ЭКСПО-2017. Қай павильоннан не көруге болады?

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі басталғалы бері көптеген елдердің павильондарын аралап, қойылған экспонаттармен таныстым. Солардың ішінде маған 4 бөліктен тұратын Финляндияның павильоны қатты ұнады. Бірінші бөлікте «Ойлон» атты ерекше оттықты жəне күннен қуат алып, телефоныңызды немесе планшетіңізді кез келген жерде қуаттандыруға мүмкіндік беретін рюкзакты көре аласыз. Сонымен қатар, қабырғадағы планшеттерден фин ғалымдарының энергия өндіру мəселе-сіндегі пікірлерімен таныс боласыз. Ұзындығы 30 метр, ені 16 метр, салмағы 220 тонна, 600 киловатқа дейін су энергиясын жинай алатын «Пингвин» атты құрылғының шағын макеті де бірінші бөлікте. Сондай-ақ, мұнда Финляндияда негізгі құрылыс материалы қарағай екенін, ұқыпты фин халқы құрылыс барысында ағаш жаңқаларын да ысырап қылмай, тиімді пайдаланатынын білесіз.

Екінші бөлікте қолданылған пластик материалдар мен шыныны қоқысқа тастай салмай, қайта өңдейтінін, ал пайдаланылған қағаздың өте көп мөлшерін жинап, нығыздап, өртеп, соның қызуынан энергия алатынын білгенде, еріксіз таңдайымды қақтым. Финдер, тіпті, құбырмен ағып бара жатқан жуынды судың жылуынан да, тамақ пісіргенде көтерілген будың қызуынан да арнайы құрылғылар арқылы энергия жинайды екен. Не деген ұқыпты халық деп таңғаласың!

Үшінші бөлікте Финляндияда 200 мыңдай көл бар екенін жəне құрамы өте таза екенінен хабардар болдым. Соның өзінде 3 сатылы сүзгілеуден өткізіп барып тұтынатын көрінеді.

Төртінші бөлікте финдердің білім беру жүйесі туралы ақпарат беріледі. Бұл елде теориядан гөрі, тəжірибеге көп көңіл бөлінетініне жəне оқытушылар сабағын еркін сырласу үлгісінде жүргізетініне қанықтым.

Финдердің ұқыпты халық екенін жоғарыда айтып өттім. Бұл қасиеті шағын ғана павильондарын безендіріп, экспонаттарын орналастыруынан-ақ байқалады. Финляндия павильоны Ұлыбритания, Жапония сияқты елдердің павильондары сияқты үш не одан да көп залдан тұрмайды. Бар болғаны бір-ақ зал. Соның өзін тиімді пайдалана біліпті. Əйнек еденнің астында көрсетілген ақпарат, əр қабырға, əр бұрыштың фин елін таныстырудағы өз функциясы бар.

Төртінші бөліктің сыртындағы қабырғаларда Финляндияда өндірілетін бояулар көрініс тапқан. Бояулары 10 мың рет щеткамен тазалаған соң немесе 20 жыл өткеннен кейін ғана өң бере бастайды екен. Мұндай дəрежедегі сапалы өнім шығару үшін арнайы сынақ алаңдарында бояуды 1 жыл бойы күн астына қойып, тексерістен өткізеді. Химиялық құрамы да аллергия, демікпе секілді сырқаты бар адамдардың денсаулығына қауіпсіз.

Əйнек едендердің астынан сəбидің дүниеге келу құрметіне берілетін аналық қорапшаны да көрдік. Ондағы киім-кешек, керек-жарақ əр отбасына əжеп-тəуір əлеуметтік көмек екені анық. Бұл небəрі 5,5 миллиондай халқы бар елдің адам санын көбейту мақсатындағы сауатты саясаты деп түйдім.

Финдер өздерінің мəдениетін паш етуді де ұмытпағанын Аяз ата, яғни Санта Клаусты ертіп келгенінен түсінуге болады. Өйткені, Аяз атаның отаны – Финляндия. «Сіздің жасыңыз нешеде?» деп сұрап едім, Санта Клаус болып киініп алған «ақсақал» Аяз атаның рөліне мықтап кіріп алыпты: «Мен өте кəрімін. Ұмытпасам, 374-ке келдім», – деп жауап бергенде күліп жібердім. Ұйымдастырушылар Финляндияда қыс мезгілі ұзаққа созылатынын ақ түсті қабырғалар арқылы білдіріпті.

Жалпы, əр елдің павильонынан өзіңізге ұнайтын дүниені кезіктіруге болады. Көп елдердің павильондарында күннен, желден, судан əртүрлі жолмен энергия алу туралы айтылса, ал Жапонияда ауа құрамындағы көмірқышқыл газы жиналып, құбыр арқылы жер астындағы зертханаларға жіберіледі екен. Сонда арнайы тəсілмен энергияға айналдырылатын көрінеді. Адам денсаулығына зиян көмірқышқыл газын қуат көзі қылып отырған жапондарға қызығасың.

Италия павильонындағы Леонардо да Винчи жасаған ұшатын құрылғыны, яғни тікұшақтың алғашқы нұсқасын көріп, осыдан 5 ғасыр бұрын өмір сүрген өнертапқыштың қиялы мен дарынына тəнті болдым. Бұл құрылғыны 1506 жылы ғалымның досы əрі көмекшісі Мазини Чечери  тауынан секіріп, 1 шақырымдай ұшып сынақтан өткізген екен.

Швейцария павильонында картоптың қабығын да ысырап қылмай, өте көп мөлшерін жинап, биогаз өндіретінін білдім. Картоптың 5-6 келі қабығынан бір автобусқа 100 шақырым жол жүруге жететін биогаз алуға болады екен. Жер аумағы небəрі 719 шаршы шақырым Сингапур Республикасының өкілдері өз павильонында табиғат көздерінен энергия алып отырғанын түсіндіреді. Қазақстанның территориясы 2 724 900 шаршы шақырым екенін еске түсірсеңіз, кіп-кішкентай Сингапурдың қолда бар шектеулі мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырғанына сүйсінесің.

Ал Голландияда желден 600 киловатқа дейін энергия жинай алатын құрылғылары бар парк теңіз үстіне салыныпты. Енді бұл жобаның мүмкіндігін 10 есеге арттырып, 2020 жылы 6000 киловатт қуат жинайтын құрылғылары бар парктің құрылысын аяқтамақ.

Шағын мақаламда өзіме ең қатты ұнаған жобаларды ғана қамтып, қысқаша сипаттадым. ХХІ ғасырдың жаңа техникасы мен технологиясы бұл жазылғандармен ғана шектелмейтіні анық.

«ЭКСПО ғимараттарын салуға кеткен миллиардтаған қаржыға қаншама мектеп, балабақша, аурухана, жол салуға болатын еді» деген ой кейде мені де мазалайды. Дегенмен, қалың бұқара, көпшілік халық əлемнің дамыған елдері ұсынған жаңа технология түрлерін көру керек сияқты. Жұрттың бəрінің шетелге шығуға мүмкіндігі жоқ, Астанада өтіп жатқан көрмеде ғылым мен техника саласындағы ғаламат жетістіктерге куə болып, ондайды жасау біздің де қолдан келеді деп санамыз дүр сілкіне ме деген дəме зор…

zhasorken.kz