Францияда сандық технология қай деңгейде дамыған?

Францияда сандық технология қай деңгейде дамыған?
Фото: zasio.com

Еуропалық Одақ пен оның негізгі валютасы еуроның негізін салушылардың бірі француздар елі екені белгілі. Әлемдегі ұшақ құрастыратын ең үлкен екі компанияның бірі (Airbus) осы елде орналасқан. Ал сутекті гелийге айналдырып, күннің энергиясын алу приципін (ITER) Жерде жүзеге асырып жатқандар да осы француздар өлкесі.

Айта берсек, Францияның жетістіктері жетіп артылады. Дегенмен біз бүгін тек сандық технологияның даму деңгейіне тоқталып өтпекпіз.

E-Government

БҰҰ мамандары жасаған зерттеуге орай, Франция халыққа "электронды үкімет" жүйесі арқылы қызмет көрсету тиімділігі бойынша Еуропада 1-орынды алып отыр. Ал дүние жүзіндегі елдер рейтингінде 4-орында тұр. Францияда онлайн қызмет көрсетуден бөлек, телекоммуникация инфрақұрылымы мен онлайн білім беру бағдарламалары жақсы дамыған.

WI-FI

Франция – WI-FI елі. Maravedis Rethink сараптамалық агенттігінің зерттеуіне сүйенсек, Францияда онлайн қызметтерді ұсынатын қоғамдық терминалдар саны 13 миллионнан асады. Ал АҚШ-тың жері үлкен және халқы әлдеқайда көп болса да, небәрі 9,58 миллион терминал пайдалануға берілген. Одан бөлек, француз үкіметі терминалдар санын 2018 жылдың соңына дейін тағы 80 пайызға көбейтуді жоспарлап отыр.

Big Data

Француздар мәліметтер қорының ауқымына қарай да жетекші орында тұр. Бұған Teradata зерттеу орталығының француз, неміс және ағылшындардың 300 компаниясының жасаған сараптамасы арқылы сенім артуға болады. Француздар мен немістер мәліметтер қорын тиімді пайдаланады. Мысалы, Франциядағы әрбір үшінші компания көлемді ақпаратты жылдам игеріп, уақытты үнемдеу үшін қолданбалы сараптамалық бағдарламаларды пайдаланады.

Онлайн курс

Жыл сайын 400 мыңнан астам француз өз біліктілігін дамыту мақсатында Француз Сандық Университетінің (FUN – France Université Numérique) MOOCs (Massive Open Online Courses) онлайн тегін курстарында білім алады. Онлайн университеттегі мамандықтар саны уақыт өткен сайын артып келеді.

Интернет

Француз Ұлттық Экономикалық Зертеулер мен Статистика Институты дерегіне сүйенсек, еуропалықтардың 75 пайызы интернетті күнделікті пайдаланады. Ал француз халқын бөлек қарастырсақ, бұл көрсеткіш 83 пайызға дейін көтеріледі. Ал мобильді интернет пайдалану көрсеткіші 55 пайызды құрап отыр.

Facebook

Француздар әлеуметтік желілерді өте белсенді қолданады. The We Are Social агенттігінің зерттеуіне орай, Facebook әлеуметтік желісін 28 миллион француз күнделікті қолданады. Бұл Франция халқының 42 пайызын құрайды. Олар өздерін "Like-қа" лайық азаматтар деп біледі.

Ұлттық экономика

Сандық технологиялар арқылы түсетін табыс Франция ЖІӨ-нің 5,5 пайызын қамтиды. McKinsey халықаралық консалтингтік компаниясының стратегиялық зерттеуіне сенсек, Францияның сандық технология бойынша табысы 2020 жылға дейін 100 миллиард еуроға дейін көтерілуі керек. Бұл сандық технология саласындағы компаниялардың жылдық табысының жыл сайынға өсу үдерісіне байланысты сарапталған.

Ж. Өрісбай