- Негізгі бет
- Кеңестер
- Криптовалюта Қазақстан үшін...
Криптовалюта Қазақстан үшін тиімді ме?
Қазіргі таңда криптовалютамен төлем жасау трендке айналды. Күн өткен сайын жаңа валюта жүйесін қолдаушылар саны да артуда. Әрине, капиталистік қоғамда сұранысқа ұсыныс қалыптасады. Бірақ криптовалютаның бір орталықтан басқарылатын тетігі болмағандықтан, оған сенім арту да қиын. Криптовалютаның әр елде жеке бақылауы да жоқ. Бұл туралы қаржы мамандары не дейді?
"Криптовалюта - біз үшін әзірге белгісіз жүйе. Өзге елдер бұл жүйені қабылдау туралы шешім қабылдауға жақын екені рас. Ал біз асықпай, олардың тәжірибесін ескеріп, шешім қабылдағанымыз жөн. Осылай сынақтан өтпеген жүйелерді енгізбей, тиімді жобаларды кіріктіре аламыз", – дейді "Астана" Халықаралық Қаржы Орталығының (АХҚО) әкімшілігі басқармасының жетекшісі Нұрлан Құсайынов.
Құсайынов мырзаның айтуынша, АХҚО әртүрлі қаржы технологияларын (финтех) үшін сынақ алаңына айналады. Орталықтың өзіндік шешімдері мен ережелері болмақ.
Кейбір сарапшы мамандардың айтуынша, криптовалюта қомақты қаржыны жымқырғысы келетіндер үшін үлкен драйверге айналып кетуі де мүмкін. Егер әр мемлекет заң жүзінде бақылау жасауға декларация ұсына алса, криптовалюта бүгінгі қаржы жүйесін алмастырады. Оған сұраныс та бірден артады.
"Қазан айының басынан қаржы технологиясы бойынша жобаларды сынақтан өткізуді бастаймыз. Басты назар криптовалютаға ауып отыр. Ал блокчейн криптовалютаға қарағанда көбірек қолданысқа ие. Бірақ сенімсіздігі де бар. Сондықтан оларды қай салаға кіріктіру керек екенін әзірге шешкен жоқпыз", – дейді Нұрлан Құсайынов.
Ал әзірге оның болашағы жайлы нақты кесіп айту қиын. Бар болғаны, сұраныстың өсімін сырттан бақылау ғана мүмкін болып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, Астана қаласындағы ЭКСПО аймағы "Астана" Халықаралық Қаржы Орталығына (АХҚО) қолдануға беріледі.
Ж. Өрісбай