Сүйікті іспен айналысу, уақыт пен қаражатқа қожайын болу, табысқа кенелу, бай-қуатты өмір сүру, армандар мен мақсаттарға қол жеткізу – сәтті құрылған бизнестің жемісі.
Ел экономикасының маңызды секторының бірі шағын және орта кәсіпкерлік. Бүгінде 1 161 923 ШОБ субъектісі тіркелген. ҚР Ұлттық экономика Статистика комитетінің ресми деректеріне сәйкес 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілер саны өткен жылғы тиісті кезеңдегі сәйкес мерзіммен салыстырғанда 4,7%-ға өсті. ШОК субъектілерінің жалпы санында дара кәсіпкерлер үлесі 66,5%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 17,2%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 16,1%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2%-ды құрады.
Қайда тіркелеміз?
ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуге қатысты түзетулер енгізілді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Салық департаменті хабарлағандай, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап, жаңа ережелерге сәйкес, жеке кәсіпкерді тіркеуге қатысты өтініш беру реті хабарлама жіберу түріне алмастырылды.
«Бұл дегеніміз жеке тұлғалар, жеке кәсіпкер ретінде өз қызметін бастағаны туралы, енді өтініш емес, хабарлама жібереді деген сөз. Жеке тұлғалар аталған хабарламаны ұсынса, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелді дегенді білдіреді. Егер, бірлескен жеке кәсіпкерлік тіркелетін болса, онда оның өкілетті тұлғасы, бірлескен кәсіпкерліктің әр тұлғасының қолы қойылған сенімхат ұсынады», – деп түсіндіреді ҰКП сарапшылары.
Кәсіпкер хабарламаны «электронды үкімет» веб-порталы арқылы электронды түрде немесе ХҚКО немесе аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы Қызмет көрсету орталықтарының бірі арқылы қағаз жүзінде өз қолымен жіберуі тиіс. Осылайша, енді бар-жоғы бір-ақ күнде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге болады. Сонымен қатар, мемлекеттік тіркеу жөніндегі анықтама, кәсібін жаңа ашқан жеке кәсіпкердің қолына берілмейді. Аталған процедура үшін, құжаттарды жинау ісі де алынып тасталды.
Ескере кетер жайт, аталған хабарлама бойынша жеке тұлғаға салық төлеу тәртіптерінің бірін: арнайы салық режимін (мысалы, патент, жеңілдетілген декларация) немесе жалпы бекітілген ретпен салық төлеу түрін таңдауға тура келеді. Егер болжанған ең аз мөлшердегі кіріс жарты жыл ішінде – 1 400 айлық жалақы (ең аз мөлшердегі жалақы – 24 459 теңге) көлеміндегі көрсеткіштен аспайтын болса, ал қызметкерлер саны, жеке кәсіпкердің өзін қосқанда, 25 адамнан аспаса, жеке кәсіпкерге жарты жылда бір рет тапсырылатын, жеңілдетілген декларацияны таңдауға болады. Салық аударымдары жалпы кірістің 3%-дық мөлшерін құрамақ. Жаңа ереже, сондай-ақ, кәсіпкерге кассалық аппарат сатып алуға міндеттейді. Салық органдары жеке кәсіпкердің тіркеу мәліметтерін хабарлама негізінде өзгертетін болады. Аталған жаңа ереже Қазақстанда шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында енгізіліп отыр.
Мүлік салығын бағалау
2018 жылы жеке тұлғаның мүлік салығын бағалау басталады. Қазақстан азаматтары, оның ішінде салық төлеушілер 2017 жылдан бастап көлік салығы, жер және мүлік салығының есептеулері туралы ақпаратты салық органының сайтынан біле алады. Сонымен қатар салық туралы ақпарат коммуналдық қызмет төлемінің түбіртегіне де жазылады, тіпті электронды почта арқылы немесе SMS-хабарлама арқылы алуға да болады.
Мұнымен қоса, жеке тұлғалардың көлік, мүлік және жер салығындағы қарызы жайлы хабарламаның жаңа түрі енгізіліп жатыр. Ал қалыпты мәліметтермен қатар, қарызды төлеуге мүмкіндік беретін банктік реквизиттер туралы ақпараттар қоса жолданады. Салық төлеушілерге ақпарат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы почтамен 10 жұмыс күнінде жеткізіледі, сондай-ақ электронды үкіметтің веб-порталындағы салық төлеушінің жеке кабинетіне жоладанады. Пошта арқылы әрі электронды кабинетке жолданатын хабарламада қарыз, есептелген салық сомасы, салық есебін өткізбеу мен тексеру жүргізудің қорытындысы жайлы мәліметтер беріледі. Жеке кәсіпкерлікті тіркеу Биылғы жылдан бастап жеке кәсіпкерлікті тіркеу хабарлау тәртібіне көшірілді. Жеке кәсіпкерлікті қайта тіркеу де осы тәртіппен жүргізіледі.
Тіркеу мәліметтері өзгертілгеннен кейін 10 жұмыс күнінің ішінде хабарламаны мемлекеттік кірістер органдары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолдау керек. Ал салық органдары қайта тіркеуді бір жұмыс күні ішінде жүргізуге міндетті.
Салықтық тексеру бойынша Бұрындары салықтық тексеру жүргізілгенде инспектор куәгерлерді тартпауға құқығы болған, ал 2017 жылдан бастап куәгерлерді де тартуға міндетті. Мұнымен қоса, салықтық тексеру жүргізу үшін тағы бір негіздеме енгізілді – салық төлеушінің салық органдары бекіткен тәртіпті бұзғаны туралы хабарламаны орындамағанын растау қажет.