Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық кәсіпкерден аяқ киім сатып алды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Twitter желісіндегі парақшасында хабарлады.
"Aiqyn қарапайым еңбек адамдарын үнемі насихаттайды. Жақында етік тігетін жас кәсіпкер туралы жақсы сұхбат жарияланды. Отандық өнімді қолдау мақсатында мен де бір аяқ киімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақты кәсіппен айналысуға деген көзқарас орнығуы тиіс", - деп жазды Тоқаев.
"Айқын" газетінде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Мемлекет басшысына аяқ қиімін сатқан кәсіпкердің есімі – Дәурен Рахманқұл. Отандық аяқ киім брендін қалыптастыруды мақсат етіп, жас кәсіпкер өз бизнесін 2016 жылы ашқан. Компанияның аяқ киім тігетін фабрикасы Алматы қаласында орналасқан.
Президентке өз өнімін сатқан жас кәсіпкер оқиғаның қалай болғанын Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді.
"Aiqyn газетінде біздің аяқ киім туралы мақала шықты. Президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли мырза Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мақаланы оқып, жас кәсіпкерлердің осындай ауыр өндіріспен айналысқанына қуанып, аяқ киім сатып алғысы келетінін айтты. Оған газеттегі сурет ұнаған. Кейінірек WhatsApp мессенджерімен баспасөз қызметінің жетекшісіне аяқ киімдердің модельдерін жібердік. Президент қоңыр түсін таңдады. Туфлиді Қазпоштамен жібердік және ол төлеп алды. Бағасы 21 мың теңге, ал аяқ киім өлшемі - 43. Ол қоңыр түсті лоферді сатып алды. Біздің аяқ киімдер таза былғарыдан", - деді Дәурен Рахманқұл.
Президент аппараты төрт жұп аяқ киімге тапсырыс берген: бір жұбы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, екіншісі Берік Уәлиге және тағы екеуі екі қызметкерге. Сонымен қатар, Әкімшілікте істейтін әйелдер аяқ киімдерге қызығып, өздеріне тапсырыс бермекші болған, алайда фабрика әйелдер аяқ киімін тікпейді екен.
Президент әкімшілігінің қызметкерлері тапсырыс берген туфли модельдері төменде.