ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Сатайфильм» кинокомпаниясымен бірлесе отырып биылғы жылдың ең ірі жобаларының бірі – массагеттердің патшайымы туралы «Тұмар» атты тарихи жобаның түсірілімдері қолға алынып, дайындық жұмыстары басталып кетті.
Фильмнің Бас продюсері – Әлия Назарбаева («Анаға апарар жол»). Қоюшы режиссері – Ақан Сатаев («Рэкетир», «Адасқандар», «Ликвидатор», «Жаужүрек Мың Бала», «Анаға апарар жол»).
Аталған кинотуынды б.з.д. VI ғасырдың тарихынан сыр шертеді, атап айтсақ, ұлы даланы жаулап алмақ болған Кирдің шапқыншылығына қиянкескі карсылық көрсетіп, оның жасағын жеңіліске ұшыратқан массагеттердің патшайымы Тұмардың ерлігі баяндалады. Бұл ұрысты ежелгі грек тарихшысы Геродот «Менің ойымша ең кескілескен және ұлы шайқас болды» деп суреттеген екен. Айта кететін жайт, фильмнің сценарийін жазуда «тарих атасының» еңбектері пайдаланатын болады.
- Бұл ауқымды жобаның идея авторы Әлия Нұрсұлтанқызы. Өздеріңізге белгілі, «Анаға апарар жол» фильмінде бірлесіп табысты жұмыс жасадық. Енді міне, мен және менің түсіру тобым аса қызығушылықпен және үлкен жауапкершілікпен осы тарихи жобаға кіріскелі отырмыз. Бүгінгі күні тарихи материалдармен танысып, сценарийді жазу және талдау, жобаның өндірісін жоспарлау, түсіру тобын құру, ғалым-кеңесшілерді жобаға тарту, алдын ала түсірілім локацияларын таңдау сияқты дайындық жұмыстары жүргізілуде, - деді режиссер Ақан Сатаев.
Сонымен қатар, режиссер жақында жалпы республикалық кастинг жарияланатынын айтты. Фильм түсірілімі басталмай тұрып, барлық актерлер атқа жайдақ мініп, қару-жарақты асынып, садақ тартып, соғыс өнерінен сауаттарын ашу үшін алдын ала дайындықтан өтетін болады.
Фильмнің түсіру жұмыстары Қазақстанның аумағында 2017 жылы қазан айында басталып, 2018 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Кинотуындының сценарийін жазуға Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов атсалысып отыр. Айта кетсек, түсіру жұмыстарына еліміздің алдыңғы қатардағы кино мамандары қатысады, сонымен қатар, шетелдік мамандар, оның ішінде скрипт-доктор және компьютерлік графика шеберлері жұмылдырылатын болады.
Тұмар патшайым туралы баяндайтын фильм шетелдік көрермендерді де қызықтыратынын айтқан режиссер Ақан Сатаев, бұл тарихи кинотуындының тұсаукесері 2018 жылдың желтоқсан айына жоспарланғанын жеткізді.