- Негізгі бет
- Кеңестер
- "Startup": теория және...
"Startup": теория және тәжірибе
Бүгінде бизнес бастауда, әсіресе жастардың кәсіпкерлікке қадам басуында "Startup" сөзі жиі айтылады. "Startup" терминімен байланысты түсініктер, оның туындаған кезеңі, дамуы мен қаржыландыруы жайлы мәлімет бизнеспен айналысуға септігін тигізері анық.
"Startup" туралы қарапайым түсінік
1939 жылы Америка Құрама Шататтарындағы Стэнфорд университетінің түлектері Дэвид Паккард пен Ульям Хьюлетт идея ойластырып, оны тәжірибеде сынап көрген. Жобаларына "Startup", яғни бастау, іске қосу деген мағынадағы атау берген. Ал 90-жылдары қаржы мамандары мен кәсіпкерлер "Startup" терминіне қатысты түрлі пікір айта бастады. Бірі компанияның аз уақыттағы қызметі, енді бірі тез даму, тағы бірі тәуекелге бел буа отырып өнім шығару, қызмет көрсету дегенді білдіретіндігін айта бастады.
"Startup" – ауқымды бизнес-идеяны іздеуге және жүзеге асыруға бағытталған уақытша құрылым. Тез дамып, көп пайда табуды мақсат тұтқан жаңа қаржылық жоба» деген анықтама берілген. Бұл пікірге сүйенсе, кез келген істі Startup деп атауға тура келеді. Дегенмен "Startup" – алғаш қолға алынған жаңа бастама. Бұл бәсекелік қабілет пен табысты арттырады.
Мысалы, қарапайым кафе ашу стартапқа жатпайды, ал оның қызметінде бұрын-соңды қолданылмаған қандайда бір жаңа технологияны пайдалану оның тың бастама екенін көрсетеді.
"Startup": бастама және кедергілер
Енді ғана құрылған жас фирма ұсынатын өнім, қызмет, идеяны ойластыру және дамытумен мүдделес адамдардың тобы айналысады. Онда әркімнің өз міндеті болады, дегенмен оларды ортақ мақсатқа деген ұмтылыс байланыстырады. Қандайда бір жаһандық идеямен бастаған Startup ұзақ уақытқа созылған табысты бизнеске айналатындығы тәжірибе жүзінде дәлелденген.
"Startup" кез келген бастама сияқты бастапқы қаражатты талап етеді. Негізінен стартаппен жастар, студенттер, тіпті оқушылар айналысады. Олардың идеясы мықты болғанымен, көп жағдайда жүзеге асыратын қаражат тапшы екені белгілі. Сондықтан қаржыландыру көзін іздейді.
Сарапшылардың айтуынша, стартаперлердің алдында басты үш мәселе туындайды:
1. Қаржылай қолдау. Табысты кәсіппен айналысатын бизнесмендердің өздерін идеяны ұтымды жобаға айналдыруға болатынына сендіру қиын. Ал банк несиесінің пайыздық мөлшерлемесі жоғары әрі оны ай сайын қайтару да қиын. Тіпті банктен несие алудың өзі тым күрделі процесс. Краудфандинг тәсілі, яғни жаңа жобаға көпшілік болып қаржылай көмектесу қоғамда толық дамымаған. Венчурлық қор жастар тобын қаржылай қолдағанға дейін көптеген талаптар қояды. Сондықтан стартаперлер көп жағдайда отбасы мен жақындарының қолдауына сүйенеді. Тіпті болмаса, бизнес-періштені – жобаны қолдап, кәміл сенім білдіретін қайрымды жанды іздеуге тура келеді.
2. Стартаптың даму уақыты. Стартап жай ғана даму емес, қарқынды дамумен сипатталады. Негізінен жоба 6-8 айда табыс әкелмейтін болса, ол жабылады. Бірақ кәсіп бастағандардың көбі жобаны ұзаққа созып, табыстың орнына шығынды көбейтіп алады.
3. Жобаны жүзеге асыру. Ірі өндірістік компанияларды қандайда бір инновациялық зерттеу немесе жаңа бастамамен қызықтыру қиынға соғады. Өндіріс циклын жаңа арнаға бұру – жобаның расымен де табысты, кәделі екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жасалады. Тұтастай өндірісті жаңа бағытта дамытудың қаупі жоғары болғандықтан, стартап-индустрияның деңгейі көтерілмейтіні анық.
Республиканың әр аймағында, Астана және Алматы қалаларында "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімдері жұмыс істейді. Әрбір өңірде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы бизнеспен айналысушылар мен кәсіпкерлікке талпынушыларға сервистік қолдау көрсетіледі. Алматы қаласы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңес беруші менеджері Медет Аманбаевтың айтуынша стартаперлер орталыққа жиі келеді, оларды мемлекеттік қолдау шаралары қызықтырады.
«Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына бизнес бастауға ниетті азаматтар жиі жүгінеді. Олар ең алдымен «Бизнес-Кеңесші» оқу курсына жіберіледі. Екі күндік кәсіпкерлік негіздері курсын оқып, сертификат алғаннан кейін, мемлекеттік қолдау бағдарламалары түсіндіріледі, сондай-ақ бизнес-жоба дайындалып, қажетті құжаттар жинауға көмек көрсетіледі. Егер жоба ауылдық жерге бағытталса, онда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры секілді қаржыландыру институттарына жолдаймыз. Қалалық жерге арналған жобалар екінші деңгейлі банктерге жіберіледі», – дейді Медет Аманбаев.
Менеджердің айтуынша, стартаперлердің банктен несие алуы күрделі. Себебі, банк тарапын жобаның сәттілігіне, табыстылығына сендіру қиын. Дегенмен Алматы қаласында «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы арқылы мемлекеттік грант ұтып алған жобалар жоқ емес. Олардың көбі ақпараттық технологиялар саласына арналған жаңашыл жобалар болды.
"Startup": негізгі даму кезеңі
Стартаптың дамуы мақсаты, жобаның бағыты мен қызмет саласына байланысты. Оның жедел дамуына инвестиция көлемі мен жұмыс нәтижесі әсер етеді. Startup идеяның ойластырылуы, жоба ретінде болжануы ең бастапқы кезең болса, одан кейін бизнес-жоспар құрылып, жобаның нарықтағы сұранысы, қолданылу деңгейі сарапталынады. Бұл кезеңде қаржыландыру көзін іздестіруді қолға алу керек. Инвестор табу, жобаның жаңашылдығы мен тиімділігіне толықтай иландыруға көп күш жұмсалады.
Нарыққа тауар немесе қызметтің сәтті ұсынылуы бастапқы табыс кезеңіне жол ашады. Бұл шығынды толықтай жабады деп қорытындылауға әлі ерте. Компанияны дамытуға жұмсалатын қаражат, айналымдағы ақша шығынды арттыра бермек. Нарықты зерттеп, сұраныс деңгейін анықтау жобаның жүзеге асырулы ұзақтығын болжайды. Егер белгілі бір кезеңде тұрақты дамуға көшсе, жобаның тиімділігене көз жеткізген инвесторлардың өздері қызығушылық танытып, қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл жайтты стартаптың жетістікті кезеңі деп атауға болады.
"Startup": аз қаражат салынатын тың идея – өміршең
Жастар өздігінен табыс табуға ынталанғанда аз қаражат салынатын, бірақ қоғамның қызығушылығын оятатын бағыттарға көп көңіл бөлуі керек. Фантазиясы мықты, идеясы соны жастар Youtube арнасын ашып, қызықты видеоконтент жасау арқылы табыс таба алады. Семинарлар, шеберлік-сыныптары, тренингтер, видео-сабақтар ұсына отырып, тартымды контент дайындауға болады. Сонымен қатар интернет-дүкен ашу қазірде жаңалық емес. Әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланған жастар, сату, жеткізу жұмыстары арқылы бизнеспен айналысып отыр. Мобильді қосымша ойлап табу, онлайн режимде заңгерлік көмек беру, сайт жасау, мәтіндерді онлайн аудару секілді көптеген жұмыстарға бастапқы қаражат аса қажет емес.
"Startup": отандық стартаперлер жасағы
Жастар тарапынан стараптар көптеп қолға алынуын қамтамасыз ету үшін "Атамекен" ҰКП ІТ-саласын таңдап отыр. Өйткені, ІТ-саласында көптеген бастамаларды қолға алуға болады. Бұл әлемдік мәнге әрі сұранысқа ие мамандық.
"Мемлекеттің цифрландыру үдерісі – бұл компанияларға жағдай жасап, технологиялық кәсіпкерлікке арналған тиімді экожүйе құру ғана емес, сонымен қатар адамдарға жаңа машықтарды, оның ішінде ІТ-мүмкіндіктерді үйрету болып табылады", – деді Эльдар Жұмағазиев.
"Атамекен" өкілдері сыртқы нарыққа бағдарлану – жұмыс күші мол аймақтардың өзінде тұратын халықты нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп санайды. 100 мың азамат оқытылса, фриланс режимінде 20 мың адам жұмыс істеп, Қазақстанда шамамен 10 мың адам жұмысқа орналасады.
Сөз соңында
Тәжірибелі стартаперлердің бизнес-идеяны жүзеге асыру, қаржы көзін қарастыруға қатысты берер кеңесі бар. Жаңашылдық идеясы жобаның басынан-ақ көрінуі керек. Оның бұрын-соңды қолданылмаған тың дүние екені бірден қызықтыру керек. Сонымен қатар жаңаша ойлаудан да қорықпауға шақырады. Кез келген идеяға кәсіпкерлік көзбен қарап үйреніп, оның табыстылығын болжау керек. Жобаның бірегейлігіне деген сенім оның табыстылығына кепіл. Идея болса, оның жүзеге асырудың жолдары да табылады.
Қарлыға Телман
О. Сансызбай