- Негізгі бет
- Кеңестер
- Исламдық банктің қызметі...
Исламдық банктің қызметі қандай?
2017 жылдың наурыз айында Ислам қаржыландыру индустриясының ТМД кеңістігіне таралуын қамтамасыз ету мақсатында Жеке секторды дамыту жөнiндегі Ислам корпорациясы мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өзара ынтымақтастығы туралы меморандумы жасалды.
Меморандумға Жеке секторды дамыту жөнiндегі Ислам корпорациясы (ICD) бас атқарушы директоры, Халед Әл Абуди мен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының Басқарма төрағасы Юлия Якупбаева қол қойды.
Ислам қаржыландыру, жалпы ислам банктерінің өзге институттардан ерекшелігі қандай, саралап көрелік...
Ислам банктерінің Қазақстан нарығына келгеніне біраз жыл болды. Алайда аталған қаржы ұйымдарының кеңселерін көз шалғаны болмаса, өзіміз және айналадағы таныстарымыз ислам банктері өнімдерін қолданбағаны белгілі. Неліктен?
Аталмыш банк құрылымдары жекелей несиелендіруді жүргізбейді, банк намаз оқитын, хақ дін жолымен жүретін азаматтарға ғана арналған, банк несие берсе де үстіне үстеме қоймайды деген түрлі қауесет сөздер бар. Егер банктің халыққа қаржылай қызметтер көрсетуде пайыздық өсім алмаса, қаржы ұйымы қалай күн көреді, қызметкерлеріне қайдан еңбекақы төлейді деген сұрақтар да жоқ емес.
Несие алу, қарызға өмір сүру ХІХ ғасырдың дертіне айналып барады. Несие алу оңай, төлеу қиынға соғып жатады. Жыл санап қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызы артып келеді. Ресми мәлімет бойынша қазақстандықтардың банктер алдындағы қарызы 4 трилион теңгеге жеткен, оның ішінде қайтарылмаған несие 400 млрд теңгеден асқан.
Елімізде 21 жасқа толған, тұрақты табысы бар азаматтар несие алуға мүмкіндігі бар. Халық несие алуға құштар. Ал шариғатқа қайшы келмейтін, үстемесі аз несиелеу, қаржыландыру жолдары кез келген азаматты қызықтыратыны сөзсіз.
Қазақстанда Ислам қаржысын дамыту қауымдастығының мәліметінше Ислам банкінің дәстүрлі банктен фундаменталды айырмашылығы ислам қағидаларымен тыйым салынған банктік пайыздардан толық бас тарту болып табылады.
Қызмет көрсету қағидалары
Исламдық банк пайыздарға тыйым салады, шошқа шаруашылығы, алкоголь индустриясы, ойын-сауық индустриясы, қару-жарақ және оқ-дәрі өндірісімен айналысатын компанияларды қаржыландырмайды, сондай-ақ, Исламның құқықтық және этикалық нормаларына қайшы келетін жағдайдың барлығына тыйым салады. Исламдық банктің дәстүрлі банк жүйесінен екі басты ерекшелігі бар: этикалық және банктік өнімдер.
Шариғат бойынша ақша ақшадан туындамауы тиіс, демек қаржыны көбейту жалпы ақша айналымы саласында жүргізілмейді. Ал инвесторлардың табысы саудаға және өндіріске инвестициялармен байланысты болуы шарт. Бұл сектор – экономиканың шынайы секторы. Жасалатын мәмілелер пайызға берілетін қарыздармен емес және басқа да, туынды құралдармен емес, шынайы активтермен қамтамасыз етілуі тиіс.
Ал тараптар арасындағы қарым-қатынас тәуекелдер мен табыстарды бөлумен әріптестік негізінде құралады. Исламдық қаржы компаниясы клиентінің жасалатын мәмілелер бойынша тараптармен талқыланған пайданы бөлуге және туындаған шығындарды өзара бөлісіп көтеруге міндеттеледі. Ал ақша тауар емес, құнның өлшемі ретінде қарастырылады.
Банк қалай табыс табады?
Шариғат бойынша қарызға беріп пайыз, үстеме алу – харам. Сонда пайда қайдан келеді? Ислам адал саудаға оң қарайды. Бұхаридің айтуынша «Саудада береке бар, саудаға өтірік, қиянат араласқан кезде берекесі кетеді», демек қаржы институты адал сауда қағидаттарына негізделген.
Сауда мен саудадан түскен пайда банк жүйесі дамуына жол ашты. Сонымен Исламдық банк пайда табудың үш негізгі бағытқа рұқсат береді. Бірінші бағыт банктік операциялар. Олар араб тілінде аталады: мушарака, мудабара, мурабаха және «кард-уль-хасан».
Мушарака – Әріптестік
Екі немесе одан да көп тарап капиталды ұсынатын және басқаруды жүзеге асыратын әріптестік туралы келісім. Пайда капиталға қатысу үлесіне сәйкес немесе тараптардың келісім бойынша, ал шығындар – тек капиталға қатысу үлесіне сәйкес бөлінеді. Әріптестердің бірінің біріккен қызметі жеке басқарудан бас тартуына жол беріледі. Біріккен қызметтен пайданы бөлгенге дейін басшыға сыйақы белгілеу мүмкіндігі бар. Әріптестік тараптардың қандай да бір бизнесті ашу үшін күштерін, ресурстарын, білімін, қабілетін біріктіру туралы келісімді білдіреді.
