- Негізгі бет
- Кеңестер
- «Стараперлерге» 7 кеңес:...
«Стараперлерге» 7 кеңес: нарыққа шығудың алтын ережесі
Белгілі бір идеяның пайда болуынан бастап, оның іске асуына дейінгі аралықта кәсіпкерге қолдау көрсететін ұйымдар бар. Аталған ұйымдар бизнес-инкубаторлар немесе бизнес-академиялар деп аталып кеткен. Мұндай қолдау жас кәсіпкерді шынықтырады, бизнес жүргізуді үйретеді, кеңес береді. Көп мемлекетте инкубаторлар ел экономикасының даму стратегиясы аясында ашылып, жемісті еңбек етіп келеді.
Қазақстанның Алматы, Астана, Павлодар қалаларында да бизнес-инкубаторлар жұмыс істейді. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жанынан ашылған стартап академиясы соңғы 2 жылда еліміздің бетке ұстар бизнес дамыту орталығына айналды. Назарларыңызға стартап академиясының негізін қалаушы, кәсіпкер, «Стартап Болашақ» І стартап-жобалар байқауының жеңімпазы Бақтыгүл Қасымованың жас кәсіпкерлерге арналған кеңестерін ұсынамыз.
- 1. Идеяның құндылығы іске асқан соң ғана айқындалады
Егер Сіз бизнес-идеяны немесе оның бөлігін инвесторға сату арқылы қаражатқа ие болғыңыз келсе, шағын көлемде болсын, идеяны іске асыра бастау керек. Кез-келген инвесторға нақты нәтиже керек. Иә, ол үшін ресурстарыңыз бен күш-жігеріңізді сарп етуге тура келеді. Оған дайын болмасаңыз, инвестордан қолдау күтпеңіз.
Жоспарламаңыз, болжамдарыңызды тексеруге асығыңыз. Көп жағдайда кәсіпкерлер алдымен өнімді жасап, бизнес-жоспар жазып, кейін нарық пен тұтынушыларға тигізген әсерін күтеді. Гипотезаларды құру – көп уақыт алады, ал дәлелдеу үшін нарыққа шығу керек. Ұзақ уақытты жоспарлауға жұмсап, соңында тауардың ешкімге керексіз екенін түсінсеңіз – үлкен еңбегіңіздің бекерге кеткені. Тауарды шұғыл түрде нарыққа шығаруға асығыңыз.
Стартаптың мақсаты – нарыққа не керек екенін түсіну, тұтынушылар қандай өнім үшін қаржы төлеуге дайын екенін анықтау, ал содан кейін қажетті тауарды тез арада жасап шығару.
- 2. Перфекционист болмаңыз
Стартапер кемеліне жеткен тауарды ұсынуға ұмтылмауы керек, перфекционизм – үлкен жау. Егер де сіз идеалды бизнес модельді жасап, мінсіздікке ұмтылсаңыз, жобаны қосу үшін ең қолайлы уақыт күтсеңіз – ешқашан кәсібіңізді бастамайсыз. Мінсіз тауар емес, пайда әкелер тауар шығару маңызды.
- 3. Жақсы бизнес-жоспар жазғанның орнына, алдымен нарықты зерттеңіз
Сан деген жақсы ғой, алайда оның артында адамдар тұрады. Алдымен тәжірибе үшін нарыққа сапасы орташа өнімді шығарған абзал. Алғашқы күннен бастап аталмыш өнім үшін ақша алыңыз. Алайда, мол қаржылық табысқа ие боламын деп дәмеленбеңіз.
- 4. Кәсіпкерлік – бұл менеджмент.
Стартап – бұл тауар емес, кәсіпорын. Сондықтан да оған классикалық емес, жаңа менеджмент қажет. Себебі стартап – бұл төтенше белгісіздік.
- 5. «Жасау – бағалау – дағдылану» цикліне назар аударыңыз
Идеяларды өнімге айналдыру, тұтынушыларға тигізген әсерін бағалап, шешім шығару – стартаптың мақсаты. Стартаптың барлық процестері тұтынушыдан кері байланыс алуға бағытталуы тиіс.
- 6. Тек қана кәсіпкерлердің кеңестеріне құлақ асыңыз
Бизнеспен ешқашан айналыспаса да, ол туралы сөйлейтін адамдардың кеңесіне құлақ аспаңыз. Бұл тіпті бизнес акселератор, инкубаторлар мен бизнес-консультанттарға да қатысты. Егер кәсіпкерлікте тәжірибесі болмаса, айтқанының мәні де жоқ. Тек тәжірибеге сүйеніңіз.
- 7. Мүмкіндіктерден құр қалмаңыз
Елімізде мемлекеттік және халықаралық жобалар, стартап-сайыстар көптеп өтеді. Жақында ғана Білім және ғылым министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік кәсіпкерлік конкурсын жариялады. Осындай жобаларға қатысып, инвестиция табуға мүмкіндігіңіз бар. Қорықпаңыз, нарықты зерттеңіз. «Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің» деген қағиданы ұстаныңыз.
Ж. Өрісбай