- Негізгі бет
- Қазақфильм
- Қазақ-қытай киносы түсіріледі...
Қазақ-қытай киносы түсіріледі
Қазақстан, Қытаймен бірлесіп, белгілі қазақстандық композитор туралы кино түсірмек және оны халықаралық прокатқа шығармақ.
Осындай тағы бір ғаламат жоспары жайында Мәдениет және ақпарат министрі А.Мұхамедиұлы сенаторларға мәлім етті.
Министр өз сөзінде енді шамамен 400 күннен кейін елордада ашылатын «ЭКСПО-2017» жаһандық көрмесінің кешенді мәдени бағдарламасы туралы да айтып берді: оның аясында барлығы 7 мыңға жуық әртүрлі деңгейлердегі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Министр ол іс-шараларға жетекші қазақстандық және шетелдік шығармашылық ұжымдар қатысатынын айтты. Сондай-ақ әлемнің әр атырабынан жиылатын қонақтардың рухани сұранысын қанағаттандыратын концерттік-қойылымдық шараларға негізінен тегін-волонтерлық негізде еліміздің дарынды жастары тартылады екен.
Сонымен бірге Арыстанбек Мұхамедиұлы сенаторларды отандық кинематограф саласының жетістіктері жайында хабардар етті. Оның мәліметінше, соңғы 5 жылда 200-ден астам қазақстандық кинокартина 48 елде өткен 150 кинофестиваль мен халықаралық көрсетілімдерге қатысыпты. Яғни, шетелдің өнер адамдары Қазақстанда кино түсірілетінін біраз біліп қалды. Сенат депутаттары енді сапа жайын ойластыруға шақырды.
– Біздің алдағы жоспарымызда Қытаймен бірлесіп, «Композитор» атты фильм түсіру жобасы бар. Туынды екі елдің ұлы сазгерлері Бақытжан Байқадамов пен Си Син Хайдың өмірі мен өнер жолына арналады. Бірлескен жоба халықаралық деңгейге есептелген және қазақстандық мәдениетті әлемде танымал етуге септесуді көздейді, – деді министр.
Оның мәліметінше, көркем фильмде заманауи арнайы эффектілер пайдаланылады.
А.Мұхамедиұлы тағы бір жобамен таныстырды: ол бойынша қазіргі уақытта «Цифрлы Қазақстан-2020» жаңа бағдарламасы әзірленуде. Оның мәдениет саласына да қатысы болады: республикада виртуалды музейлердің желісін құру жоспарлануда. Әйтпесе, арнайы ұжымдық, топтық экскурсияларды айтпағанда, музейлерге келуді жастар қойған. Бұл жоба тарихи және мәдени жәдігерлерді бірінші кезекте, біраз уақытын ғаламторда өткізетін отандастарымыз арасында, сондай-ақ халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталмақ. Осы орайда «барлық мұражай қорын, концерттер жазбаларын, материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұраның маңызды элементтерін электронды форматқа көшіру» мәселелері қарастырылуда екен.
– Музей – еліміздің тарихи-мәдени мол мұрасын түсіндіру және кеңінен насихаттау үшін ғылыми мекемелердің, университеттердің, архивтердің, кітапханалардың ынтымақтастығы мен өзара әрекеттесуінің орталығына айналуға тиіс! – деді мәдениет министрі.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылға қарай ұлттық кітапханалар қорында сақтаулы кітаптар қорын 100% санға көшіру жоспарда барлығын да жеткізді.
Дереккөз: Айқын
Y. Almabek