Yessenov Data Lab 19 маман дайындап шығарды

Yessenov data Lab (YDL) деректерді талдаушыларға арналған жазғы мектебі 19 маман дайындап шығарды. Қазақстанның барлық аймағынан келген 21-31 жас аралығындағы студенттер 8 апта бойы нейрондық желілермен, үлкен деректермен, желілік модельдермен және регрессиялармен, сондай-ақ, Python программасымен жұмыс істеуді тегін үйренді. Yandex көмегімен құрылған қордың оқу процесін Мәскеу мен Санкт-Петербург сарапшылары жүргізіп отырды.

– Бір жыл бұрын Yessenov Data Lab 21 студентті сәтті оқытып шығарған болатын. Оқу бітірген студенттердің барлығы жұмысқа орналасып, магистратураға түсті және оқуға дейін істеген компанияларында жұмысын жалғастырды. Біз биылғы түлектерді де осындай нәтижелер күтіп тұр деп үміттенеміз, өйткені біздің елімізде деректерді талдау саласындағы жас мамандардың сұранысы бір жыл ішінде айтарлықтай өсті, – дейді YDL ұйымдастырушысы, академик Ш. Есенов атындағы қорының бағдарламалар менеджері Роумиса Башаева.

Осы жылдың оқытушылары арасында профессор және ғылым докторы Қуаныш Әбешев пен Тимур Бакибаев (AlmaU, Қазақстан), Дмитрий Русанов (eLama.ru), Марина Горлова (Yandex.Money), Михаил Липкович (assaia), Валерий Жук (ClearScale), BigData Team командасы және корпоративтік қосымшалар нарығында әлемдік көшбасшы болып танылған SAP компаниясының мамандары (барлығы - Ресей) болды. Қор хабарлағандай, биылғы мектеп бағдарламасы бірінші жылы өткізілген оқу тәжірибесін ескере отырып, кеңейтіліп, тереңдетілді.

– Біздің студенттеріміздің барлығы да ынталы. Олармен жұмыс жасаған өте қызық әрі оңай. Барлық студент білім алуға терең көңіл бөлді және тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен қарады. Әсіресе, олардың әрдайым жедел кері байланыс беріп отырғандарын атап өткім келеді. Нәтижесінде біз бағдарлама мен тапсырмаларды тез қарап шығып, оқу процесін қайта құрдық, – деп түсіндірді CEO BigData Team негізін қалаушысы Алексей Драль.

Yessenov Data Lab жазғы мектебінің мақсаты – деректерді талдаушыларды дайындау, қазақстандық ұйымдар мен компаниялардың тәжірибесінде деректерді талдауды қолдануға жәрдемдесу және осы саладағы зерттеу қызметін ынталандыру. Мектеп конкурсына 120-дан астам өтініш берілді. Барлық үміткердің жауабы бірнеше айға созылған қатаң іріктеуден өтті. Басқа қалалардан келген жеңімпаздарға Ш. Есенов атындағы қор Алматыда тұру ақысын, жол ақысын төледі. Сондай-ақ барлық YDL студенттеріне апталық стипендия төленді.