Кемшілігі көп коммунизм жүйесінен нарық қатынастарына көшу барлық елге қиынға соғатыны анық. Мәселен бұған бұрынғы Кеңес одағындағы ТМД елдеріндегі жағдай айқын дәлел. КСРО күйрегеннен кейін түрлі аласапыран уақыттар бастан өтіп, азаматтық соғыстарға ұласқан сын сәттер дүрбелең туғызғаны жасырын емес. Дегенмен Қазақстан өзге одақтас елдерге қарағанда абырой-беделін сақтап қалды десе болады, елге инвестициялық қаржы құйылып, жаңа кәсіпорындар құрылуда, даму белестері бағындырылуда. Әлбетте, кілтипанды тұстар жоқ десек, өзімізді алдаған боламыз. Соның бірі және бірегейі – жұмыссыздық мәселесі.
Бүгінге дейін басқа мәселелерге көбірек назар аударылып, Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамту жайы қалтарыста қалды деу де жаңсақ пікір. Оған дәлел, кейінгі 16 жылда елдегі жұмыссыздық деңгейі екі еседен астамға, 13 пайыздан 4,9%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіш бойынша жас Қазақ елі Еуропа одағын (8,2%), Украинаны (9,7%), Қырғызстанды (8%), Бразилияны (12%), Ресейді (5,6%) басып озып, АҚШ пен Ұлыбританиямен иық теңестірерлік дәрежеге жетті.
Аталған деректен ұғатынымыз, дамыған мемлекеттермен салыстырғанда, бүгінгі таңда елде жұмыссыздық көлемі ушығып тұрған жоқ. Алайда Үкімет басты меженің бірі ретінде еңбекпен қамту мәселесіне көңіл бөлуін тоқтатқан емес. Оның үстіне қатардағы жұмыспен қамту қадамдары ендігі шақта нәтижелі шыңға ұмтылуда.
Ресми сипаттағы қасаң тілді жеңілдетер болсақ, «нәтижелі жұмыспен қамту» ұғымының қарапайым адамға пайдасы қандай? Бұл бірінші кезекте ертеңгі күнге сенімді нығайтып, келешекке жетелейтін тұрақты табыс, яғни адам жұмысқа барып, белгілі бір уақыт аралығында еңбек еткен соң алған жалақысына берешектерін төлеп, бала-шағасын асырайды, демалысына да қаржы жинайды. Міне, осындай орнықты өмірді жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы нәтижелі жұмыспен қамтуды басты ұстанымы етеді.
Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі кезде Қазақстанда 8,8 миллион адам экономикалық белсенді халық санын құрайды. Оның ішінде жұмыспен қамтылған 8,4 миллион адамның 2,1 миллионы өзін жұмыспен қамтыған және 296 мыңы өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған саналады. Тарқата түссек, өзін жұмыспен қамтығандарға әдеттерге жеке кәсіпкерлер кіріп, өнімсіз қамтылғандарға тұрақты табысы жоқтар жатады.
Жаңа жұмыспен қамту бағдарламасының алғашқы кезекте бағдарлағаны да осы, соңғы санат. Бірден ескертетіні, мемлекет қомақты қаржы бөліп отырған тың құжатта құрғақ сөз пен бос дақпырттан гөрі, нақты шаралар кешеніне басымдық берілген. Тек 2017 жылы тиісті түйткілдерді шешуге 85,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат сомасы адамдардың оқу шығынын жабуға, несиелеуге және көші-қонға септесуге жұмсалмақ.
Сонымен жұмыс іздеген жанға не ұсынылмақ? Бағдарламада төрт бағытты қамту көзделген. Біріншісі – техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен қамтамасыз ету. Бұл жерде ешқандай мамандық меңгермеген, білімі мектеп қабырғасынан әрі аспаған адамдарға назар аударылмақ. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері үшін тегін кәсіби және техникалық білім қамтамасыз етіледі.
Қажетті ережелер қабылданып, ҰБТ-дан өтпеген оқушылардың тізімдері анықталған. 320-ға жуық білім беру ұйымдары мен колледждердің және оқу орталықтарының тізбесі бекітілген. 21 мыңға жуық жас толқын өкілі Бағдарлама есебінен 2,5 жылға, оқуын және шәкіртақысын төлей отырып, жол шығынын өтеу, біржолғы ыстық тамақпен қамтамасыз ету арқылы техникалық-кәсіби оқуға жолданады. Оқуын түгескен және жұмысшы мамандығын иеленген жас азаматтарға оқып жатқан кездің өзінде тұрақты жұмыс табу мүмкіндігі бар. Себебі, елімізде енгізіліп жатқан дуальдік оқу жүйесін ұтымды қолдана алған және өзін жақсы қырынан танытқан студенттер тәжірибеде шыңдалған жерінде жұмыста қалып қоюы ғажап емес.
