Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев facebook желісінде "Мен жауап беремін" жобасы аясында жобаның декларациясын жариялады. Біз сіздерге декларацияның толық нұсқасын ұсынып отырмыз.
Декларация
«Мен жауап беремін» - әркімді өз сөзі мен ісіне жауапты болуға үндейтін, еріктілерден құралған қоғамдық қозғалыс.
«Мен жауап беремін» қоғамдық қозғалысының мақсаты – қоғамның, әрбір адамның өмір сүру сапасын күнделікті нақты қадамдар арқылы жақсарту, қоғамдық моральды өзгерту, өзге адамдар туралы пікірімізді олардың сөзі мен әрекеттеріне қаншалықты жауап беретініне қарап өзгерту, сөйтіп, жалпы қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген сенімін арттыру.
Біз өз бетімен құрылған, ерікті, заңға бағынатын қоғамдық қозғалыспыз. Басқыншылық мінез-құлақтан аулақ, билік үшін күресті мақсат тұтпайтын, өз өкілдерін Парламентке, не өзге де мемлекеттік мекемелерге ұсынбайтын, мемлекеттің ресми саясатына қайшы келмейтін жолды таңдаған, мемлекет, не жеке тұлға тарапынан қаржыландырылмайтын қоғалыспыз.
Біздің мораль мынадай - «Жауап бер, пайдаңды тигіз, лайықты құрметке бөлен».
Ұранымыз – «Сөзден іске!».
«Мен жауап беремін» қоғамдық қозғалысы төмендегідей жұмыс тәсілдерін мойындайды және қолдайды.
Өз көзқарасыңды өзгерту:
- Біз адамды қалтасының қалыңдығы мен маңсабына қарай емес, өз сөзі мен ісіне беріктігіне қарап құрметтейміз;
- Біз өз сөзі мен ісіне жауап беретін жандарға сенеміз;
- Біз енжар бақылаушы болуды қоямыз;
- Біз өз өмірімізді күнделікті нақты іс-әрекеттерімізбен өзгертеміз;
- Біз бөтен біреуге арқа сүйеу, өзгеге тәуелді болу психологиясынан арылып, өз тағдырының қожайынына айналамыз;
- Біз өзімізден бастаймыз. Ешкімге ақыл айтпаймыз, ешкімді сынамаймыз, кінәламаймыз;
Үндеулер және үгіт-насихат жүргізу тұрғысында:
- Қоғам енжер емес, ойлайтын, белсенді болуға тиіс. Әрбір адам өз сөзі мен ісіне берік болуға тиіс;
- Мемлекеттік қызметкерлер өз сөздері мен шешімдеріне жауапты болуға тиіс;
- Бизнесмендер өз кәсібін адал жүргізіп, өз өнімінің сапасына жауап беруге тиіс;
- Тұтынушылар өз құқықтарының бұзылуына немқұрайлы қарамауға тиіс;
- Журналистер дұрыс сұрақтар қойып, оқиғаларды дұрыс қырынан көрсете білуге, өзгелерге үлгі боларлық кейіпкерлерді насихаттауға тиіс;
- Жауапсыздық фактісіне қоғам назарын аудару арқылы;
- Өз сөзі мен ісіне берік жандардың іс-әрекеттерін дәріптеп, көпшілікке тарату арқылы;
- Мейлінше ашықтықты көздейтін «Жарықты қосыңыз» қағидатын қолдану арқылы;
Оқыту мен тәлімгерлік:
- Өзгелерге үлгі боларлық кейстер мен оқиғаларды насихаттау;
- Жастарды нақты мысалдар арқылы үйрету;
- Тәжірибе алмасу ісін ұйымдастыру;
- Ерікті түрде оқыту лекцияларын, семинарлар, мультфильмдер ұйымдастыру;
Өзіміз бен қоғамды өзгертудің қағидаттары мен техникасы:
1. Мың шақырымдық сапар алғашқы қадамнан басталады
2. Үлкен пілді аз-аздан, бірақ күнде жеп тауысуға болады
3. Өзгерісті қалайтын адам мүмкіндіктерді, ал қаламайтын адам себептерін іздейді
4. Өз болашағымызды өзіміз құрмасақ, оған төзуімізге тура келеді
5. Өміріңнің өзгергенін қаласаң, сол өзгеріске өзің себепші бол
6. Суға кету қаупі төнген жағдайда адамның басты құтқарушысы өзі
7. Ешкім-ешкімге ешнәрсе қарыз емес
8. Сабыр түбі сары алтын
9. Алдымен өз үйіңде, одан кейін өз аулаңда, одан қалса өз көшеңде, сосын барып өз қалаңда тәртіп орнат. Сонда еліңде де тәртіп орнайды.
10. Өкінбе, іске кіріс.
Біз «жұмсақ күш» техникасын қолданамыз. Оның негізгі қағидасы мынаған сайып келеді: «Бұл әлемде судан нәзік, судан әлсіз дүние жоқ. Алайда, су ең берік затты да қирата алады».
1. Бөтен біреу көрсеткен жолмен жүрмеуге қақымыз бар
2. Бөтен біреудің айтқанымен жүріп-тұрудан бас тарта аламыз
3. Өзімізге ұнамайтын дүниелерден бас тарта аламыз
4. Сатып алмауға, орындамауға, қажет кезінде сын айтуға қақымыз бар
5. Біз бағынбаудың сылбыр, агрессивті емес өзге де тәсілдерін қолдана аламыз
Біздің күшіміз неде және неге бізге ешкімнің тісі батпайды?
1. Біз көппіз
2. Ортақ идеямыз бар
3. Заң бұзбаймыз
4. Биресми қозғалыс болғандықтан бізге тіркелу, рұқсат құжаттары қажет емес
5. Ешкімді қаржыландырмаймыз, бізді де ешкім қаржыландырмайды. Сондықтан бізге есепшот қажет емес.
6. Біз билік үшін күреспейміз. Сондықтан бізге партия қажет емес.
7. Репост жасап, пікір жазып отырсақ, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін атқарғандай боламыз. Сондықтан бізге БАҚ қажет емес.
8. Бізге бір көшбасшы қажет емес. Себебі, идеяны алға тартатын адам емес, идеяның өзі маңызды.
Біз 21-ғасырдың қағидаттары мен технологиялары негізінде құрылған қозғалыспыз. Біз флэш-мобпыз, қоғамның антивирусымыз.
Таяу уақыттары нақты нәтижелерге қол жеткізу және нақты қадамдарды жүзеге асыру мақсатында «Мен жауап беремін» қоғамдық қозғалысы кәсіпкерлік саласында «Сапа мен тиімділік» атты нақты бастама ұсынады.
«Сапа мен тиімділік» дегеніміз:
1. Сапалы өнім өндіретін тиімді өндірушілерді анықтау
2. Мемлекеттің қолдау көрсету жөніндегі саясатын өзгерту және қаржыны сапалы өнім өндіретін тиімді өндірушілерді қолдауға бағыттау
3. Сауда-тарату жүйесінің маржасын төмендету және сапалы қазақстандық өнімді тұтынушыға жеткізуді жеңілдету.
Жоғарыда айтылған мәселелермен келісетін болсаңыз, қоғамдық қозғалысқа қолдау көрсеткіңіз келсе, «Мен жауап беремін» қоғамдық қозғалысының идеяларын өзге де әлеуметтік желілерде репост жасау арқылы насихаттауларыңызды, қозғалыстың логотипін өз аватарларыңызға енгізуді сұраймын.