- Негізгі бет
- Қазақстанда жасалған
- Семейдің киізден жасалған...
Семейдің киізден жасалған өнімдері экспортқа шығарылатын болды
Семейдің киіз өнімдері Ресей нарығында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде тауарларымызды тиімді бағамен сатып, пайдаға кенелуге мүмкіндік туып отырғанын айтады. Жергілікті киіз басу комбинаты мемлекеттің қолдауымен қайта жаңғыртудан өткізілді. Жақында кәсіпорын озық құрал-жабдық сатып алып, өнімнің сапасын халықаралық деңгейге жеткізді.
Семейдің киіз басу комбинатының өнімдері еліміз ғана емес, шетелдерге де кеңінен танылған. 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Роза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пималары мен аяқ киімдеріне сұраныс бір бәсеңсіген емес.
Алена Чережединова, тігін цехының шебері:
- Біздің киізден жасалған аяқ киімдер тұтынушылардың көңілін баяғыда-ақ жаулап алған. Өйткені таза жүннен жасалады. Пималарымыз қыстың қақаған аязына төтеп берсе, етіктер мен тәпішкелеріміз де жоғары талғаммен жасалған, өте ыңғайлы.
Соңғы жылдары кәсіпорын мемлекеттің қолдауымен ауқымды жаңғыртудан өтті. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан алынған қаржыға заманауи қондырғылар сатып алыныпты. Қазір еңбек өнімділігі артып, өнім сапасы әлдеқайда жақсарды дейді мұндағылар.
Жақында семей киіз өнімдеріне Ресей астанасы Мәскеуден сұраныс түсіпті. Алғашқы келісімшарттар да жасалған. Комбинат көрші мемлекетке 100 тоннадан артық киіз жіберуге келісіпті.
Харис Сайфутдинов, комбинат жетекшісі:
- Олар біздің өнімдер туралы ғаламтордан білген екен. Біз жарты орам киіз жібергенімізде мәскеуліктер зертханалық тексерулер жасап көріп, сапаның өте жоғары екендігіне көз жеткізген. Ресейге киіз өнімдерін бізден алған тиімді, өйткені біздегі шикізат қоры өте мықты. Жергілікті тұрғындар да комбинат өнімдерін жоғары бағалайды. Пималар мен етіктер аяққа жұмсақ әрі жылы. Отандық тауарлар жақында «Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауында да биік тұғырдан көрінуі тегін емес.
Дереккөз: 24.kz