Киберспорт жайлы қызықты фильмдер

Киберспорт жайлы қызықты фильмдер
Фото: unsplash.com

Соңғы уақытта қарыштап дамып келе жатқан киберспорт жайлы баяндайтын фильмдер көп түсірілген. Шынайы ойыншылардың өмірбаяны туралы түсірілген кинодан бастап фантастика жанрындағы түрлі фильмдер жетіп артылады. Соның ішінде назарларыңызға киберспорттың қыр-сырын баяндаған 5 үздік фильмді ұсынамыз.

"World Cyber Games"

Киберспорт туралы түсірілген алғашқы фильмдердің бірі. Танымал National Geographic телеарнасының туындысы 2005 жылы жарық көрген. Ол уақытта StarCraft ойыны ел арасында жақсы танымал болатын. Оның үстіне киберспорттың енді аяққа тұрып келе жатқан сәті. Бұл деректі фильм жанрында түсірілген туындының ерекшелігі киберспорт туралы жан-жақты ақпарат береді. 

"The International 2012"

Dota 2 ойынын жасап шығарған және әлемнің ең алпауыт киберспорт жарысының негізін қалаушы Valve компаниясының туындысы 2012 жылы жарық көрді. Фильм екінші ірі турнир алдындағы қарбаласты, дайындықты көрсетеді. Жарысқа қатысушылар туралы, олардың бақ сынаған сәті бейнеленген. Аз уақыттың ішінде сіз киберспорт жарысы туралы барынша көп ақпарат аласыз. Оған қоса, фильмде сұқбаттар көп. 

"Аңыздардың өрлеуі" 

Ойын нарығында аса танымал League of Legends туралы түсірілген фильм. 2015 жылы жарық көрген "Аңыздардың өрлеуі" киносериалы ең танымал киберспортшылар мен олардың өмір жолы туралы баяндайды. Сонымен қатар, фильм де сіз LoL (League of Legends) ойынынан әлемнің ең беделді турнирі жайлы ақпарат аласыз.

"Геймер"

Джерард Батлер түскен "Геймер" фильмі көруге тұрарлық. Фильм киберспортқа тікелей қатысы болмаса да, оқиға желісі сол маңайда өрбиді. Кино өз ойынының құрбаны болған жігіт туралы. 

"Экранның арғы жағында"

Dota 2 ойынына арнап түсірілген тағы бір фильм. Оқиға желісі The International 2014 жарысы маңайында өрбиді. Қазіргі таңда танымал командалардың бірі Virtus.pro-ның қолдауымен жарыққа шыққан.

Ойыншылар пікірлерін білдіріп, жарыс туралы ойларын айтады. Жалпы, фильмнің атмосферасы ауыр. Алайда бұл кино қызықсыз дегенді білдірмейді.

А. Рысдәулет