Дамушы елдер қатарынан суырылып шығып, дамыған елдермен бәсекеге ену үшін не істеу керек? Экономикадағы өндірісті арттырсақ та, білім беру мен туризм салаларын дамытсақ та, бәсекеге қабілетті ел болу қиынның қиынына айналған. Себебі өнімді Қытай шығарса, АҚШ жоғары білім беруде бәрінен озық. Ал арзан туризмді дамытып жүрген елдер қатары көп.
Бүгінгі капиталистік қоғамда адамдық капитал деңгейін көтеру бәрінен маңызды. Осындай пікірмен Астана Халықаралық Қаржы Орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбек бөлісті.
"Қалай аз уақытта Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, олардың артынан Қытай дамып шыға келді? Олар қарапайым стратегияны қолданды. Ол - көшіру", - дейді Саясат Нұрбек.
Нұрбек мырзаның айтуынша, АҚШ-та сатып алған техникалық жабдықтарыңызды Жапонияда еш қиындықсыз пайдалана бересіз. Себебі жапондар америкалықтардың стандарттарын көшіріп алған. Оңтүстік Кореяның медицинасы да америкалықтардың стандарттарынан тұрады. Олар медицина саласындағы жемқорлықты жою үшін әрбір медицина маманына америкалық дәрігерлер тапсыратын емтиханды міндеттейді. Ал АҚШ-та жемқорлық жоқ болғандықтан, тек білікті дәрігерлер ғана сертификатқа ие бола алған.
Білікті мамандар дамыған елдерде еңбек еткісі келеді. Себебі АҚШ, Канада, Франция, Ұлыбритания сынды елдерде оларға барлық жағдай жасалған. Ал қазіргі "адамдық капитал" тренд кері қарай бағыт алды. Азия елдері шетелде еңбектеніп жүрген отандастарын өздеріне тартып жатыр. Оларға мүмкін болған барлық ұсыныстарды айтып, елді көркейтуге ат салысуға шақырып жатыр.
Бұл салада Қытай мен Сингупар айтарлықтай нәтиже көрсетіп отыр. Қытай соңғы 4-5 жылда шетелдік студенттерге мыңдаған гранттарды ұсынып жатыр. Бұл шетелдік мамандарды тартудың ең тиімді жолы. Қытай үкіметі арнайы мемлекеттік грантпен білім алған шетелдік жастарға жоғары стандарттағы ұсыныстар айтып, еңбек жолын Аспан асты елінде жалғастыра беруін қамтамасыз етуде.
Ал Сингапурда шетелдегі отандастарын елге қайтаратын арнайы агенттер жасағы бар. Олардың бірі - Филип Йео. Оның жұмыс уақытының басым бөлігі шетелде өтеді. Шетелдік медиа Йео мырзаны "дарындылар аңшысы" деп атайды. Себебі оның назары түскен сингапурлық өз еліне қайтпай қоймаған емес.