7 арна Youtube видеохостингінің "Алтын батырмасын" иеленбек

7 арна Youtube видеохостингінің "Алтын батырмасын" иеленбек
Фото: google.com

Алтыншы қазан күні "7 арнаның" YouTube арнасына 1 000 000-шы көрермен тіркелді. Бұл белесті бағындыру үшін "7 арна" ұжымы ұзақ әрі жүйелі жұмыс істеді. YouTube желісіне 2010 жылы тіркелген арнада бүгінге дейін 17,5 мыңнан астам бейнежазба жарияланған. Контенттердің дені – ойын-сауық және ақпараттық мазмұнға құрылған әрі жұртшылық жеңіл қабылдайтын өте ыңғайлы бейнематериалдар. Тіпті YouTube желісіне "7 арнаның" жоғары сапалы ойын-сауық бағдарламаларының мұрағаты жиналды деуге болады. 

Былтырғы күзде "Тақиясыз періште" жобасының алғашқы маусымы телеэкранға шықпай тұрып алдымен YouTube-тағы арнаға жүктелген еді. Нәтижесінде 24 сағат ішінде қаралым саны 430 мыңға жетті. Бұдан бөлек, жобаның Instagram желісіне арналған нұсқасы арнайы дайындалып, барлық әлеуметтік желіге таратылды. Youtube-тің аналитикалық деректеріне сүйенсек, аталмыш сериалдың тек ТМД елдерінде ғана емес, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Нидерланд, Сингапур және Канада секілді елдерде де өз көрермені бар. Әр бағдарлама арна эфирінен көрсетілгеннен кейін YouTube-тағы арнаға жарияланып, эфирден тыс уақытта да көру мүмкіндігінің бары тұрақты көрермендерге мәлім. Осындай жүйелі әрекеттің арқасында YouTube арнасына жазылушылар саны апта сайын 9000-10000 қолданушыға көбейіп отыр. 

Барлық бейнематериал ұзын саны 625 972 477 рет көрілген екен. Оның ішінде: 
• "Q-eli" скетч жобасының қысқартылған нұсқасы – 229 921 607 қаралыммен көш бастап тұр; 
• Q-eli скетч комының 3-4 минуттық үзінділерінің бір ғана видеосы орта есеппен 9 000 000 рет қаралса, "Тақиясыз періште" сериалының бір шығарылымы орта есеппен 1 000 000 рет қаралған; 
• "Тақиясыз періште" сериалының Тайлақ образы бар анонстарының бір видеосының өзі 4 500 000-ға жуық қаралым жинаған; 
• Қазіргі уақытта YouTube-та "Япыр-ай", "Тақиясыз періште", "Бастық боламын", "Зың-зың Күлпәш" және "Әкесінің баласы" сынды ойын-сауық сериалдар мен "Өз ойым" ток-шоуы аса танымал; 
• Бейнематериалдардың орташа қаралу уақыты – 5 минут. 

"7 арнаның" YouTube-тағы арнасы қазақстандық ТОП-10 YouTube арналардың қатарына кіреді. Сондай-ақ, көрермен саны бойынша GAKKU арнасынан (1 300 000 жазылушы) кейінгі 2-орында. 2016 жылы Youtube "Жетінші арнаны" 100 000 оқырман жинағаны үшін "Күміс батырма" (YouTube / Silver Play Button YouTube) сертификатымен марапаттады. 

2018 жылдың 6 қазанында YouTube-арнаның оқырман саны 1 000 000-ға жетті. Демек YouTube осындай көрсеткішке жеткені үшін "Алтын батырма" (YouTube / Gold Play Button YouTube) сертификатымен марапаттайды деген сөз. Енді "Жетінші арна" миллион оқырман жинаған әрі "Алтын батырма" (YouTube / Gold Play Button YouTube) сертификатын иеленген YouTube-тағы қазақстандық 4-ші арна болмақ. 

Бүгінгі таңда "Жетінші арна" YouTube-пен қатар, Instagram, ВКонтакте, Facebook, Twitter, Telegram сынды ең танымал әлеуметтік желілері арқылы да көрермендерімен тұрақты байланыс орнатып келеді.

Massaget.kz