Шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер жиі болатынын айтады. Кәсіпкерлер жоспардан тыс тексерулер жүргізілетініне наразы. Тексерулер негізсіз болса, нені ескерген жөн? Мемлекеттік органдары алдында кәсіпкерлік құқықтарыңыз қандай?
Кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін заңмен негізделген себеп болуы керек. Мәселен, тексеруші органға анонимді өтінім арқылы белгілі бір кәсіпкерге шағымдану бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілмейді. Тексеруші органдар тарапынан себепсіз тексерулер жиілемес үшін немесе құқық бұзу фактілерін болдыртпас үшін тексеруге негіз болатын жағдайларды біле жүріңіздер.
Бақылау және қадағалау
Жекеменшік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексеру жүргізу «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңымен реттеледі. Әрбір кәсіпкер кәсіпкерлерді тек қана бақылау-қадағалау функциялары берілген мемлекеттік органдар бақылай алатынын білуі тиіс.
Тексеру қандай түрлерге бөлінеді?
Ерекше тәртіп бойынша тексерулер. Бас прокуратураның сайтында жарияланатын бекітілген жартыжылдық кестеге сәйкес жүргізіледі. Онда тексеруден өтетін барлық субъектілер мен объектілердің тізбесі көрсетіледі. Тексерулердің бұл түрі мынадай барынша қауіпті 7 салаға жүргізіледі: халықтың радиациялық қауіпсіздігі, атом энергиясы, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы, өрт қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік, жарылғыш және улы заттармен, радиоактивтік материалдармен және заттармен жұмыс істеудің белгіленген қағидаларының сақталуын, сонымен бірге улы заттар айналымы, оларды қолданумен қару-жарақ, әскери техника және қару-жарақ, жарылғыш және пиротехникалық заттар мен бұйымдар саласындағы бақылау;
Ішінара тексерулер. Барлық басқа салалар бойынша тағайындалады. Мұндай тексерулер заңнаманы бұзу тәуекелі бар (мысалы, салықтарды төлемеу тәуекелі және т.б.) кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізіледі. Тәуекел дәрежесі алдыңғы тексерулерді талдау және кәсіпкердің өзі ұсынатын есептілік негізінде шығарылады.
Жоспардан тыс тексерулер. Прокуратура, құқық қорғау органдарының талап етуі бойынша жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің өтініші бойынша тағайындалады. Жоспардан тыс тексерулер иесі көрсетілмеген шағым негізінде жүргізілмейді.
Мемлекеттік органдар кәсіпкерге алдағы тексеру туралы хабарлауға тиіс пе?
Иә, кәсіпкерге тексеру туралы хабарлама жазбаша түрде беріледі. Ерекше тәртіп бойынша тексеру және ішінара тексеру кезінде – кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын хабарлама беру керек. Жоспардан тыс тексеру кезінде – кемінде бір тәулік бұрын хабарлау қажет. Тексеруді тағайындау туралы актіні табыс ету күні тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
2016 жылы 1 қаңтардан бастап жоспарлы тексерулер алынып тасталды, олардың орнына ерекше тәртіп бойынша тексерулер және ішінара тексерулер енгізілді. Көлемі бойынша тексерулердің барлық түрлері кешенді және тақырыптық болып бөлінеді.
Кешенді – тексерілетін субъект (объект) қызметін заңнамада белгіленген талаптардың сақталу мәселелерінің кешені бойынша тексеру.
Тақырыптық – тексерілетін субъект (объект) қызметін заңнамада белгіленген талаптардың сақталуының жеке мәселелері бойынша тексеру.
Тексеруші қандай құжаттарды көрсетуі тиіс?
1. Облысыңыздағы (қалаңыздағы) прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасында оның тіркелуі туралы мөртаңбамен Тексеруді тағайындау туралы акт.
2. Қызметтік куәлік.
3. Тескеруге жататын талаптарды көрсете отырып, тексеру парақшасы.
Тексеру қанша уақытқа созылуы мүмкін?
30 жұмыс күнінен аспауы қажет. Алайда арнайы зерттеулерді, сынақтарды, сараптамаларды өткізу қажеттілігіне қарай, тексеру көлеміне байланысты бұл мерзімді тексеруші органның басшысы тек қана бір мәрте ұзартуы мүмкін. Ұзарту мерзімі 30 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
Жүргізілетін тексеру барысында кәсіпкер құқығы
Сіз:
1. Егер олар Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмесе немесе егер олар актіде көрсетілген кезеңге жатпаса, тексерушінің сұрауы бойынша мәліметтерді ұсынбауға;
2. Тексеруші үшін кедергі жасамай тексеруге аудио және бейне түсірілім жүргізуге;
3. Тағайындау туралы, тексеру нәтижелері туралы актіге, тексерушінің іс-әректтеріне жоғары тұрған мемлекеттік органға не сотқа шағым түсіруге;
4. Тексерушілердің сіздің қызметіңізді шектейтін заңмен негізделмеген тыйымдарын (мәселен, оған негіздемелер болмаса, қызметті тоқтата тұру туралы талап) орындамауға;
5. Тексеруді жүргізу кезінде жеке қатысуға не сіздің мүддеңізді және құқықтарыңызды білдіретін үшінші тұлғаларды тартуға құқылысыз.
Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдары тексеруді жүргізу кезінде:
1. Егер олар тексеру парақшаларында жазылмаса және мемлекеттік органның құзыретіне жатпаса, талаптардың орындалуын тексеруге;
2. Егер олар тексеру затына жатпаса, құжаттарды, ақпаратты, өнімнің үлгісін, қоршаған және өндірістік орта объектілерінің сынамаларын талап етуге;
3. Хаттама рәсімдемей зерттеу үшін өнімнің үлгісін, қоршаған және өндірістік орта объектілерінің сынамаларын іріктеп алуға;
4. Тексеру барысында алынған және коммерциялық, салықтық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны жария етуге және таратуға;
5. Тексеру жүргізуді белгіленген мерзімдерден асыруға.
6. Тексеру барысында кәсіпкерлердің есебінен іс-шаралар (сараптамалар және т.б.) өткізуге құқылы емес;
7. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген тексерушілердің оны жүргізуге құқығы жоқ;
Өрескел заң бұзумен жүргізілген тексеру жарамсыз деп танылады, бұл тексеруді тоқтатуға негіз болады.
Заңды өрескел бұзуға жататындар:
1. Тексеру үшін негіздемелердің болмауы;
2. Тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3. Алдағы тексеру туралы хабарлау мерзімдерін сақтамау;
4. Ерекше тәртіп бойынша тексерулердің және ішінара тексерулердің мерзімділігін бұзу;
5. Тексеруді тағайындау туралы актіні ұсынбау;
6. Мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтін тексерулер;
7. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында (Бас прокуратура) тексеруді тағайындау туралы актіні тіркемей тексерулерді жүргізу;
8. Тексерулерді жүргізу мерзімдерін бұзу.
Тексерудің заңдылығын ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық сервисінде:
«Бизнесіңізге тексеру жүргізудің заңдылығы» деген бөлімде анықтауға болады.
Тексеру нәтижелері қалай ресімделуі тиіс?
Екі данада тексеру нәтижелері туралы акт жасалады, оның біреуі кәсіпкерге табыс етіледі. Егер ескертулеріңіз немесе қарсылықтарыңыз болса, сіз оларды жазбаша түрде баяндап, одан кейін актіге қоса беруіңізге болады.
Егер құқықтарыңыз бұзылса:
Сіздің өңіріңіздегі прокуратура жанындағы мобильді топқа жүгінуіңізге болады, ол құқық бұзушылық орын алған жерге шығады. Мобильді топтардың телефондары Call-орталық бөлімінде, Бас прокуратураның сайтында орналастырылған. Call-орталық нөміріне (115) немесе «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының байланыс орталығына (14-32) хабарласу керек (Кез келген қаладан қоңырау шалу тегін).
Бас прокуратураның «Бизнес тірегі» порталына өтініш жазуға болады. Порталдан жүргізілетін тексеру (тіркеу, тексерушілердің құрамы, тексерілетін кезең және т.б.) туралы барлық ақпаратты білуге болады.
Кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған кезде мемлекеттік органдардан басқа қайда жүгінуге болады?
Кәсіпкерлер Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілге ombudsmanbiz.kz жүгіне алады. Әрбір келіп түскен өтінішті бизнес-омбудсмен аппаратының қызметкерлері бақылайды және өңдейді.
Сонымен қатар «Qamqor – бизнесті қорғау» – әрбір кәсіпкерге арналған қалта көмекші құралы іске қосылған. Қосымшада тексеру басталғанға дейін және оның жүргізілуі барысында жол берілетін заң бұзушылықтар туралы хабарламаларды жылдам жіберу мүмкіндігі бар. «Qamqor» мобильдік қосымшасы – бұл компанияны тексеру жағдайына әрбір кәсіпкерге арналған қалта көмекші құралы.
Тіркелгеннен кейін «Qamqor» сіз үшін мынадай 2 маңызды функцияны орындайды:
1. Егер сізге тіркелген тексеру келсе, сіз осы немесе өзге мемлекеттік орган (СЭС, өрт қызметі, салықтық тексеру және т.б.) тексеруінің заңдылығын және дұрыстығын (өзектілігін) тексере аласыз.
2. Өз компанияңыздың атына тіркелген (жоспарланған) тексеру туралы алдын-ала хабардар боласыз, өйткені тексеру тағайындалған кезде сізге 1-2 күн бұрын мынадай мәтінмен Push-хабарлама келеді:
«Сізге тексеру келеді: КҮНІ көрсетіледі».
Хабарламаға бассаңыз, толық сипаттамасы ашылады – тексеруші орган, тағайындалған тексерушінің ТАӘ, тексеру түрі, мәні және мерзімі.
Қосымшада тексеру басталғанға дейін және оның жүргізілуі барысында жол берілетін заң бұзушылықтар туралы хабарламаларды жылдам жіберу мүмкіндігі көзделген. Оған қоса, көп қойылатын және өзекті сұрақтармен, оларға дайын жауаптармен FAQ бар.
Егер сізге тексеру келсе, тексеруші тексеруді тағайындау туралы актіні ұсынуға міндетті. Сіз осы Актінің 14 таңбалы нөмірін енгізіп, барлық қажетті ақпаратты (тексеруші орган, тағайындалған тексерушінің ТАӘ, тексеру түрі, мәні және мерзімі) аласыз. Егер басқа тексеруші келсе немесе Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру мерзімі өтіп кетсе, тексеру заңсыз деп танылуы мүмкін. Мұндай жағдайда сіз шағым бере аласыз, оны Комитеттің аумақтық органы қарайды және заңсыздығы расталса мән-жайды түсіндіру үшін мобильді топ жіберіледі.
Әлия Кемелбекова