Жұмыссыз азаматтар мен жұмыс берушілер арасында алтын көпір болып, онлайн түйіндемелердің базасын қалыптастырған «Headhunter» зерттеу компаниясының бірнеше жыл бұрын ұсынған рейтінгісі бойынша заңгерлер елімізде сұранысқа ие мамандықтардың үздік үштігінде екен. Елімізде заңгерлер артығымен дайындалып жатыр десек те, жыл өткен сайын білікті заңгерлерге сұраныс аса жоғары.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғаудағы заңгерлердің рөліне тоқталсақ. «Атамекен» палатасы жұмысының басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да осы мақсатты жүзеге асырады. Бір қарағанда жалпылай айтыла салғандай болып көрінуі мүмкін. Ал мәселеге үңілсек, біраз жайтқа қанық болуға болады.
Бір мысал келтірейік, 2016 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына Жаңақорған ауданындағы «Тұртан Ата» шаруа қожалығының басшысы Тұртанов Алшынбай өтінішпен келген.
Шаруа мал жайылымдық жерді уақтылы суландыру мақсатында Жаңақорғанда талапқа сай етіп 4 құдық қазған. Кейін мемлекет тарапынан шығындарының бір бөлігін субсидиялау мүмкіндігі бар екенін естіп, Үкіметтің 2014 жылғы қаулымен бекіткен «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының орнын толтыру бойынша субсидиялау» қағидасын басшылыққа ала отырып, облыстық комиссияға құжаттарын ұсынады. Нәтижесінде облыстық комиссия 2014 жылы шаруа қожалығына 13 193 500 теңге субсидия төлеген.
Алайда уәкілетті органдар мемлекеттен алған субсидияның 11 млн 848 мың теңгесін «мақсатсыз пайдаландың» деп, бюджетке қайта қайтаруды талап еткен. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері істің мән-жайын анықтады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған нормативтік құжаттың алғашқы парағында ұңғыма, құдық үшін субсидия берілетіндігі көрсетілген. Ал құжаттың қосымшасында «құдық» деген сөз түсіп қалған. Облыстық ауыл шарушалығын тексерген құқық қорғау органдары осыны негізге алып қаржыны «мақсатсыз пайдаланған» деген қорытынды шығарады. Бұл жерде мемлекеттік органды да кінәлауға болмайды.
Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерін келтіргенімен, алғашқы сот отырысында сот шешімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының пайдасына шешіліп, шаруа қожалығына 11 848 700 теңге төлеуді міндеттейді.
Алайда сот шешімімен келіспеген шаруа қожалығының басшысы осы жылдың сәуір айында облыстық сотқа аппелляциялық шағым түсіреді. Аппелляциялық шағым түсірмес бұрын Кәсіпкерлер палатасының мамандары осы мәселеге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттардың барлығын жіті зерттеп, тіпті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен де тиісті түсіндірме хаттарын алды.
Облыстық сот бірінші сатыдағы соттың істі қарау барысында жауапкер тарапынан ұсынылған дәлелді құжаттарды назарға алмай, біржақты қарағандығын анықтап, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2017 жылғы 26 қаңтардағы шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдайды.
Нәтижесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекет бюджетіне кері қайтару туралы талап арызы қанағаттандырылмай, кәсіпкердің 11 848 700 теңгесі өзінде қалды.
Бұл ақпаратпен не айтқымыз келіп отыр? Қарапайым ауыл шаруасы, кәсібін жасап, тірлігін жасап жүрген адал азамат құжаттағы бір ғана қателіктің кесірінен «күйіп кете» жаздады. 11 млн теңге аз ақша емес. Оған кеткен уақытты қоса алсақ, шаруаның барлық ісі тоқтап тұрды деуге болады.
Былай қарағанда айтылған жайттардың барлығы есеп үшін берілген жай сан болып көрінеді. Ал артында қанша төгілген тер, уақыт, істің қалай шешілетінін білмей – күйзелу басқа да мәселе тұр. Алда әлі осындай кедергіге ұрынған 400 кәсіпкердің ісі тұр. Бұл азаматтар да істің оң шешілгенін күтеді.
Егер жоғарыда айтылған кәсіпкерлер бұл мәселемен ақылы заңгерге жүгінгенде бір ғана талап арызды жаздыру үшін қорғаушыға (адвокат) ең азы 50 000 теңге төлеу қажет болатын. Одан арғы ақылы қорғаушының әр сот процесіне қатысуын айтыңыз... Ең төменгі көрсеткішпен есептегенде 300-400 мың теңге қаржы кетеді екен. Әр іске осынша қаржы шығара беретін болса кәсіпкерге не болады? Кәсібі қайда қалады?
Міне, осы жерде Кәсіпкерлер палатасының бүгінгі таңда іскер азаматтарға қолдауы зор болып отыр. Палата заңгерлері кеңес беруден бастап, сотта мүддесін қорғауға дейінгі барлық процесті тегін жүргізіп келеді. Кей іс өз шешімін жедел тауып жатады, ал кей істер айлап, жылдап жүргізіледі. Бірақ нәтижелері бар.
Осы жылдың 9 айының өзінде Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 252 өтініш түсті. Нәтижесінде 149 өтініш оң шешіліп, 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің араласуымен 9 айының өзінде кәсіпкерлердің 223,7 млн. теңгесі сақталып қалды және 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Егер кәсіпкер ретінде құқығыңыз бұзылса? Құқықтық кеңес қажет болса? Онда Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері көмек қолын созуға әзір. Ең бастысы көрсетілетін қызметтердің барлығы – тегін.
Балдырған Мәмен