- Негізгі бет
- Кеңестер
- Форекс нарығында сауда...
Форекс нарығында сауда жасау тиімді ме?
Әлемде үш негізгі қаржы нарығы бар. Олар - валюта, қор және шикізат нарығы. Шикізат нарығында алтын, күміс немесе платинум сынды өндірістік өнімдер саудаланса, қор биржасында әртүрлі компаниялардың акциялары сатылымға шығарылады. Ал валюта нарығында халықаралық деңгейде беделі бар валюталар жұп құрып, сауда платформасындағы қаржы операцияларына қатысады.
Біз бүгін валюта нарығына тоқталып өтуді жөн көрдік. Себебі аталған үш нарықтың ішінде валюта ең көп сұранысқа ие. Оны қоғамда "Форекс" (Foreign Exchange Market) деп те атайды.
Ел арасында Форексте жылдам табысқа жетуге болатыны туралы әртүрлі аңыздар тараған. Біреуі валюта нарығын алаяқтар мекені десе, енді бірі табыс табудың нағыз көзі деп есептейді. Massaget.kz тілшісі Форекс туралы шындықты білу үшін Financial Freedom сараптамалық агенттігінің жетекшісі Расул Рысмамбетовтің пікірін сұрады.
Расул Рысмамбетов, Financial Freedom сараптамалық агенттігінің директоры
"Форексте табысқа жету оңай емес. Оған күнделікті уақытыңды жұмсап, нарықты зерттемесең, табыстан бұрын өз капиталыңнан айырылып қаласың",– дейді Рысмамбетов мырза.
Белгілі сарапшының айтуынша, қаржылық сауаты бар азаматтардың басым бөлігі Форексте сауда жасауға қызығушылық танытады. Оған Форексте мол табысқа жылдам жетуге болатыны жайлы жарнамалар негіз болып отыр. Ал шындығында, бұл күн өткен сайын қиындап барады. Себебі валюта нарығын бағдарламалық қамтулардың көмегімен автоматтандыру процесі іске асырылып жатыр. Ал IQ боттардың жылдамдығынан адам баласы басып оза алмайтыны анық.
Форекс нарығы бір орталықтан басқарылмайды. Оның әр елдегі әртүрлі валюта нарығы платформаларының бір-бірімен ақпарат алмасу негізінде бірегей желі құрады.
Ливия мұнай экспортының көлемін арттырғаны үшін, Brent маркалы мұнайдың бағасы арзандады.
Сәйкесінше мұнай экспорттаушы елдердің валютасы құнсыздана бастады. Бұл трейдерлер
үшін форексте табысқа жетудегі таптырмайтын мүмкіндік.
"Валюта нарығында сауда жасау үшін оның негізгі құрылымдарын білу жеткіліксіз. Мысалы, нарықта валюталар жұп құрайды. Сауда жасау үшін екі валютаға талдау жасау керек. Оған толық талдау жасау үшін әр валютаға әсер ететін саяси, экономикалық және әлеуметтік факторларды ескеру қажет. Сондай-ақ, техникалық талдауды да үнемі жасап отыруы тиіс", - дейді қаржы сарапшысы.
Қарапайым халықтың валюта нарығындағы спекуляцияның құрбаны болмауы үшін бірнеше факторларды ескерген жөн. Айта кетсек, Форексті жолы болғыштардың табысқа жететін мекені деп түсінбеу керек. Себебі валюта нарығында толық ақпаратқа шолу жасай алмаған трейдер жеңіледі. Ал зерттеуді мұқият жүргізе білген бәсекелесі оның ұтылған ақшасын алады.
Интернеттегі қолжетімді ақпарат көздеріне сүйенсек, әлемнің валюта нарығында бір тәулікте 4-5 триллион АҚШ доллары көлемінде сауда жасалады. Ол саудаға кез келген ерікті қатыса алмайды. Нарыққа ену тек арнайы лицензияға ие брокерлік кеңсенің трейдері арқылы жүзеге асырылады. Ал ресми рұқсатты әр елдің қаржы реттеушісі, яғни Ұлттық немесе Орталық банк береді.
"Қаржы нарығының ойыншысы болу кәсіби боксқа ұқсайды. Ойға еленбеген қателік салдары сіздің жүзіңізден көп жылдарға шейін ізін суытпауы мүмкін. Ең бастысы толық сенімді болмай, қаржы операциясын орындамау керек", - дейді Financial Freedom агенттігінің жетекшісі.
Форекстің сауда ұстанымына орай, біріктірілген валюта жұбын таңдау мүмкіндігі өзіңізде болады. Мысалы, ең көп сұранысқа ие жұп – EUR/USD. Нақтылап өтсек, еуроны АҚШ долларымен сатып ала аласыз. Ал АҚШ долларын сатып алу үшін, USD/EUR валюта жұбын таңдау керек.
Трамптың ұлы орыс заңгерімен өткен жылы кездескені жайлы ақпаратты айғақтайтын
электронды хаттар жарияланғаннан кейін, АҚШ долларының дамыған он елдің валюталарына қатысты
бағамы төмендеді. Осы сынды саяси факторлар да форексте маңызды рөл ойнайды.
Рысмамбетов мырзаның айтуыша, валюта нарығына экономикалық емес жағдайлар да әсер етеді. Мысалы, белгілі бір елде террористік шабуыл жасалса, сол елдің валютасы белгілі бір деңгейде құлдырайды. Одан бөлек, сол елдің лауазымды өкілдері бизнес секторына немесе жүргізілген реформаларына қатысты мардымсыз мәлімет берсе де, ел экономикасына әсер етіп, валютаның девальвацияға ұшырауына негіз болады. Сондықтан қай валютаға талдау жасасаңыз, оның барлық аспектілерін ескеруді ұмытпаңыз.
"Ұлттық банк қаржы спекуляцияларын барынша бақылауда ұстауға тырысып жатыр. Десе де, өзінің трейдерлік қызметін ұсынған азаматтардан арнайы рұқсат лицензиясын және оның валюта нарығындағы тәжірибесін дәлелдейтін деректерді талап етуді ұмытпаңыз",– дейді сарапшы.
Рысмамбетов мырзаның айтқандарын ескерсек, Қазақстанда money management саласы енді дамып келеді. Әзірге елімізде ауқатты азаматтары қаржысын сеніп тапсыра алатын танымал әрі сенімді трейдер жоқ. Ол валюта нарығына қызығушылық деңгейі артқан кезде қалыптасады.
Ж. Өрісбай