Алматы - урбандалу үдерісі жылдам жүріп жатқан Қазақстандағы алғашқы мегаполис. Оңтүстік Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен жұмыс не оқу бабымен келіп, көптеген азамат тұрақтайды. Сондықтан Алматыдағы қылмыстық әрекеттердің саны қаланың қай аймағында көп екендігін білу өзіміз бен жанұямыз үшін маңызды. Мұндай мәліметті алу оп-оңай.
Әдетте, Алматыдан пәтер жалдау немесе сатып алуға krisha.kz сайтына кіреміз. Енді аталған сайттан пәтердің орналасқан мекеніне қарап, сол аймақтағы қылмыстың болу жиілігін көре аласыз. Мысалы, соңғы 30 күнге қатысты статистикаға үңілсек, Алматының Әуезов, Жетісу жіне Алмалы аудандарында қылмыстың жиі орын алатынын көреміз. Ал Бостандық пен Медеу ауданының солтүстік аймағында қылмыстық әрекеттер өте сирек болған. Статистикалық мәліметті 6 ай және 1 жылдық кезеңмен көру мүмкіндігі қарастырылған.
Жылжымайтын мүлік саудасы туралы ақпаратты бір ортаға ұйымдастырған компания аймақтық қылмыс туралы статистиканы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтың статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен алып отырады.
Комитет басшысы Бағдат Мусиннің айтуынша, қылмыстық істердің санын анықтауға әрбір азамат ат салыса алады. "Егер үйіңіз тоналса немесе қандай да бір қылмыстың істің куәсы болсаңыз, полиция мекемесіне келіп, арыз жазған кезде, талон сұрауды ұмытпаңыз. Талон берілмесе, арызыңыз полиция қызметкерлерінің ортақ базасына енбеді деген сөз. Ал ол қылмыс qamqor.gov.kz мен krisha.kz сайттарынан көрінбейді. Сондықтан талонды талап етіңіз", - дейді Мусин мырза.
qamqor.gov.kz порталы арқылы аймақтық қылмыстың статистикадан заң бұзушылықтық қай деңгейде екендігін де анықтай аласыз. Скриншот: qamqor.gov.kz
Сондай-ақ, сіз пәтер қарап отырып, аймақтың инфрақұрылымын да анықтай аласыз. Ол үшін хабарландыруларды картада ашып, оның сол жақ төменгі бөлігіндегі "инфрақұрылым" батырмасын басыңыз. Осылай өзіңіз тұратын аймақта дәріхана, емхана, мектеп, университет, балалар бақшасы, ресторан, дүкен, кинотеатр сынды мекемелердің бар не жоғын және олардың орналасу қолайлылығын анықтайсыз.
Бұл тәжірибе дамыған елдерде бірнеше көптеген жылдардан бері жүзеге асырылып келеді. Мысалы, АҚШ-тың кез келген қаласындағы қылмыс статистикасы, инфрақұрылым, көлік кептелістері, пәтердің бұрынғы тұрғындарының бағалау нәтижесі мен халық демографиясы туралы статистикалық ақпаратты бір ғана trulia.com сайтынан көре аласыз.
Аталған сайт арқылы тіпті өзіңіз тұрғыңыз келген аймақта болған торнадо, жер сілкінісі, құйын, өрт немесе су тасқыны сынды табиғи апаттар туралы да білу мүмкіндігі қарастырылған.
Ақпаратты дәйектеу үшін trulia.com сайты арқылы Нью-Йорк қаласының картасын ашып көрелік. Жоғары жақтағы айдарларды таңдасаңыз, картадағы түспен берілген статистикалық мәліметтің өзгеріп отырған көресіз. Мысалы, Нью-Йорктың демографиялық геоақпаратынан қай аймақта қай жастағы азаматтар тұратынын да біле аласыз. Тіпті пәтер жалдаушылар мен пәтер иелері көбірек тұратын аймақтарды да анықтау мүмкіндігі бар.
Картадағы қою түстер үйленбеген ер мен әйелдердің статистикасын көрсетеді. Егер басыңыз бос болса, қай аймақта бойдақ ер азаматтың немесе әйелдің пайыздық көрсеткіші көбірек екенін анықтап, сол мекенге көшу арқылы болашақтағы жұбыңызбен танысуға мүмкіндік аласыз. Скриншот: trulia.com
Trulia.com басшылары мұндай ақпаратты қарапайым халыққа жеткізу үшін қаладағы округтерді кварталдарға бөліп қарастырған. Әр кварталдағы сіз таңдаған категория белгілі бір пайыздық мөлшерлемемен көрсетіледі. Мысалы, Манхэттен округінің Chelsea, East village, Upper West Side пен Upper East Side аймақтарында тұратын азаматтардың басым бөлігі үйленбеген немесе тұрмыс құрмаған. Басы бос әйелдер ме ерлердің пайыздық көрсеткішін округтар бойынша қарауға болады.
Бір сөзбен айтқанда, адамдардың сұранысына орай, барлық статистикалық ақпарат онлайн тәртіпте жылдам беріледі. Сонымен қатар, жарияланатын ақпараттардың шынайылығы да мұқият қадағаланады.