Темірлан Тілес есімді жігіт кішкентай әшекей заттардан үлкен композиция жасауды кәсіп еткен. Ол мүсіндерге тиранозаврдың сүйегі мен темір метеорит секілді сирек заттарды қолданады. Сондай-ақ, әрбір туындыға қажетті материалдарды әлемнің түрлі елдерінен арнайы алып келеді. Бұл туралы Қазақпарат жазды.
Мәселен, мүсінші «Өмір» атты жұмысында асыл тастарды Индия, Венгрия, Италия сынды елдерден іздеп тапқан. Ал, оның сыртын қаптау үшін Тайландтан жеткізілген қолтырауынның А сұрыпты терісін қолданыпты. Артқы фон ретінде Меккедегі қағбаның 1997 жылы жабуы болған қара матасы пайдаланылған. Бүгінде құнды дүниелерге қызғушылар көп.
Алғашқы жылдары мүсіншінің сый ретінде жасаған дүниесіне қызығушылар қатары көп болыпты. Содан, хоббиіне айналған сүйіктісі ісін кәсіпке айналдыруды жөн санаған.
«Өмір» деген композиция жасадым. Ондағы мраморды Ауғанстаннан алып келдім. Біздегі мрамордан айырмашылығы, ол жартылай құнды бағалы тасқа жатады. Көк түсті. Сондықтан мрамордың бұл түрі тек Ауғанстанда ғана бар. Ал, мүсіннің элементтері қолдан жасалды. Оның бір бөлігін Петербургте құйдық. Содан Лондонға алып барып боядық. Ағылшындар елінде бұрынғыша отпен бояйтын тәсіл әлі бар. Сапалы дүние шығару үшін соны пайдаландық» - дейді ол.
Паннода тамылжыған түндегі құс жолының кескіні айқын көрінеді. Шығыс жолы жұлдызы жарқырап жанып тұр. Көктегі 99 жұлдыздың асты алтынмен жасалып, үстіне бриллиант қойылған. Ортадағы Алтын адам бейнесіндегі мүсінде қамшы мен шексіздікті білдіретін элементтер бар. Одан бөлек, Мемлекеттік Ту мен елтаңбаның элеметтерін көруге болады. Қанатты пырақ пен бүркіт, күн мен ай және ою – өрнектер композицияға сән беріп тұр. Бір айта кетерлігі, баршасы дерлік бағалы металдардан жасалған. Мәселен, Индиядан құрастырылған күннің асты күміс, беті алтын. Ортасы 50 караттық цитрин деген жартылай асыл тас. Айға 21 караттық аквамарин кеткен. Мұның баршасында мүсінші әлемдік деңгейдегі ұсталармен бірлесе отырып қолдан жасап, қалыпқа келтірген.
«Әрбір элементтің өзі философиялық мәнге ие. Мәселен, Алтын адамдағы қамшы өмірдің қысқалығын білдірсе, екінші жағында ұзын лентаның кескіні осы өмірде адам баласына берілген шексіздікті суреттейді. Ал, жұлдыздардың 99 болуы, Алланың 99 есімімен тікелей байланысты. Табиғи тау хрусталінде бейнеленген шахмат фигуралары өмірдің ойын екенін көрсетеді. Жалпы осы композицияға 1 келіден астам алтын, күміс, платина кетті. Жалпы көлемі тырнақтай болатын мүсіндерді жасауға кейде 3 айдан астам уақыт жұмсалады» - дейді Темірлан. Композициядағы жер картасының да өзіндік мәні бар. Төменгі бөлігі күмістен жасалып, үстіне 65 млн жылдық тиранозаврдың иық сүйегі мен 4 млрд жылдық металлды метеорит қапталған. Ал, ортасында Қазақстанның картасы орналастырылыпты. Онда да өзіндік ерекшелікті көруге болады. Бір қырынан қарасаңыз карта қарауытып тұрады. Ал, төбесінен көз салсаңыз жарқырап жанады. «Бұл еліміздің ішкі потенциалын көрсетеді» дейді мүсінші.
«Бұл тас лабрадориттің басқа түрі. 5 мемлекетті іздеп жүріп әрең таптым. Будапештке барған сапарымда кішкентай ғана киоскте шаң басып жатыр екен. Төбесінен қарасам жарқ ете қалады, жанынан қарасам жоқ болып кетеді. Александр Македонскийдің заманынан келе жатқан тылсым тас екен. Ал, тиранозаврдың сүйегін Алжирмен Марокконың шекарасынан алып келдім»-дейді мүсінші.
Темірлан бала күнінен-ақ атақты мүсінші Мартин Антонияннан дәріс алып, кейін Қытайда, Малайзияда оқыды. 4 тілде еркін сөйлейтін ол Малайзиядағы «Аrch model» компаниясында қызмет еткен жалғыз қазақ. Тіпті, жалғыз шетелдік деп айтуға болады.
«Аrch model» компаниясы Малайзиядағы ең үздік макет құрастырушы компания. Сәулетті ғимараттардың үлкен макеттерін жасадық. Компанияға жұмысқа орналасудың өзі үлкен қиындық тудырды. Дегенмен, талаптандым. Өз өзімді дәлелдедім. Нәтижесінде 30 жылдық компания тарихында жұмыс істеген жалғыз шетелдік болдым. Мен сонда 3,5 жыл еңбек етіп, тәжірибемді шыңдадым. Бұл үлкен мүмкіндік болды. Әлі күнге дейін ондағы мамандармен байланысып, хабарласып тұрамын» - дейді Темірлан.
Бүгінде мүсінші жаңа жоба бойынша жұмысты қолға алған. «Сағаттың төрттен бірі» деп аталатын композиция қазақтың көкпар ойынымен бейнеленеді. Қазір мүсінші аталған жоба бойынша Петербургте аттың мүсіндерін құйдырып жатыр. Панно стилінде жасалып жатқан жұмыста 12 жылқының бейнесін қоладан құйылады. 1200 күмістен жасалған тұяқтың іздері де қол еңбегімен жасалмақ. Ал, ортадағы текенің бейнесі таза алтын болады.
«Оны көзбен көргенмен, қолмен ұстауға мүмкіндік болмайды» - дейді мүсінші.
«Мұндағы ой - көкпарды «өмір» деп алдық. Талас тартыс. Бұрын адамдар қағбаны айналса, қазір дүниені айналап кетті. 1200 тұяқтың іздері уақыттың белгісі. Яғни, айға шаққанда 100 жылды көрсетеді. Адамның өмірі. Ал, ортадағы көзге көрініп, қолға ұсталмайтын текенің бейнесі байлық пен мансап. Оны ешкім ұстай алмайды. Иллюзия. Жылқы адамның энергиясы, ал тұяқ іздері өмірде қалдырған ізің», - дейді ол.
Бұдан бөлек, Темірлан Самарқанд қаласы бойынша басталған ірі жобада жұмыс істеп жатыр. Онда Өзбекстан Республикасы Президентінің бастамасымен, әлемге әйгілі британдық мүсінші Юнус Сафардияр жасап жатқан жобаларда ассистент болып жүр. Диаметрі 6.5 метр, салмағы 14 тонна болатын кинетикалық күн жасауға көмектесуде. Жоба жүзеге асқанда қоладан құйылған айналмалы күн Самарқанд жерінде тұратын болады.