Мудараба
Тараптардың бірі капиталды, ал екіншісі үлестік қатынаспен өлшенетін пайданың белгілі бір бөлігіне осы капиталмен кәсіпкерлік қызметті жүргізетін бизнеске үлестік қатысу түрі.
Шарттың тараптары бойынша қабілетті және өз мүлкін пайдалана алатын кәмелеттік жасқа толған тұлғалар. Бірінші тарап – бұл салымшы (капитал иесі), ал екінші тарап – кәсіпкер (ол мүлікті қабылдайды және оны коммерциялық қызметте басқарады).
Бөліп төлеуге сату – Мурабаха
Бір адамның сатылатын тауарды сатып алуға кеткен шығындардың сомасын (тиеу, кедендік алымдар, кеңсені жалға алу, еңбекақы және т.б.) көрсете отырып, тауарды белгілі бір үстемесімен екінші адамға сататын сату түрі. Үстеме ақшалай бейнелеуінде нақты көрсетілуі тиіс. Мурабаха мәмілесі тауарды сатып алуға нақты шығындар белгіленген кезде ғана жарамдыболады. Депозиттің осы түрін ислам банктерінің ұжымдық клиенттері пайдаланылады.
«Кард-уль-хасан» – пайыссыз несие. Былайша айтқанда қайтарылатын материалдық көмек, субсидия. 2015 жылы өткен G20 мемлекеттері ислам облигациялары – сукукты күн тәртібінде талқылаған болатын. Ислам қаржыландыру ұзақ мерзімді инвестициялар ретінде қарастырылды. Бұл құрал әлім нарығына қызықты.
Екінші бағыт – басқа банктер секілді қаржы нарықтарда құнды қағаздармен жұмыс істеу. Бұл жерде исламдық басты қағида – құмар ойындарға жол бермеу. Сондықтан құнды қағаздарды алып саттарлқ құпталмайды. Банктер акцияларды сақтау, көбейтк мақсатында сатып алады.
Үшінші бағыт – қызмет көрсету үшін комиссиялық операциялар. Мұндай пайда көзі барлық банктерде бар. Алайда қызмет көрсету үшін комиссия алу ислам банктерінде жақсы дамыған.
Сукук – исламдық облигация
Қазақстанда Ислам қаржысын дамыту қауымдастығының мәліметіне сәйкес Сукук – ұстаушылардың белгілі бір активке (жылжымайтын мүлік, жалға беруден түсетін табыс, сауда және т.б.) құқықтарын құжаттайтын облигациялар баламасы. Дәстүрлі облигациялармен салыстырғанда сукук бекітілген пайданы қамтамасыз етпейд, мұнда табыс қаржыландырылатын жобаның пайданысан тәуелді.
Бүгінде Қазақстандағы ислам банк жүйесі немен айналысады?
Қазақстанға Ислам қаржыландыру жүйесі толығымен енуі үшін арнайы Заң қабылдау қажеттілігі бар. Осы ретте ҚР үкіметі бұл қаржы мәдениетінің отандық нарыққа сіңуіне жағдай жасап отыр.
2009 жылы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Бұдан бөлек 2011 жылы ҚР мемлекеттік ислам құнды қағаздарын шығаруға рұқсат беретін және ұжымдық исламдық құнды қағаздар эмитенттерінің тізбесін кеңейтетін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды.
2012 жылы ҚР Үкіметі «Қазақстанда исламдық қаржыландыруды 2020 жылға дейін дамыту бойынша жол картасын» бекітті.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі үлестес мүше ретінде Ислам қаржылық қызметтерін ұсыну жөніндегі кеңеске (IFSB) қабылданды.
2014 жылы ҚР Ұлттық банкі бақылаушы ретінде Ислам қаржылық институттарына арналған бухгалтерлік және аудиторлық ұйымға (AAOIFI) мүшелікке өтті.
Сөз соңында...
Исламдық қаржы жүйесі сауда дамуынан жетіле түсті. Ал сауда бар жерде өндіріс те бар, сонымен қатар қарыз беру, алу да сұраныста болады. Ислам дініне дейін Мекке қаласы төрт тарапты қосатын ірі сауда орталығы болған. Әйгілі француз жазушысы Онере Бальзак «Гобсек» атты шығармасында жан-жақты суреттеген өсімқорлар Шығыс мемлекеттерінде де болған. Олардың үстем ақысы адам нанғысыз көлемге дейін өскен. Халық негізгі қарызын қайтаруға емес, пайыз төлеуге қиналған. Ал Ислам діні таралғанынан кейін саудада, қарыз үшін өсім алуды жоюға Пайғамбарымыз (с.а.с.) тікелей араласқан. Қарыз бергенде пайыз алу үлкен күнә болып есептеледі.
Қазіргі таңда исламдық қаржыландыру жүйесін ұйымдастырушылар ең алдымен ислам елдеріндегі халықты қаржы өнімдеріне үнемі өсіп отыратын сұранысын қанағаттандыруға талпынды, бүгінде әлемдегі ислам банктері қызметін мұсылман емес тұрғындар да пайдаланып жатыр. Сондықтан, Исламдық қаржы ұйымдарының өнімдерін діни көзқарастарына қарамастан кез келген адам тұтына алады. Қазақстанда ислам банктерінің жеке тұлғаларға қызмет көрсетуі, жалпы дамуы тек уақыт еншісінде.
Әлия Кемелбекова
Ж. Өрісбай