Қарағанды облысының әкімі президенттікі секілді костюм сатып алды.
"Өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Қазақстан Президентінің ізімен жүріп, My President жаңа топтамасынан костюм сатып алды. Өңір басшысының аяқ киімдері де отандық өндірістікі — қарағандылық фабриканың өнімі", — деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметіндегілер.
Костюм шымкенттік "Алтын Адам" фабрикасында тігілген.
"Классикалық үлгі, сапалы мата, бәсең реңк, әсіресе, көк және сұр түстер — мұның барлығы жалпы алғанда, іскер әрі салмақты адамды бейнелейді. Өніміміздің Әбдібеков мырзаға ұнағаны үшін қуаныштымыз, алдын ала өлшемей-ақ тамаша жарасты", — деді фабриканың астаналық филиалының директоры, дизайнер Айжани Нұрланова.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай костюмнің бағасы 25-50 мың теңге аралығында. Дизайнердің сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаевқа арналып тігілетін костюмдердің маталары мен технологиясы қалған өнімдерге дәл солай қолданылады.
Дереккөз: tengrinews