Қазақстан Doing Business рейтингінде 41-орынға көтерілді

Қазақстан Doing Business рейтингінде 41-орынға көтерілді
Фото: wnp.in.ua

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы биылғы жылдың қорытындысы бойынша әзірлеген «Doing Business 2016» рейтингісінде Қазақстан 41-орынға көтерілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева мәлім етті.

«Дүниежүзілік банк жыл сайын бизнесті қолдау шараларын жүргізіп келеді. Банктің есебіне сәйкес Қазақстан 2015 жылы «Doing Business 2016» рейтингінде 189 ел арасынан 41-орынды алып отыр. Бұл — еліміздің тарихында ең елеулі оқиға, ең жоғары көрсеткіш. Былтыр 77 орында болсақ, биыл сол көрсеткіштен 36 сатыға көтерілдік. Еліміздегі көптеген реформа, жұмысқа байланысты біз осы нәтижеге жеттік. Бұл ретте Үкімет қолданыстағы заңнамаға реформалау, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнесті құру рәсімдерін жеңілдету, мемлекеттік бақылау, қадағалау қызметін оңтайландыру, еліміздегі бизнестің ахуалын жақсарту мақсатында заңға өзгертулер енгізуіне байланысты осындай көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Дүниежүзлік рейтингке сәйкес, біз 50 дамыған елдің қатарына қосылдық деп есептеуге болады», − деді Ғалия Жолдыбаева. 

Оның айтуынша, Венгрия – 42, Чили- 48, Түркия -55, Люксембург- 61-орында тұр. Ал Кеден одағындағы елдерге келсек, Беларусь – 44, Ресей -51, Қырғызстан – 67-орында.

Дереккөз: BNews

 

С. Ерсін