- Негізгі бет
- Кеңестер
- Аузы берік адамдарға...
Аузы берік адамдарға маңызды кеңес
Аузы берік адамдарға бір-екі маңызды кеңес. Әрине, Оразаның бүкіл мән-мағынасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Десе де, оның денсаулығыңызға әкелер пайдасын барынша арттыру үшін келесідей кеңестерге көңіл бөлерсіз.
1. Оразаның ең негізгі мақсаттарының бірі — ағзаны тазарту. Олай болса, ет, қант, ұн өнімдері сияқты ағамызды ластайтын нәрселерді барынша қысқарту немесе, шама келсе, мүлдем алып тастаған дұрыс.
Осы бір ай бойы Оразаңыз вегетариан жолымен өтсе тіпті нұр үстіне нұр болар еді.
Қатты ет жегіңіз келсе, әрине, балық пен тауық әлдеқайда дұрысырақ. Қызыл еттің ең жеңілі — жылқы; қой мен сиырдың майлы еттері өте ауыр.
Ет дайындау тәсілінің ең дұрысы — фарш — котлет, люля-кебаб, адана-кебаб, т.с.с. — жедел қорытылып, ағзаны уламай, тез шығып кетеді.
Үйлесімдік жағынан, әрине, етті қамырмен я картоппен емес, көкөніспен, айран-шұбат-қымызбен жеген жақсы.
2. Жаттығу жасаңыздар! Ауызашардан кейін ең болмаса аптасына 2-3 рет фитнес-клубқа барып, қан жүгіртіп, бой ширатып, орташа қарқындылықпен 30-40 минут жеңіл темір-терсекпен бұлшық еттеріңізге жұмыс істетіңіздер — пайдасы зор болады! Бұның логикасы мынадай: ұзақ қимылдамаса, бұлшық еттеріміз түрлі қоқысқа — у, миллиондаған бактерияның уыты, т.б. — толып қалады. Ол ақырындап қанға, қан арқылы миымызға барып, өмірімізді улайды. Ал тұрақты қозғалыста болса, бұлшық ет өзі тазаланып отырады.
Оның үстіне, дұрыс ұсталған Оразадан кейін кез келген адам біраз арықтап қалады. Сол кезде бұлшық еттеріңіз салбырап кетпей, шып-шымыр боп жинақы тұру үшін де тұрақты жаттығу жасағаныңыз жөн...
Қасиетті Рамазан айы құтты болып, Оразаларыңыз пен дұға-ниеттеріңіз қабыл болғай, ардақты ағайын!
А. Оралқызы