- Негізгі бет
- Кеңестер
- Зауытта қызық әрі...
Зауытта қызық әрі пайдалы дәріс өтті
Ақтаудағы ІТ лицей оқушылары "Берекет Ф" ЖШС-нің сүт зауытына барды. Күнделікті дастарханда тұратын "Ақнек" маркалы сүт тағамдарының қандай әдіспен дайындалып, үлкен еңбекпен келетіні жете түсіндірілді. Көшпелі дәріс барысында оқушылардың бизнеске қызығушылығы жоғары екені байқалды.
7-сынып оқушысы Дархан Әмірханов: "Бізге зауытқа жасалған экскурсия өте қатты ұнады. Мұндай кәсіпорынға алғаш рет келіп тұрмын. Сүт өнімдерінің қалай жасалатыны, олардың ыдыстарға құйылып, қақпағы жабылғанына дейін түгел сатыны көзбен көрдік. Осындағы қызметкерлердің еңбегі зор екен",- деп таңданысын жасырмады.
Ал, тағы бір оқушы Ақтоты Серік болса, өнімдер құйылатын ыдыстардың жасалу жолдарын көріп, сүйсінген. Шынашақтай ғана пласмасстан айран құятын үлкен бөтелкені ыстық ауамен үрлеп шығаруға болатынын, сыртқы қағаздары жабыстырылып,түптелгеніне қызыға қарағанын жасырмады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің қызметкері Руслан Бисекенов: "Студенттер мен оқушыларды түрлі кәсіпорындарға апарып, экскурсия жасату ең ұтымды әдіс. Ақтауда «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін алғаш рет пилоттық жобада оқыған ІТ лицей тәжірибесі республика бойынша барлық мектептерге енгізілген еді. Сондай алдыңғы қатарлы мектеп оқушыларында іскерлік іргетасы қаланды деп санаймыз. Екінші жағынан кәсіпкерлік әдістерін түсінді. Бұл сабақта отырып теориялық тұрғыда танысқаннан гөрі тәжірибе жүзінде көру тиімді екенін аңғартады",- дейді.
Кәсіпорында оқушыларға зауыттың барлық өнімдерінің дайындалу жолдары көрсетілді. Қазір мұнда 15 түрлі сүт өнімі шығарылады. Аптасына 10 тн өнім түрлі сауда орталықтары мен мекемелерге тасымалданып отыр.
"Ақ нек" сүт зауыты директорының орынбасары Мадина Абдугалиеваның айтуынша, 2006 жылы іске қосылған сүт зауытының өнімдері сапасы жоғары Беларусь шикізаттарынан дайындалады. Қазақстан бойынша ешбір кәсіпорын қолданып көрмеген бірегей табиғи ашытқыны тұтынуы – негізгі ерекшелік.
Қызық әрі пайдалы! Бұл олардың дәрістерінің өту барысына берген бағалары болды. Оқушылар бірауыздан осындай ой айтты. Экскурсия соңында оқушылар зауыт өнімдерінен биоайран, биойогурт, ірімшік, құрт, қаймақтан дәм татып, мәре-сәре болысты.
А. Қажиев