Дамыған ел азаматы бизнес бастау үшін көп мәселеге басын ауыртпайды. Олар барлық нарсені қарапайым жолмен түсінуге үйренген. Бұл принциптің негізін кезінде өзінің HighTech компаниясын жай ғана "Apple" деп атаған Стив Джобс қалап кеткен. Олардың бизнес жоспары да қарапайым бір бет қағазға сыйып кетеді. Калифорниядағы "Шай Республикасы" компаниясының негізін қалаған Рон Рубин мен Стюарт Эвери Гоулд есімді кәсіпкерлер өзінің "Дзен стиліндегі бизнес" атты еңбегінде компанияның бизнес жоспарын қағаз майлыққа жазудан бастағандарын айтады.
Расында, ойдағы идеяны жүзеге асыру үшін үлкен талап міндетті емес екен. Тек алғашқы қадамды басуға бел бусаңыз болғаны. Небәрі 9 дилемманың репликасын анықтау керек. Олар:
1. Негізгі аудитория
2. Бағалы ұсыныс
3. Сату жолдары
4. Клиентпен қарым-қатынас
5. Кіріс көздері
6. Негізгі ресурс
7. Негізгі әрекеттер
8. Негізгі серіктес
9. Шығыс көздері
Бизнесте табысқа жету үшін оның құрылымын модельдеп алу керек. Мысалы, сіз тіл оқыту курсын аштыңыз делік. Бизнесті жүргізбей тұрып, алдымен нарыққа шолу жасаған жөн. Содан кейін, негізгі аудиторияны зерттейсіз. Қызметіңізге қызығушылықтың бар болуы үшін әртүрлі бағалы ұсыныстарды жасауды ойластырасыз. Сату жолдарын анықтайсыз, яғни тіл курсын теледидар, газет немесе журнал, әлеуметтік желі арқылы, сондай-ақ, әртүрлі онлайн сауда платформалары және көшелерде промоутерлік әдіспен жарнамалауды тәжірибеден өткізесіз.
Клиентпен жұмыс істеуге аса ұқыптылықпен қараңыз. Олардың ыңғайы үшін үнемі телефонға жауап бере алатын мамандарды жалдағаныңыз жөн. Сосын әрбір клиенттен сіздің курсыңыз жайлы қайдан білгенін сұрап отырасыз. Жарнамалық ақпарат қай жолмен тиімді екенін анықтаған соң (мысалы, фейсбуктегі ақылы жарнама), сол маркетингтік бағытқа көбірек қаржы жұмсап, тиімсіз жолдарына кететін соманы азайтасыз.
Үнемі кіріс көздерін есептеп отырыңыз. Компания қызметкерлеріне немесе мемлекетке салық төлеген кезде кіріс нақты қанша екендігі қағаз жүзінде қажет. Негізгі ресурс - сізге табыс алып келетін тауар немесе қызмет түрі. Табыстың көлемін арттыру үшін ресурсты да дамыту керек. Бұл әсіресе қызмет көрсету саласындағы бизнес түрлеріне қажет құрал. Тіл курсында әртүрлі әдістерді тәжірибеден өткізіп, оның тиімді не тиімсіз жақтарын анықтап отырасыз.
Компанияның дамуына, жоспардан артта қалмауына түрткі болатын әрекеттер негізгі болып саналады. Одан өзге мәселелерді кейінге қалдыңыз. Адамның басты назары бизнестің үдерісінде болуға тиіс.
Бизнесте серіктес не үшін қажет? Кейбір адамдар тауарды дайындауда бәрінен озық болса, тағы біреулері оның саудасын жүргізе алады. Демек нарықта аналогы жоқ өнім дайындау бөлек, оны сатып алушыға жеткізу бір бөлек. Бизнестегі серіктестік ортақ жауапкершілікті бөлу мақсатымен жасалады. Ең соңғы пункт - шығыс көздері. Бизнестегі корпоративті шығындар, қызметкерлер жалақысы, жарнама, іс-сапарларға жұмсалатын қаржыны үнемі есептеп отыру керек. Бизнес үдерісі тұрақты алгоритмге ие болғаннан кейін оның шығыс көздерін азайтудың жолдарын қарастырасыз.
Әрине, одан бөлек клиенттің портретін анықтап, Client Achievement Cost (CAC) пен Life Time Value (LTV) алгоритмін есептеу керек. Бұл енді өзге тақырып!