Қала мен ауыл-аймақта Өңірлік кәсіпкерлер палаталарынан салық, заңдық салалары бойынша кеңес алуға болады.
Жеке кәсібін ашып, өз ісін дербес жүргіземін деген азаматтар қашан да қолдауға, көмекке мұқтаж келеді. Себебі заңнамалардағы өзгерістер, нормативтік құжаттардағы толықтырулар секілді үдерістерді әрдайым назарда ұстау қиынға соғатыны белгілі. Шағын және орта бизнес үшін де салықты қайда, қалай төлеймін, субсидия алу үшін қандай құжаттарды толтыру керек, жеңілдетілген несие қандай жағдайда беріледі деген секілді кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат алу қашан да маңызды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елімізде билік пен бизнестің арасын жалғастырушы дәнекер қызметін ғана емес, кәсіпкерлерге қолдау, кеңес беру ісіе де жүзеге асырып отыр. Республика бойынша «Атамекеннің» 16 өңірлік палатасы және 188 аудандық филиалы жұмыс істейді.
Өңірлік кәсіпкерлер палаталары
Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау өңірлік нарықтың ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі. 2013 жылы 8 қазанда еліміздің 14 облыс орталығында және Астана мен Алматы қалаларында Кәсіпкерлер палатасы құрылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғап, заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, аймақтағы бизнес өкілдерін бір ортаға шоғырланған кәсіпкерлік қауымдастық құруға жұмылдыру.
Өңірлік кәсіпкерлік палаталардың міндеті – еліміздің барлық аймағында кәсіпкерлік секторын дамыту, кәсіпкерлік саласына қатысты мемлекеттік саясатты құруда және жүзеге асыруда бизнес өкілдерінің мүдделерін ескеру үшін институционалдық мүмкіндіктер жасау. Аймақтық бизнес өкілдері мен жергілікті әкімшіліктер арасындағы өзара тиімді байланыс тетіктерін жетілдіру.
Кәсіпкерге қызмет көрсету орталықтары мен қаржылық емес қолдау
Сервистік қолдау кәсіпорынның тиімділігін көтеру мақсатында оны басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған және мамандандырылған қызметтердің шағын және орта кәсіпкерлігі субъектілеріне ұсынудан тұрады:
Бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, мәселелер бойынша консультациялардан тұратын статистикалық есептілік жасау; кеден процедуралары бойынша қызметтер; менеджмент жүйелерін енгізу бойынша консультация беру және күллі процесті толығымен сүйемелдеу; заңгерлік қызмет көрсету; маркетинг мәселелері бойынша қызметтер; ақпараттық технологияларға қызмет көрсету саласындағы консультациялар; мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар және жер қойнауларын пайдаланушылар сатып алуларымен байланысты қызметтер; менеджмент мәселелері бойынша қызметтер.
Облыс орталықтарындағы, республикалық маңызы бар қалалар мен елордадағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы, шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары арқылы сервистік қолдау көрсету қызметі тұрақты түрде атқарылып келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында сервистік қолдау шағын және орта кәсіпкерлікке мамандандырылған қызметтер ұсынады. Айта кетелік, 2017 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 16 065 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 19 674 сервистік қызмет көрсетілді.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өңірлік кеңесі
Отандық бизнес пен экономика саласындағы түйіткілді мәселелер мен күн тәртібіндегі мәселелер Кәсіпкерлерді қолдау кеңесінде талқыланады. Кеңес құрамында әдетте заң мен салық саласы мамандары, Парламент депутаттары мен жергілікті нарық ерекшеліктерін жақсы білетін кәсіпкерлер болады. Осылайша кеңесте талқыланатын мәселелер жан-жақты қаралып, бизнес пен экономикадағы түйіткілді мәселелерді шешуде нақты ұсыныстар жасалады.
Іскер әйелдер кеңесі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылды. Өңірлік кәсіпкерлер палаталары алаңдарында Өңірлік іскер әйелдер кеңестері, аудандық деңгейде дәл осындай кеңестер жұмыс істейді. Кеңесті құрудың басты идеясы – өңір әйелдерінің іскерлік ортадағы белсенділігін күшейту.
Әйел-кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін ынталандыру, әйелдердің жеке кәсіпкерлікке араласуын, олардың экономикалық бастамаларын қолдау және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту кеңестің басты міндеті.
Сөз соңында
Өңірлердегі бизнеске деген қызығушылықты саралай келе 2017 жылғы 1 тоқсанның нәтижесі бойынша мына облыстарда қызмет көп көрсетілді: Алматы қаласы бойынша – 2 328 немесе 11,83%, Алматы облысы – 2 133 немесе 10,84%, Оңтүстік Қазақстан облысы – 2 324 немесе 11,81% және Батыс-Қазақстан облыстарында – 2 307 немесе 11,73%. Жылдан жылға Палата көмегіне жүгінген кәсіпкерлер саны артып келеді. «Атамекен» және Мемлекет арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша ірі жоба іске асуда. Үздік бизнес-жобалары бойынша микронесиелеу бағдарламалры қолға алынған. Осыған дейін «Атамекенге» 18 623 өтінім түскен, оның ішінде 1387 өтінім 2017 жылдың бірінші тоқсанында тіркелген. Барлығы 81,6 млрд теңге көлемінде кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалған.
Әлия Кемелбекова
Қарлыға Мырзалимова