Жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтату үшін не істеу керек?

Жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтату үшін не істеу керек?
Фото: palata.kz

Еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтап қалуда шағын және орта кәсіпкерліктің рөлі орасан зор, өйткені бұл сектор жаһандық нарық жағдаятынан мейілінше дербес және республиканың экономикалық белсенді 8,8 млн халқының ішінен 3 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын жүргізетін «Іскерлік ахуал-2016» өңірлер рейтінгісіне сәйкес Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлігінде өзге субъектілерге қарағанда жеке кәсіпкерліктің үлесі басым. 2016 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы көлемінде жеке кәсіпкерлердің үлесі – 68,7%.

Статистикалық мәлеметтерге сүйенсек, ай сайын жаңа жеке кәсіпкерлік тіркеліп жатады. Алайда кәсібін енді ашқан кәсіпкердің жұмысы бірден табыс әкелмеуі мүмкін. Кәсіпкерлік – тек табандылардың ғана қолынан келетін сала. Сондықтан жеке кәсіпкерлік қалай ашылса, сол күйінде орта жолда қалып жатады. Табыс әкелмейтін жеке кәсіпкерлікті жабу үшін не істеу керек?

2015 жылы Салық кодексіне заңды тұлғалар мен Жеке кәсіпкерлікті жабу процедураларын жеңілдету жөнінде бірқатар өзгертулер енгізілген. (Бүгінгі таңда жаңа Салық кодексі Үкімет қаралымына жіберілді, тағы өзгерістер болуы мүмкін – ред). Процедура салық бойынша аудиторлық қорытынды нәтижесімен бекітіледі.

Жеке кәсіпкерліктің артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары:

• Жеке басының жұмыспен қамтылу мәселесін шешу.
• Тіркелу жеңіл және арзан жүргізіледі. Егер онлайн режімде жүргізілсе, тіркелу тегін.
• Салығы аз және төменірек мөлшерлемелер бойынша.
• Жалдамалы жұмысшылар саны 50 жалдамалы жұмысшыға дейін.
• Жеңілдетілген бухгалтерлік және салық есептілігі. Статистикалық есептілік жасалмайды.

Кемшіліктері:

• Өз мүлігімен жауапты болады.
• Заңды тұлға болып қайта ұйымдастырыла алмайды. Мүліктік кешен ретінде мұрагерлік арқылы беріле алмайды.
• ЖК патент бойынша жалдамалы жұмысшы жалдай алмайды.
• Орта және ірі бизнес әрдайым ЖК-мен жұмыс жасағысы келе бермейді.
• Бірнеше тұлғалардың капиталын біріктіргендегі қиыншылықтар.

2017 жылдан бастап аудиторлық тексеру жүргізу үшін салыстырмалы жылдық кіріс (СЖК) көрсеткішінің шектік мәнін 60 мың АЕК-тен 120 мың АЕК-ке дейін арттыруды қарастыратын өзгертулер енгізілді. Бұл тексеру аудиторлық қызмет нарығын ұлғайту мақсатында және мемлекеттік кірістер органымен жүргізілетін жеке кәсіпкерлікті тарату жұмыстарына бағытталған салық тексерулерді азайту үшін енгізілді.

Яғни салық төлеушінің арыз беру аралығында салыстырмалы жылдық кірісі 120 000 АЕК-тен аспайтын болса онда салық төлеуші салықтық тексерусіз-ақ, аудиторлық қорытынды негізінде жеке кәсіпкерлігінің қызметін тоқтата алады. Мұның бәрі камералық бақылаудан кейін жасалады.

Егер жоғарыда аталған екі шарт орындалса, салық төлеуші аудиторлық қорытынды алған соң небәрі 20 жұмыс күні ішінде кәсіпкерлікті тоқтату туралы салық өтінішін минималды құжат топтамасымен қоса бере алады (ҚР Салық кодексі 37-2-бап, 2-тармақ).

Кәсіпкерлікті жоюға арналған салықтық есеп заңдық күшін жойғалы жатқан тұлға төлеген салық түрлері, басқа да бюджетке құйылатын міндетті төлемдер, міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ), міндетті кәсіби зейнатақы жарнасы (МКЗЖ) және әлеуметтік төлемдер негізінде құралады.

Салық органы кәсіпкерден қажетті құжаттарды алған соң 10 жұмыс күні ішінде Салық кодексінің 586-бабына сәйкес камералық бақылауды іске асыруға міндетті. Камералық бақылау нәтижесі бойынша заң бұзушылық немесе олқылықтар анықталған жағдайда, салық төлеушіге олқылықтарды жою туралы хабарлама беріледі.

Айта кетелік, жеке кәсіпкерлігінің қызметін тоқтатуға бел буған тұлға барлық салық төлемдер мен бюджетке құятын төлемдерді, зейнетақылық салымдардың бәрін төлеп барып, кәсіпкерлігінің қызметін тоқтатуға өтініш беруі қажет. Осылайша жеке кәсіпкерлікті жою үдерісін тездетуге болады. 

Әлия Кемелбекова

Ж. Өрісбай