2015 жылдың 23 мамыр күні Алматы қаласында орналасқан Республика сарайында Ақан Сатаевтың "Рэкетир 2" фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өткен материалымызда "Рэкетир 2" фильмінің көрсетілімі өткенін хабарлаған болатынбыз. Фильмді көруге 2500-ге жуық адам жиналды.
Арада 8 жыл өтіп, Ақан Сатаев әйгілі "Рэкетир" фильмінің жалғасын түсіруді шешті. Бірнеше ай бойы фильмге кастинг жарияланып, түсірілім дайындығы болды.
Енді міне, 2015 жылдың 28 мамырында "Рэкетир 2" фильмі көрермен назарына ұсынылады. Жұрт фильмнен не күтуде?
Ғаламторда бұл туынды жайлы пікірлер жоқ емес. Бірі фильмнің жалғасын көреріне риза болса, енді бірі оның қазіргі күнмен салыстырғанда еш мәнісі жоқ екенін айтып, дауласуда. Яғни 2000-жылдар басында "рэкет" әдеткі жағдай, актуалды тақырып болса, қазірде ол жоқтың қасы деген фильм идеясына кереғар пікір қалыптасты.
Дегенмен, бұл фильмнің екінші бөлімі біріншісіне қарағанда өзгешелеу. Режиссер қазіргі күннің жағдайымен де санасқан. Фантастика да жоқ деуге болады. Бәрі өмірде бар нәрсеге негізделген.
Фильмнің басты идеясы - кек сақтаушылық. Болат - фильмнің бірінші бөлімінде Жанның кесірінен қайтыс болған Русланның туған бауыры. Болат ер жетіп, ес білген соң ағасының жолын қуып, өз қаласының (Қарағанды) белді сотқары атанады.
Ағасының өлімі үшін кек сақтаған Болат Жанды өлтірмекші болып, Алматыға аттанады. Оған жақын достары - Саня мен Туча да ілеседі.
Фильм дүниеқоңыз адамдардың қаншалықты жауыз, ессіз бола алатынын көрсетуді мақсат етті. Бай, белді Жанның есірткіге мастанып, өз отбасына да ие бола алмауы, адамгершіліктен жұрдайлығы - туындының көрерменге көрсеткісі келген басты сәттері.
Боевик жанрында түсірілген әрбір фильмде махаббат болары анық. Бұл туындыда да мелодрама жоқ емес. Дегенмен бәрі өз орнымен, белгілі бір баланс сақталды деуге болады.
Фильмді көруге келген Лаура есімді қыздан фильм жайлы пікірімен бөлісуді сұрадық:
"Кек адамның санасын жаулап, ессіз қылады. Оның кесірінен сені жақсы көретін адамдарың жапа шегеді. Болат өзінің, сүйіктісінің өміріне қауіп төндірді. Әрине, бұл жерде салыстырмалы түрде кінәнің салмақты жағы - Жанда. Ол үшін адамгершілік деген түсінік жоқ секілді. Тіпті соңында да ол ешнәрсені түсінбейді. Фильмде отбасы, бедел тақырыбы қозғалып, жақсы көрсетілген. Актерлік шеберлік туралы айтатын болсақ, екінші бөлімде өз басым Саянның ойынын көргім келді. Алайда бұл жерде оның кейіпкері тым аз көрінеді. Әрі оның сезімдері де көрерменге жете алмады. Бұл - фильмнің осал жағы деп түсіндім".
Бұл бөлімде де фильм Саянның әрекетімен аяқталады. Егер әдетте фильмнің соңы "жалғасы бар..." түрде аяқталатын болса, бұл жолы керісінше, фильм өз дегеніне жетіп, "рэкет" тақырыбы осымен аяқталған секілді көрінеді.
Фильмнің сапасы жоғары. Актерлік шеберлік те жаман емес. 28 мамырда жаппай көрсетілімге шығатын бұл фильмге дүйім халық өз бағасын әділ береріне күмән жоқ.
Ұқсас жазбалар:
"Рекетир 2" фильмінің жабық көрсетілімі өтті
Саят Исембаев "Рекетир 2" фильмі жайлы айтып өтті