Көркем өнерге баулитын мұражай бой көтерсін десеңіз

Естеріңізде болса, Алматының трамвай желісі істен шығуына байланысты депо орнын қайта жаңғырту мақсатында бизнес жоспарлар сайысы ұйымдастырылды. Бұл жобаға қатысып, өз ұсыныстары қаншалықты ұтымды екенін сынап көргендер қатарында қазақстандықтармен қоса, шетел азаматтары да болды. Осындай кең көлемде ұйымдастырылып отырған бизнес жоспарлар сайысында көптеген тың ойлар ұсынылып, депоны Алматы шаһары өміріне қайта оралту мәселесі қолға алынды.

Сондай ерекше жобарлардың бірі – Политехникалық мұражай. Көпшілік ойын-сауық орнын салуды ұсынғанымен, ел болашағы үшін тарихпен үнемі байланыс орнататын танымдық мұражайдың бой көтергені игі іс болары анық. Алматыдай алпауыт қалада көңіл көтеретін, демалатын орындар жеткілікті. Ал, тәуелсіз еліміздің тарихын қарапайым жұртшылыққа насихаттап, келешек ұрпақ бойына патриоттық сезім кірпішін нық қалауға мүмкіндік туғызатын танымдық әрі ерекше жер осы мұражай болмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл нысан классикалық нұсқадан өзгеше жұмыс істейді. Мысалы, мұражайдағы жәдігерлер интерактивті болуына байланысты, оларды сырттай қызықтаудан бөлек, сол ортада жүргендей шынайы әсер алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар ғимаратта бүлдіршіндерді түрлі өнерге баулитын ұстаxана, шеберxаналар орналасады. Ал, мұражай паркі қала тұрғындарының қалауы мен ұсыныстарын ескере отырып, арнайы жасалмақ. Егер оқырмандарымыз ойын-сауық орындарынан гөрі Политехникалық мұражай қажеттірек деп шешсе, көрсетілген сілтеме бойынша осы бизнес жобаға дауыс беруге құқылы.