- Негізгі бет
- Қазақстанда жасалған
- Бұл – бизнес...
Бұл – бизнес емес, қайырымдылық
Өсіп келе жатқан жас ұрпақ – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың бүгінгі тыныс–тіршілігі, айналысқан ісі, денсаулығы біз үшін өте маңызды. Сол себепті, олардың мүмкіндігінше консервантсыз өнім тұтынғаны жөн. Бұл мәселе елдіміздің индустрияландыру саясатында мұқият зерттелу үстінде.
Балаларға арналған сүт өнімдерін дайындайтын «Амиран» зауыты сүттің сапасын арттыруды мақсат тұтады. Қазақ тағамтану академиясымен бірге жасап жатқан жоба болашақ ұрпақтың салауатты өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
«Маған бұл жобаның идеясын Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов мырза ұсынған болатын. Расында балаларға арналған сүт өнімдерін дайындау арқылы айтарлықтай табысқа жету мүмкін емес. Таза сүттің өзі үш күннен артық сақталмауы тиіс. Ал дайын өнімдердің жарамдылық мерзімі небәрі бес күнге жетеді. Сол себепті біздің зауыт тек Алматы қаласын сүт өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Өкінішке орай, бүкіл Қазақстанның нарығына үлескер бола алмаймыз. Бұл біздің мемлекеттік сатып алуға тапсырыс бере алмайтынымызды білдіреді. Бұл тәртіпке өзге бизнес жасағысы келген өндіріс орындары бағынып отырған жоқ. Сондықтан бүгінге дейін 48 миллион АҚШ доллары жұмсалған «Амиран» зауытының жұмысын бизнес емес, қайырымдылық деп білемін», - дейді «Амиран» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Юн.
Осыдан бірнеше жыл бұрын балалар арасында дисбактериоз, анемия, қант диабеті және гипертрофия сынды аурулар сирек кездесетін. Бүгінгі таңда көптеген баланың осы сынды аурулардың біріне шалдығып үлгергенін байқауға болады. Осыдан 20 жыл бұрын «консерванттың» не екенін білмейтін болсақ, енді бұл әр өнімнің құрамында кездеседі. Ал адам ағзасына енген консерванттар иммунитетті төмендетіп, адамның түрлі ауруға шалдығуына әсер етеді.
Айта кетсек, зауытты сүтпен қамтамасыз ететін негізгі фермерлік қожалық өткен жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде оның еншісінде голштин-фриз тұқымды 724 ірі қара бар. «Фермерлік қожалық америкалық технология негізінде құрылып, өткен жылдың қараша айында өз ісін бастады. Орташа есеппен әрбір ірі қара күніне 28-29 литр сүт береді. Ал жаңа төлдегендері 49 литрге дейін бере алады. Нәтижесінде күніне жалпы 21 тоннаға дейін сүт сауылады. Артынша еш химиялық қоспасы жоқ сүт зауытқа жеткізіледі. Бұл ұтымды әдіспен жем-шөп бергеннен кейін жүзеге асырылып отыр. Мұнымен қатар, компания еншісінде 2 мың гектар жер бар. Оның 1500 гектары суармалы жер болып, 500 га соя, 300 га жүгері, 400 га жоңышқа, 330 га күздік бидай, 600 га арпа егіледі. Мұның бәрі ірі қара малдардың таза өнім беруін қамтамасыз ету үшін жасалады», - дейді қожалық басшысы Әбжаппаров Жангелді.
Бүгінде «Амиран» зауыты 24 түрлі сүт өнімін шығарады. Дайын өнімдер Алматы қаласының 80 түрлі сауда орталығына күнделікті жеткізіледі екен. Бұл компанияны Алматы нарығының 15%-ымен қамтамасыз етеді.
Компания директорының мал шаруашылығы бойынша бас кеңесшісі Менно Желлема: «Фермерлік қожалықты дамыту мақсатында біз америкалық технологияның Канада елінде қолданылатын әдісін іске қостық. Себебі Канаданың ауа-райы Қазақстан климатына біршама сәйкес келеді. Қысы айтарлықтай суық, ал жазы болса аптап ыстық. Ірі қараның өз тәртібінде жеткілікті сүт бере алуы үшін орташа +19С температурада өмір сүруі тиіс. Біз мұның қалыпты жағдайын жасап қойдық. Сонымен қатар, оған дұрыс жем беру де алынатын сүттің сапалы болуымен тікелей байланысты. Бір ірі қара күніне 24 кг жүгері, 3,5 кг бидай, 5 кг арпа, 3 кг соя және әртүрлі минерал тұтынуы тиіс. Бұл шама орындалмай, артығымен ұсынылса да, сүтке кері әсерін беруі мүмкін. Себебі тым арық немесе семіз малдан сауылған сүттің құрамы екі түрлі болады. Және олардың ешбірі адам баласына қажет өнімді бермейді. Сондықтан ірі қараның тұрақты қалпы маңызды рөл атқарады», - дейді.
Компания басшысы осы сынды салаларға жаңа технологияны алып келу біршама күрделі процесс екенін айтады. Себебі дамыған елдер ұсынатын технологияны игерген отандық мамандар тапшы. Осы мәселені шешу үшін Руслан Юн Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің студенттері арасында байқау жариялап, 9 студентті саралап алған. Сосын оларды Канада, Голландия және Ресей университеттерінде оқытып, тәжірибелі маман дайындаған екен. Бүгінде студенттер зауытта жетекші қызмет атқарып келеді.
Ж. Өрісбай