Өнер саулаған он саусағың – үзілмейтін ырысың. Бүгінде ақыл-ой мен ұшқыр қиял иелері замана көшін бастаса, бармағынан бал тамған ісмерлер ешкімге жалтақтамай өз кәсібінің зейнетін көруде.
Жалпы соңғы жылдары елімізде тігіншілік өнер қарыштап дамып келеді. Ал ісмерлердің қолынан шыққан дүниелерге сұраныс та анағұрлым арта түсуде. Қызғалдақ, шешенқұрақ, ши айшық, сегіз жапырақ.
Бұл – зейнеттегі Ырысжан апаның қыз кезінен серік еткен ою-өрнектері мен құрақ көрпелері. «Бабаларымыздың шағын ғана отауларына әр беріп, сәнін келтірген мұндай төл дүниелер бар қазақтың үйінде болуы тиіс», - дейді ісмер апа. Сондықтан өзі барған әр шаңыраққа құрақ көрпе не табақтың астына қоятын бұйым алып баруды әдет қылыпты. Мұндай ерекше кәде біршама еңбек пен уақытты қажет етеді.
Ырысжан Смағұлова, зейнеткер: - Көрпеңнің ұзындығына қарай қанша жасағың келеді, сонша құрай бересің. Шешен құрақтың ішінде бидай шүберегі, мақтасы бар. Бейнеті көп. Дұрыстап істесең, екі күнде біреу шығаруға болады. Ісмер апаның ермегі бүгінде үлкен жанұяның қазынасына азын-аулақ табыс қоса бастаған. Көрпенің толық біреуін 10 мыңға, оюлы тыстарын 4-5 мыңға саудалайды екен.
Сүйікті ісін өмірлік кәсіпке айналдыруды көздеген жас маман Нүрия Қалиева киім үлгілерін салуды, кейін оны пішіп, келісті киім тігіп шығуды бала кезінен үйренген. «Ал бүгінгі талғампаз бойжеткендердің көңілінен шығатын сәнді көйлек, күртеше, шалбар тігу үшін көп іздену керек болды», - дейді. Өнер мектебі, университеттегі дизайнер мамандығы бойынша алған жоғары білімнен бөлек, кәсіби мамандардан көп тәжірибе жинапты.
Нүрия Қалиева, дизайнер: - Өз ісімнің маманы болуы үшін пішу, тігу, кестелеу курстарынан өттім. Құралай Нұрқаділова сияқты отандық дизайнер, Африка, Түркия, Иран шеберлерінен сабақ алдым. Маған күнделікті киетін Smart casual стилі ұнайды. Енді кешкі көйлектер тігуді мақсат етіп жүрмін. Жас дизайнердің қиялынан туған дүниелер бүгінде құрбыларының гардеробынан орын тапқан. Сәйкесінше табыс көзі де сүйікті ісімен астасады. Сондықтан бұл шеберлер жанға жайлы ісіне адал болған адамның несібелі болатынын сөзсіз дәлелдеп жүр.
Дереккөз: 24.kz