QAZKOM-мен бірге өзгеріп, бірге дамимыз

Шыны керек, Қазкоммерцбанкті ел-жұрт бұрыннан жақсы көретін. Өзге банктерге қарағанда, қызметі едел-жедел, кеңселері де әдемі, ең бастысы, клиентті күлімдеп қарсы алады. Білмегеніңді үйретеді. Білгеніңмен санасады. Енді міне, арада 25 жыл (ширек ғасыр) өткенде жаңа заман талабына сай біздің сүйікті банкіміз бізбен бірге өзгере бастады.

25 жыл дегеніңіз аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде банк іргетасын қалады, қаз-қаз аяғын басты, еңсесін тіктеп, бой түзеді. Қалауынша дамыды. Енді жаңа заман туғанда, тұтас ұлтпен бірге биікке қарай өрлеуді діттеп отыр. Өйткені, бүгінгі заман – озық технология заманы, ақпарат заманы. Бұл заманда көштен қалуға болмайды. Тіпті көшті бастау миссиясы осы қаржы институтының мойнында! Осыны түсінген негізгі акционер Кеңес Рақышев бастаған жаңа команда парасатты ұлтпен бірге өсуді, көркеюді, заңғар көкте самғауды қалады және соған лайық болу мақсатында нақты қарекетке көшті. Сіздер жақсы білесіздер, банкирлер – сөздің емес, істің адамы.

Биыл маусым айында Қазкоммерцбанк өзінің жаңа стратегиясын қабылдаған еді. Осы стратегияда банк басшылығы алдағы уақытта жаңаша жұмыс сапасына көшетіндерін мәлімдеген-тін. Сол кезде негізгі акционер әрі директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев: «Біздің бар ниетіміз, бар күш-жігеріміз, көрсететін қызметіміз клиенттің жағдайын жасауға арналады», – деп мәлімдеген болатын. Жасыратын ештеңе жоқ, сол кезде өз басым «мұның бәрі құрғақ сөз шығар» деп ойлағанмын. Сөйтсем, мен қателескен екенмін. Арада небәрі үш-төрт ай өтер-өтпес уақытта жаңарған QAZKOM-ды көріп, таң-тамаша болдым. К.Рақышев бастаған жігіттер сөздің емес, істің адамы екеніне иландым.

Әрине, банктің атауын өзгерту оңай. Бірақ оған сай болу – өте қиын. Қазкоммерцбанк Q әрпін таңдағанда ойымыз сан-саққа жүгірді. Біріміз ұлттың жоғары IQ-і (Quotient) дедік, келесіміз сапа (Quality) дестік, тағы біреуі біліктілік(Qualification) деді. Сол кезде Q – бір әріптің бүкіл ғұмырды өзгертіп тұрғанын ешкім сезбеді. QAZKOM атауын латынша жазу арқылы жүрегімізге жақындай түсті. Себебі, Q әрпі аталғанда біздің халықтың өткені, тарихы мен шежіресі көз алдымызға келе қалды. Қазақша жазылған атауды көргенде тіпті көзіне жас алғандарды да көріп қалдым. Былайша айтқанда, QAZKOM жүректің қылын шертті. Осы ребрендинг арқылы банк өзгелерге үлгі-өнеге болып жатыр.

21 қазанда банк Алматыда Әуезов көшесінің бойынан (Ғабдуллин қиылысы) ашылған заманауи (тіпті суперзаманауи десе де артық емес) бөлімшесінде QAZKOM брендінің тұсаукесерін өткізді. Осы жерде «Парасатты ұлт – умная нация» жарнамалық кампаниясы жұмысын қорытындылады десек те қателеспейміз. «Парасатты ұлт – умная нация» бейнеролигі көрсетілген кезде де жүрегімізді қуаныш кернеп тұрды. Данышпан, данагөй Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыздан бастап, Алаш қайраткерлері экранға шыққан сәтте қазақы қанымыз көтеріліп, рухымыз асқақтады. Осы жерде реті келгенде айта кету орынды өзге де мемлекеттік қайраткерлердің еңбегі мен өмірбаны арнайы ашылған Qday.kz интернет-сайтында жарияланып жатыр.

Осынау үлкен қуаныштың үстінде тағы бір жағымды жаңалықтың куәгері болдық. 20 қазан күні Халықаралық Standard&Poors рейтингтік агенттігі «Қазкоммерцбанк» АҚ ұзақмерзімді кредиттік рейтингісін «ССС+»-тан  «В-»-қа көтерді.

Ұлттық меже бойынша рейтинг «kzB-»-тан «kzB+»-қа дейін көтерілді. Банктің қысқамерзімді рейтингі – «С» дәрежесінде.

Банктің рейтингі қалай көтерілді? Біріншіден, бұған капиталдандыру көрсеткіші оң ықпал етті. Оған 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында тапқан таза пайданың әсері бар. Сонымен қатар, рейтингтің өзгеруіне банктің жаңа басшылығы жариялаған стратегиясына сәйкес, бөлшек сауда, шағын және орта бизнес компанияларына берілген несие үлесінің көбеюі негізгі факторлары ықпал етті. Тек биылғы жылдың басынан бері банк 147 млрд теңге сомасында кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландырса бұл аталған бизнес сегментінде банктің несиелік қоржынының максималды көрсеткішінің 70%-ын құрайды. Банк басшылығының пікірінше, осы рейтингтің өзгеруіне оң әсер еткен тағы бір жағымды жағдай, ол – банктің 2016 жылғы шілдеде Еурооблигациялар бойынша борышын уақытында өтеуі.

«Аз ғана уақыттың ішінде банктің негізгі көрсеткіштері жақсарды Міне, сол себепті рейтингтік агенттіктің банк қызметіне деген көзқарасы өзгерді», – деді өз сөзінде банк басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Абай Искандиров.

Сөйтіп, жаңарған QAZKOM-мен бірге біз де өзгеріп, бірге дамимыз. Өйткені «Парасатты ұлт – парасатты банк»-тің біз де бір бөлшегіміз.

Г. Қапанова