- Негізгі бет
- Кеңестер
- Болат Палымбетов: Жер...
Болат Палымбетов: Жер мәселесі бизнеске тосқауыл болмауы керек
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов жер телімдерін беру кезіндегі ашықтық жайында болатын әңгімелер жөнінде айтты.
Жер кодексінде жергілікті атқарушы органдарға интернет-ресурстарында елдімекендердің басты жоспарларының, егжей-тегжейлі жоспарлаудың (ЕТЖ) және инженерлік коммуникациялар схемаларын жариялауды міндеттеу қарастырылған. Дегенмен, бұл талаптар толығымен орындала қойған жоқ.
Облыс әкімдеріне бірнеше рет айтылғаннан кейін ғана жағдай түзеле бастады. Егер 2016 жылы интернет-сайттарда бас жоспарлар мен ЕТЖ-лардың 29%-ы (398-дің 115-і) жарияланса, 2017 жылдың қараша айына дейін 70%-ға жетті (278).
Оның айтуынша, сатып алушы туралы, жер телімінің орналасқан жері мен ол жерде салынатын объект туралы ақпарат әкімдіктердің сайтында ашық жариялануы тиіс. Қоғамдық бақылау болады және көптеген мәселелер өз шешімін табады.
Болат Палымбетов жер телімдерін бәссауда арқылы алуды жер телімін алудың әділ түрі ретінде айтып өтті. Дегенмен, ол өткізіле ме, жоқ па, ол әкімдіктердің өз құқында. Тәжірибе көрсеткендей, бұл рәсім әкімшілік кедергілер мен жер телімдерін рәсімдеу уақытын барынша қысқартады. Ал жер телімін аукционсыз алу үшін өтініш берген уақыттан бастап 40 күннен астам уақыт кетеді.
Талдау көрсеткендей, 2015-2016 жылдар аралығында бұл әдісті Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облысының әкімдіктері барынша қолданған.
Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлерден жерді тартып алу мәселелеріне ерекше тоқталып өтті. Қазақстанның бірқатар өңірлерінде мұндай фактілер орын алған.
«Жергілікті атқарушы органдар: «Жер мәселесі бизнеске тосқауыл болмауы керек» деген қарапайым қағиданы басшылыққа алуы тиіс»,– деді Болат Палымбетов. Ол кәсіпкерге тиесілі жер телімін алған жағдайда, бизнесін жалғастыру үшін оған баламалы жер берілу керектігін алға тартты.
Ол мәселені шешудің мысалы ретінде Астанада іске асырылған жоба «1000 орындық көше саудасын» атады.
М. Ақан