Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында үш бірдей толықметражды көркем фильмдердің жобалары талқыланып, өндіріске жіберілді. Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ-ның ресми сайты хабарлады.
Қазақстандық жазушы Данияр Сүгіралиновтың «Кірпіштер 2.0» атты кітабының желісі бойынша түсірілетін «Кірпіштер» фильмінің түсіру жұмыстары басталды.
Фильмде өз өмірін өзгертуге ұмтылған жігіттің өмірі баяндалады. Қарапайым да мейірімді жігіт болған ол мақсатына жету үшін әдепсіз өзімшіл қатыгез адамға айналады. Адамның адалдығына сенуден қалып, танымастай өзгеріп кеткен ол достарынан да айырылып, жалғыз қалады. Өмірінің осылайша өзгергенін қаламаған бас кейіпкер жан күйзелісіне ұшырап, ішімдікке салынады. Алайда маскүнемге қол ұшын созғандар табылып, енді ол нық сеніммен жаңа өмірге қадам басады.
- Өмірден өз орнын таба алмаған, әбден түңілген жастарға арналған бұл шығарма қанаттарын кеңге жайып, өмірлерін мәнді де мағыналы етіп өзгертуге шақырады, - деді «Кірпіштер 2.0» кітабының авторы Данияр Сүгіралинов.
Фильмнің түсіру тобы:
Режиссері әрі сценарий авторы: Фархат Шәріпов («Қызғылт қоян туралы хикая», «Инопланетяне ни при чем», «Ақ жол»)
Операторы: Александр Плотников («Қызғылт қоян туралы хикая», «Елбасы жолы», «Қазақ хандығы»)
Суретші: Алексей Шиндин
Сонымен қатар дайындық кезеңінен өткен «Шала қазақ» және «Ең сұлу. 14 қыз» атты толықметражды көркем фильмдердің авторлары өтпелі көріністерді түсіруді бастады.
«Ең сұлу. 14 қыз» фильмі биыл жарыққа шығып, прокаттың көшбасшысы болған «Ол алты қыз» комедиясының жалғасы. Комедияның авторлары бұл фильм нағыз достықты насихаттайтын әзілге, қызықты оқиғаларға толы, халықтың көңілінен шығатын кинотуынды болатынын айтты.
- Қай заманда болсын, қазақ халқы әрқашанда шаңырақты жоғары бағалаған. Қазіргі аласапыран қиын заманда құндылықтардың орны мен реті өзгеріп, жастар отбасын құруға асықпайды. Еркін қарым-қатынастарға жол беріліп, мансапқорлыққа ұмтылған жалғызбастылар саны көбейіп жатыр, - деді картинаның режиссері Қанағат Мұстафин.
Самат есімді фильмнің басты кейіпкері әлі күнге дейін үйленбей, сұрбойдақ атанып жүр. Достарын үйлендіруді көздеген Бауыржан және Тимур есімді достары оған қалыңдық тауып, үйлендірмек болады. Ойламаған жерден өзге елде халықаралық контрабандистер қатарына жатқызылған үш дос бандиттер мен полицейлерден қашып, көптеген қызықты оқиғаларды бастан кешіреді. Алайда, бәрі де ойдағыдай аяқталады – Самат өз қалыңдығын тауып, нағыз қылмыскерлер түрмеге қамалады.
Сценарий авторы – Қанағат Мұстафин, Серік Қасабеков
Қоюшы режиссері - Қанағат Мұстафин
Қоюшы операторы - Айдар Оспанов
Продюсері – Айдархан Әділбаев
Атқарушы продюсер – Шолпан Бөрібаева
Директоры – Әділ Қожабергенов
«Шала қазақ» фильмінің сценарий авторы әрі режиссері Төлеген Байтүкеновтың басты кейіпкері Жан есімді қалалық жігіт ана тілін білмейді және оны үйренуге де талпынысы жоқ. Ол танымал газеттердің бірінде журналист болып қызмет жасайды. Бір күні ауруханада есін жиған Жан орыс тілі мен ағылшын тілін мүлдем ұмытып, ана тілі – қазақ тілінде сөйлеп кетеді. Осылайша ол орыс редакциясынан ауысып, қазақ редакциясында жұмыс істеп, уақыт өте қазақ тілді танымал журналиске айналады. Бұрындары туған тілі мен дәстүрлерінен бейхабар болып, күлкіге айналған Жан енді жаңа өмірге қадам басады.