Тағы бір ескерерлігі, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар тұрғысында жұмысшы кадрларды кәсіби оқыту басталды. Бүгінгі таңда қысқа мерзімді курстарға 27,7 мың адам жіберілген. Бұл тұста да өзіне қажет кадрларды даярлауға бейім кәсіпорындар ортақ іске тікелей атсалысады.
Екінші бағыт бизнеспен айналысқысы келетін, дегенмен бастапқы салымды қайдан алатынын білмейтіндер үшін тамаша мүмкіндік. Бұл бағытта жаппай кәсіпкерлікті дамыту мұрат етілген. Біріншіден, кәсібін енді бастағандарға Бағдарлама қатысушыларын кәсіпкерлік дағдыларға оқытуға, бизнес-жобаларын қолдауға арналған «Бастау-бизнес» жобасы іске қосылған. Екіншіден, оқудан өткеннен кейін ауылдық жермен қатар, қалада да шағын несие алуға болады. Шарттары қолжетімді несиенің жоғарғы сомасы 18 миллион теңгеге, мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығымен немесе ауылшаруашылығы кооперативін құрумен айналысқан жағдайда 7 жылға дейін айқындалған және де түпкі қарыз алушыға жылдық несие мөлшерлемесі 6%-дан аспайтындай белгіленген. Кепілдендіру тетігі де енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі жүріп тұрған бизнес иелеріне 50% шамасында. Бүгінде кәсіпкерлік негіздеріне 7 834 адам оқытумен қамтылып, жыл басынан 3 мыңнан астам шағын несие берілген.
Үшінші бағыт – назардағы бос жұмыс орындарына орналастыру арқылы еңбек нарығын дамыту. Аталмыш бағыт аясында жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып, әлеуметтік жұмыс орындарына 18 мың адам, қоғамдық жұмыстарға 61 мыңға жуық адам жіберілсе, 15 мың жас маман жастар тәжірибесіне жолданған. 120 мыңдай азамат болса, жұмыс берушілердегі бос орындарға Жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрғызылған.
Төртінші бағытта бүгінге дейін елімізде таңсық болған, алайда Еуропа мен АҚШ аумағында табыстылығын дәлелдеген еңбек ресурстарының ұтқырлығы нысанаға алынған. Қарапайым тілмен тәржімалағанда, жұмыс бар өңірге қоныс аудару.
Мысалға, Америка үшін адамдардың жұмыс іздеп бір штаттан екіншісіне көшуі қалыпты жағдай. Осы орайда ол елде көшкен адамның баспанамен қамтылып, көлік шығындарының жабылуы міндетті емес. Көбінесе жаңа қонысқа орналасқан жандар тұрғын үйден балалары оқитын мектепке дейінгі тұрмыс мәселелерін өздерін шешіп жатады. Қазақстанда болса, азаматтар өзгеше жайтқа бой үйреткенше мемлекет қолтықтан демеп жіберуді жөн санап отыр.
Біріншіден, халқы тығыз орналасқан өңірлер анықталып (елдің оңтүстігі), кадр тапшылығы байқалған облыстар (солтүстік-орталық аймақтар) ахуалы таразыланды. Екіншіден, көші-қон кезінде қаржылай көмек қарастырылып, адамдардың бастапқы бейімделуі мен жол пұлы, жүк тасымалы сынды шығындар жабылады. Үшіншіден, осы мақсатта өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Биыл көшті қабылдайтын өңірлердегі жұмыс берушілердің атсалысуымен Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері шымылдығын түріп үлгерді. Төртіншіден, көшу жайлы шешімді жұмыс іздеуші жан өзі дербес қабылдайды, мәжбүрлеп, міндеттеу жоқ. Қазірде 442 отбасы тұрғылықты жерін ауыстырып, еңбекпен қамтылған.
Осы тұстан қайырсақ, бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы макроэкономикалық нәтижелері де байқалуда. Жұмыссыздық деңгейі 2017 жылдың бірінші тоқсанында 4,9 пайызды құрап, 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,2% аз екенін аңғартты. 15-28 жас аралығындағы жас буынға қатысты жұмыссыздық 0,5%-ға азайса (4,4%-дан 3,9%-ға дейін), әйелдер арасында 0,2%-ға (5,7%-дан 5,5%-ға дейін) төмендеді.