне себеп болды. Қарапайым компьютер клубтары ендігі заман талабына сай, киберспортшылардың жарысын өткізетін орынға айналды. Онлайн турнирлер, стратегиялық ойындар, атыс-шабыстың заманы жүріп тұрды. Ал WCG сериясының турнирлерін алғаш рет тікелей эфирден Оңтүстік Кореяның телеарналары көрсете бастады. Артынша Оңтүстік-Шығыс Азияда киберспортқа арналған eGG арнасы пайда болды. Еуропада Швецияның TV6 арнасы киберспортты бірінші болып көрсете бастады.

Киберспорт әлемнің барлық елінде бірдей танымал бола қойған жоқ. Негізінен АҚШ пен Оңтүстік Корея секілді дамыған елдерде киберспорттың болашағына көп көңіл бөлінді. 1997 жылы алғаш ұйымдастырылған Cyberathlete Professional League чемионатыны мамыр айында өтті. Одан кейін id Software деп аталатын студия Red Annihilation турнирін өткізіп, жеңімпазға Quake ойынын жасаушы Джон Кармактың Ferrari 328 GTS көлігін сыйға тартты.

2000 жылы бүкіләлемдік World Cyber Games турнирі өтті. Сеулдегі Everland ойын-сауық саябағында әлемнің 17 елінен келген 174 ойыншы өзара мықтыны анықтады. Жарыста киберспортшылар uake 3: Arena, StarCraft: Brood War, Age of Empires 2: Age of Kings және FIFA 2000 ойындары бойынша бақ сынады.

Міне, осыдан кейін жаһанға киберспорт ұғымы таныс бола бастады. Қазірде көптеген мемлекеттерде спорт түрі ретінде танылған киберспорттан жүлде қоры жүздеген миллион долларды құрайтын жарыстар өтеді.

А. Рысдәулет