Рамазан айы 2 сәуірде басталды. Ораза 30 күнге жалғасады, осылайша бірінші мамырда аяқталады. Рамазан – тыйылу айы. Жеп-ішуден ғана емес, күнә атаулыдан, жамандықтан тыйылу маусымы. Әсілі, күні бойы аш жүріп ораза ұстау қиын емес. Ең қиыны он екі мүшемізге ораза ұстау.
Хадисте: "Кімде-кім жаман сөзі мен жаман іс-әрекеттен тыйылмаса, оның тамақ жеуден және сусын ішуден тыйылғаны Алла Тағалаға ешбір керегі жоқ", деген. Демек, дене-мүшемізді теріс іс-әрекеттен аулақ ұстау ораза талаптарының бірі.
Сәресі мен ауызашарда айтылатын дұға
Ораза ұстауға ниет еткен мұсылмандар сәресіде "Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім" дейді.
Ал ауызашар кезде "Жаратушы ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, Кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәмді кешіре көр!" дейді.
Кімдерге ораза ұстамауға болады?
Шариғат қасиетті айда ораза тұтуды кей жандарға кейінге қалдыруға рұқсат етеді. Олар:
• жолаушылар;
• науқас адамдар;
• жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер.
Сонымен қатар, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер және басқа да мамандық иелері ораза ұстауға шамасы жетпесе, кейінге қалдыра алады.
Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек. Сосын Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.
Қадір түні не істеу керек?
Сәуірдің 27-нен 28-не қараған түн – Қадір түні. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.
Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар делінеді.
Шағбан айының соңғы күні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мұсылман жұртшылығына айтқан насихатында: "Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндеріндегі намазды қосымша құлшылық етті... ...Рамазанда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз амалын орындағанға тең. Ал, парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парызды атқарғандай (сауап иеленеді). Бұл – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Рамазан – өзара жанашырлық айы. Ораза айында мүміннің ырзық-несібесі еселенеді... ", - деп сүйіншілеген.
"Қадір" деген сөздің өзі араб тілінен "тағдыр" деген мағына береді. Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады. Сондықтан бұл түнді барынша құлшылықпен өткізген жөн.
Мұсылман қауымының Қадір түнін асыға күтудегі тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады. Сондықтан адамдар бұл түнді тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға, бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады.
Бұл түні адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, ішімдік ішуге, жанжалдасуға, дауласуға болмайды.
Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынады. Теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдерді де көруге болмайды. Оның орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс.
Қадір түнінде түні бойы дастарқан жайып қою шарт емес
Мұсылмандар бұл түнді құлшылық етіп, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.
Қадір түні оқылатын дұғаға келсек, Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) : "Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын" деп сұрағанда, Алла елшісі: " Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, менің күнәларымды кешіре гөр", - деп дұға етуге кеңес берген.
Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан барша мұсылманның амандығын, өзара достық пен бауырмашылдықтың артуын, Ислам әлемінің біртұтастығы мен күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.
Пітір садақа қанша?
Биыл пітір садақа жан басына 500 теңгені құрады. Оның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Бұл пітір садақаның ең төменгі мөлшері.
Ал жағдайы бар адамдар пітір садақаны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады.
2022 жылғы пітір садақа нарықтағы орташа бағамен есептеліп, төмендегідей болып бекітілді:
• Бидайдың 2 келісі – 310 теңге.
• Ұнның 2 келісі – 500 теңге.
• Арпаның 4 келісі – 630 теңге.
• Мейіздің 2 келісі – 4990 теңге.
• Құрманың 4 келісі – 9135 теңге.
Пітір садақа Рамазан айында беріледі. Оны Ораза айт намазына дейін беру керек. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады.
Ораза айт күні ауыз бекітуге бола ма?
2 мамыр – Ораза айт күні. Ораза айттың таңында сәресі ішілмейді, күндіз ауыз ашық болады.
Ораза айт дастарқан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, Ораза айттың бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған.
Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күні, яғни 3 мамырдан бастап ұстай беруге болады.
Ораза айт қалай тойланады
Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында бауырсақ пісіріліп, ет асылып, мерекелік мол дастарқан жайылады. Туған-туысқандар, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді.
Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл" болсын" деп жылы лебіздерін білдіреді.
Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.
Сонымен қатар Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал