Қазақ анимациясының биылғы жаңалығы Мұзбалақ туындысы болмақ. Әмен Қайдаровтың ұлы жолын жалғастырған бүгінгі шығармашылық топ ата дәстүрді насихаттаудан қол үзбеген. Дала мәдениеті мен ұлт руханиятын ұштастырған осы топпен сюжет, жұмыс барысы, қиындықтар туралы сұқбаттасқан едік. Сіз де қанық болыңыз! Мassaget.kz:Қазақ анимациясына қалай келдіңіздер? Тұрдыбек Майдан: 2005 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына Кино тв факультетіне Анимация режиссері мамандығына оқуға қабылданып, 2010 жылы Аққаз атты дипломдық жұмыс қорғап, сол жылы аяқтадық. 2008 жылы Әлін білмеген атты төрт минуттық анимациялық фильм дайындадық. Дипломдық жұмысым Шәкен жұлдыздары халықаралық фестивалінде Ұлттық тақырып атты жүлдеге ие болды. Бұл туынды негізінен екі бөлімнен құралған. Сол кездегі Қазақфильм киностудиясының басшысы Ермек Аманшаев дипломдық жұмыстарды қарау кезінде, Аққаз туындысын тамашалаған. Ұнатқан болуы керек, Қазақфильмнен осы туындыны жалғастыруға мүмкіндік берді. Міне, қазақ анимациясына, жалпы Қазақфильмге алғашқы қадамым осы кезден басталған болатын. Тілек Тілеуғазы: Ерте жастан суретшілікке қызықтым, 2006 жылы Қазақстанға келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына Анимация режиссері мамандығына оқуға қабылданып, 2011 жылы аяқтап шықтым. Сол жылы Бөгде атты туындым Х халықаралық Шәкен жұлдыздары кинофестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Ербол Бораншы: Қытайға оқуға бара жатып, аяқ асты Қазақстанға келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына, атап айтсам, Шахимардан Құсайыновтың шеберханасына түстім. Студент кезімде Сахара тынысы және Ақ кептер атты 2 деректі фильм түсірдім. Дидар кинофестивалінде осы екі туынды жүлдеге ие болды. Мен жазған сценарийлер бойынша бірнеше деректі фильмдер, қысқаметражды фильмдер түсіріліп жүр. 2010 жылдан бастап Қазақфильмде жұмыс істеп келемін. Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Жамбыл Жабаев, Қажымұқан, Ілия Жансүгіровтің өміріне арналған көркем деректі фильмдер дайындадым. Пәтер атты 30 минуттық көркем фильм түсірдім, бұл туынды Байқоңыр кинофестивалінде жүлделі болды. Ал анимацияда осы жігіттермен біріге жұмыс атқарып келемін. Мassaget.kz:Мұзбалақ туындысының дайындалу барысы туралы айтсаңыздар. 2013 жылы үшеуміз біріге отырып, Тастүлек атты 25 минуттық анимациялық фильмін дайындауды қолға алдық. Ал 2014 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай арнайы тапсырыспен Бақыт жолында атты түрлі халық ертегілерінің, соның ішінде, орыс, неміс ертегілерінің желісі бойынша анимациялық фильм түсірдік. Ал 2015 жылдың аяғында киностудияның президенті қызметіне Бақыт Қайырбеков келіп, Тастүлек анимациялық туындысын көрді. Бұл еңбекті ары қарай жалғастыру керек деп ұсыныс білдірді. Бірақ біз алдыңғы сюжетті қайталамай, жаңа сценарий жазып, анимацияны бастап кеттік. 2016 жылы жұмыс белгілі бір себептермен 6 айға тоқтады. Кейін жұмыс жалғасын тауып, 22 ай дегенде 65 минуттық толықметражды анимациялық фильм дайын болды. Туындының өзгелерден ерекшелігі шығармашылық топтың тек қазақ жастарынан құралғаны деп есептейміз, әрі экшн жанрындағы, 2D және 3D форматтағы тың дүние болайын деп тұр. Бұл қазақ анимациясына жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Қалың көрерменге мамыр айында тарту етіледі деп жоспарлап отырмыз. Мassaget.kz:Жұмыс кезінде қандай қиындықтар болды? Кей аниматорлар салған суретті қайта өңдеуге бергенде, екінші рет сол суретті салғысы келмеді. Сол себепті Мұзбалақты дайындау барысында аниматорлар жиі ауысты. Шығармашылық топтың үні бір жерден шыққаны дұрыс. Бұл жұмыс топтағы біраз қызметкерлерді іріктеп отырды. Мassaget.kz:Анимациялық фильмді дайындау түрлі кезеңнен құралады. Сол кезеңдердің қайсысы ауыр болды? Әр кезең бір басқыш. Әр басқыштың өз қиындығы бар. Сюжет құруда режиссер белгілі бір тұсты қалай көргісі келеді, оны көрерменге қалай бергісі келеді деген тұстарды ескеру керек, эмоцияны 100% жеткізе білу қажет, осының бәрі кадрға бөлу бөлімінде дайындалады. Одан соң, аниматик бөлімі бар. Мұнда фильмді бастан аяқ толық көріп шығып, сырттай баға беруге болады. Кей маңызды жерлерге музыкамен, шумен, гуілмен екпін беретін тұстар болды. Оларды таңдаудың өзі де оңай жұмыс емес. Азғантай секундтың ішіне біршама сурет таңдалады. Кейде бұл суреттердің жарамай қалатындары да болуы мүмкін, ол дегеніңіз 1 күн, 1 түн еңбектенген жұмыстың күйгені. Ол үшін анимацияға берілген жоспар әуел бастан дұрыс болуы керек. Оған қоса, бастапқыда қоюшы суретші Адай Әбілдинов болды. Бірақ, орта жолда оған Күлтегін жобасы табысталды да, ол сол жобамен айналысты. Біз аяқ астынан суретшісіз қалдық, оны өзіміз жасауға тура келді. Міне, осы сияқты қиындықтар болды. Шыны керек, қай жобаны алсақ та, көрермендерге ұнаса да, өз көңілімізден шыққан емес. Оған уақыттың, қаржының, еңбек күшінің қысымы себеп болды. Мassaget.kz:Сценарийдің негізі, бүркіт тақырыбы сіздерге жақын болуының себебі неде? Ербол: Егер үйдің іргетасы дұрыс қаланбаса, оның ішіне қандай жиһаз қойып сәндесең де, әдемі болмайды. Сценарий де салынған үйдің іргетасы секілді. Әу бастан сценарий дұрыс жазылмаса, туынды да сәтті шықпайды. Бастапқыда Тінейдің сары құсы атты аңызының желісімен Тастүлекті жазған болатынмын. Мұзбалақты жазған кезде саятшылық, құсбегілік туралы біраз мәлімет жинадым. Оған дейін сайын далада туып, осы өнерді бала жастан көзімізбен көріп өскен соң, бұл тақырып етене жақын. Екі туындының сюжеті ұқсамайды. Мassaget.kz: Өзге аниматорларға беретін бағаларыңыз Елімізде шетелдік аниматорлармен таласа алатын талантты жігіттер бар. Тек мемлекет жақтан қолдау тапса, әлемдік деңгейге жететін күші мол. Ал, әттеген-ай деген тұсы да жоқ емес, қимылдағанның бәрін анимация деп түсінетін, белгілі бір жерден сертификат ала салған әуесқой аниматорлар қаптап кетті. Оларға қолдау көрсетілсе де, қолдағыны дұрыс пайдалана алмайды, яғни тым мағынасыз дүниелер дайындап, көрермендерге сапасыз өнім береді және өте аз уақыт аралығында жасайды. Анимациялық туынды көп еңбекті және біраз уақытты талап етеді. Осы заңдылықты аттап кететіндер көп. Кейде қазаққа тән емес, салт-дәстүрден ада көріністерді көреміз. Атқа қарама-қарсы тұрғанда, оң жақтан міну керек деген дүниелерді ескермей жатады. Көпшілік бізге келіп, Неге осындай қорқынышты дүниелер жасайсыңдар? деп сұрап жатады. Бәріміз бір пұшпақты илесек те, әртүрлі илеп жүргенімізді айтамыз. Дәл қазір баланы тәрбиелеуші құрал көгілдір экран. Балаға жатар алдында ертегі айтып беретін ата-ана да аз, сондықтан бала қиял әлемін көру үшін теледидарға жүгінеді. Ал онда жат дүниелер көрсетілсе, болашағымызға балта шауып отырғанымыз ғой. Мassaget.kz:Қазақстанда анимациялық фильмді коммерцияға айналдыруға бола ма? Бұл өте қиын мәселе. Ұрпаққа сабақ беретін туындыдан қаржы емес, руханият күту керек. Қаржы беретіндері жеңіл күлкі мен арзан сценарий. Олардың мақсаты мен біздің мақсат екітүрлі. Америкада түрлі жанрды біріктіріп түсетін студиялар көп. Оларға 90 миллион долларға жуық қаржы бөлінеді. Ал, ондай қаржыға Қазақстанда 90 туынды дайындауға болады. Туынды трейлері Туынды суреттеріне шолу