- Негізгі бет
- Қазақстанда жасалған
- Қостанайдағы алкогольсіз сусын...
Қостанайдағы алкогольсіз сусын өндіретін цех шетел нарығына шығуды көздейді
Қостанайда алкогольсіз сусын шығаратын жаңа цех ашылғалы жатыр. Оның өнімдері елімізден бөлек жақын шетелдерде де саудаланбақ, – деп хабарлайды 24.kz сайты.
Кәсіпорын тәуекелге бас тігіп, алғашында өнімді өз бағасымен сатуды көздеп отыр. Мұндағы мақсат – нарыққа ену. Игорь Генниг өндіріс алаңында бірінші күннен бері жүр. Бұл желідегі қондырғылар сусындарды араластырып, бабына келтіретін болады.Өндіріс басқарушысы Игорь Генниг "Желі түгелдей автоматтандырылған. Бір ауысымда алты адам жұмыс істейді. Оның үшеуі құю цехының операторы, бірі араластыратын бөлімде, екеуі жүк тиеуші", – дейді.
Кәсіпорында барлығы 35 адам жұмыспен қамтылған. Өндіріс қуаты артып, жылына 60 млн бөтелке сусын шығара бастағанда, тағы осынша еңбек күші қосылады. Славамир Сташак – Польшадан келген маман. Оның міндеті – бөтелке үрлейтін желінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Ол "Мына «преформа» 120 градусқа дейін қыздырылып, қалыпқа кигізіледі. Ыстық ауа үрлеген кезде, дайын бөтелке пайда болады. Машинаның қуаты сағатына 12 мың ыдыс шығаруға жетеді", – дейді.
Зауыт облыс халқын үш күн ішінде-ақ сусынмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Қазір бәсеке көп. Кәсіпорын басшылығы нарыққа енудің жолдарын қарастыруда. Зауыт шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында бой көтерді. Бүгінде жеңілдетілген мемлекеттік несие өңірдегі өңдеу өнеркәсібін өрге жүргізген. Қостанай облысы бойынша алғашқы алты айда бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында 66 келісімшартқа қол қойылды. Оған демеуқаржы ретінде 2 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, 201 млн теңгеге 25 жоба кепілдендірілген.
Е. Жұмабайұлы