Технология дәуірінде атақ-абыройы алты құрлыққа тараған Илон Маск, Марк Цукерберг, Билл Гейтс сияқты миллиардерлер жұмыс уақытынан тыс немен айналысады? Жетістікке жету жолында әйгілі кәсіпкерлерден қандай әдеттерді үйренеміз? Шетелдік БАҚ таратқан ақпараттарға назар салсақ, бұл тұлғалар бір күндік жоспарының бір бөлігін мынадай әрекеттерге арнайды екен.
1) Жұмысқа қатысы жоқ кітап оқу
Болашағына бей-жай қарамайтын кез келген адам кітап оқуды әдетке айналдырады. Көп кітап оқу адаммен түсінісе білуге үйретеді. Америкалық әйгілі кәсіпкер, инженер Илон Маск Rolling Stone журналына берген сұхбатында «Мені кітап тәрбиеледі. Бірінші кезекте, кітап, содан кейін ғана ата-анам» деген екен. Маск қолы қалт еткенде ғылыми фантастика мен биографиялық шығармаларды оқығанды жақсы көреді.
2) Қорқынышты жеңу
Қорқыныш пен даму. Бұл екеуі ешқашан қатар жүрмейді. Екеуінің біреуін құрбан ету керек. Сонда адам таңдауына қарай, не жетістікке қол жеткізеді, не керісінше құлдилай түседі. Әйгілі миллиардерлер жүрегі дауаламайтын, үрейленетін әрекеттерге өз-өзін итермелейді екен. Бұл бойдағы қорқынышты жеңудің ұтымды тәсілі.
Марк Цукерберг бірнеше жыл бойы путунхуа тілін үйренуге күш салып, нәтижесінде қазіргі уақытта сол мақсатына жеткен. Қиын әрі өзі үшін жаңалық болған бұл тілді үйрену үшін Цукерберг өзін қинап, іштей сабырға шақырып отырған екен.
3) Спортпен шұғылдану
Том Корли есімді жазушы "Бай адамдардың әдеттері" атты кітабын жазу үшін 5 жыл бойы байлардың бір күндік жоспарын қадағалаған екен. Зерттей келе, барлығы физикалық жаттығу жасауға арнайы уақыт бөлетінін байқаған. Корлидің зерттеуі бойынша, күнделікті жүгіріп, жүріп, жаттығу жасаған адамдардың зияткерлік көрсеткіші жоғары, өз-өзіне сенімді, физикалық күш-қуаты мықты болған.
Миллиардерлер әр таңды спортқа арнайды. Қаншалықты жұмысбасты болса да, күндік жоспарының бірінші кезегіне жаттығу жасауды қояды. Жетістікке жетем десеңіз, спортқа да көңіл бөлуді ұмытпаңыз.
4) Мұқтаж жанға қол ұшын созу
2010 жылы Билл Гейтс пен оның жары Мелинда және белгілі миллиардер Уоррен Баффет "Қайырымдылыққа ант" деген атаумен филантропиялық науқан бастады. Талап бойынша, қайырымдылыққа негізделген акцияға қатысушы тұлғалар жеке капиталының тең жартысын ортақ қорға аударады. Бұл қайырымдылықтың мақсаты – кедейлікпен күресу және денсаулық сақтау саласын ілгерілету.
Қайырымдылық тек қаражаты мол қалталылардың ғана атқаруға тиісті міндеті емес. Кез келгеніміз қолымыздан келгенше, жағдайымыздың жеткенінше мұқтаж жанға қол үшін созуға міндеттіміз.
100 адам әлемді кедейліктен құтқара алады екен
5) Күнделікті күрес жүргізу
Белгілі баскетболшы Майкл Джордан бір сұхбатында "Мен, тек жеңу үшін ойнаймын. Мейлі, жаттығу кезінде болсын, матч кезінде болсын, бірінші болуды көздеймін" депті. Расында, әрдайым алда болуды алға қою керек. Сонда ғана өзіңе деген сенім пайда болады және ол күн өткен сайын арта түседі.
6) Серуендеу
Американың психологиялық ассоцациясы жүргізген зерттеу жұмысындағы көрсеткіштер таза ауада серуендеу адамның ерекше болуына көмегін тигізетінін, кезіккен кедергіні тез шешуге қабілетті болатынын көрсетті.
Тәжірибелі басшылар іскерлік кездесуді таза ауада серуендеп жүріп жүргізеді. Олардың арасында Марк Цукерберг те бар. Ал бұл тәсілдің артықшылығы жайлы Virgin Group компаниясының негізін қалаушы Ричард Брэнсон өз блогында жазыпты.
"Бұл бірден іске кірісіп кетіп, шешім қабылдаудың, келіссөз жасаудың ұтымды әрі жылдам тәсілі деп ойлаймын. Таза ауада өзіңді жайлы сезінесің, табиғаттан қуат атып, өзіңді энергиямен байыта түсесің".
Сол себепті, 24/7 телефонға телміруді доғарып, арасында таза ауада алға қойған мақсаттарыңыз жайлы, жоспарларыңыз жайлы жиі ойланыңыз. Ашық аспанның астында таза ауамен тыныстап, болашақтың іргесін тас қылып қалаңыз.