Экран мен сахнада сыр-сипаты сан алуан небір күрделі кейіпкерлерді сомдаған әйгілі актер Досхан Жолжақсыновтың соңғы жылдары режиссураға ден қойып жүргенін өнер сүйер қауым жақсы біледі. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Біржан сал» көркем фильмін түсіріп, режиссерлік тырнақалды жұмысы болса да бас-аяғынан шашау шығармай жұп-жұмыр жұтындырып, кәнігі шебердің қолтаңбасын танытқан еді. Әнімен, аңызға айналған тағдырымен әр қазақтың жүрегіне ұялаған Біржанды экраннан жатырқамай «Япырау, мынау сол ғой, міне, міне дәл өзі!» деп жалпақ жұрттың жапырыла көріп, зор хошаметке бөлеуі – сол жемісті еңбектің куәсі, талантқа берілген баға.
Досхан бір сөзінде: «Мен басқалар қалай қабылдайды, көңілінен шыға ма, жоқ па деп жалтақтамаймын. Менің мақсатым – ең бірінші қазақтың өзіне қажетті фильм түсіру» деген еді. Бұл да, әрине, жеңіл-желпі амбиция емес. Ұлттың үдесінен шығу – ұлы міндет. Режиссер өз ұстанымында нық тұрып, тарихи тұлғалар галереясын жасауға бел шеше кіріскен сияқты. Міне, жақында оның «Құнанбай» деп аталатын көркем фильмнің тұсаукесеріне қатысып, көппен бірге көзайым болудың сәті түсті.
Құнанбай – ұлы Абайдың әкесі ғана емес, қазақ тарихында өзіндік орыны бар шоқтықты тұлға: сөз ұстаған шешен, ел бастаған көсем, қарадан шығып Хан болмаса да Қарқаралы уезінің алғашқы Аға Сұлтаны болған; Төбе би боп төрелік айтқан, телі мен тентекке тиым салған қатал билеуші, айналасына әділет орнатып, өнеге тартқан кемеңгер абыз... Оның ғаділеттілігі, тақуалығы туралы әңгімелер халық жадында көптеп сақталған. Құнанбай айтты сөз, даналық толғамдар ауыздан-ауызға аңыз боп тарады. Құнанбайдың ақыл-парасатына, ділмарлығына таң-тамаша тәнті болған белгілі поляк ақыны, революционер, саяхатшы А.Янушкевич өзінің күнделігінде: «...Табиғат оған кемел ақыл, ғажайып зейін, жүйрік тіл берген. Дала Заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, – деп жазды. – Алды ертелі-кеш адамнан босаған емес. Қыр қазақтары ақыл-кеңес сұрап, арыз айтып толассыз келіп жатады. Оның басы даланың күллі заң-жоралғыларын жазып алған машина сияқты, таң атқаннан түнде көзі ұйқыға кеткенге дейін тоқтаусыз сөйлеумен болады... Қара қылды қақ жарған би, өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген... Барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды...» Мұхтар Әуезов өзінің даңқты романында Құнанбайды сыңаржақ бейнелегені белгілі. Өмір шындығына таптық тұрғыдан баға беру дейтін жаңсақ социалистік схоластиканың салқыны тиді. Үстем тап өкілі ретінде қатыгез, озбыр, әсіре діндар, кертартпа боп суреттелді. Кер заманның қыспағынан шыға алмағанына қиналып Мұханың өзі де: «Қажыға қиянат жасадым, обалына қалдым!» деп өле-өлгенше өкініп өткен көрінеді. Шәкен Айманов та замандастарының айтуынша, «Құнанбайды сахнада басқаша сомдасам» деп армандап жүріпті. Міне, енді сол екі алыптың орындай алмай кеткен арманын Досхан бауырымыз іске асырған сияқты.
Құнанбайдың өмірбаяны бай, ол туралы ел аузындағы аңыз-әңгіме де, жазба деректер де жеткілікті. Әдетте, тарихи тұлғалар туралы түсірілген біздегі фильмдердегі басты кемшілік – кейіпкердің туғаннан өлгенге дейінгі өмірін түгел қамтимын деп ұсақ- түйектің бәрін тықпалап, іш пыстыратын шегіністер арқылы өткен-кеткенді жіпке тізбелеп, жадағай деректі хроника дәрежесіндегі шұбалаңқылыққа ұрынып жататын. Мұнда ондай шашыраңқылық жоқ, Досхан басқаша кілт тапқан. Құнанбай өмірінің түйінді екі эпизоды ғана алынып, фильмнің бүкіл оқиғасы соның айналасында өрбиді. Етек-жеңі жинақы, қат-қабат шиыршық атқан ішкі динамикасымен көрерменді бірден үйіріп, иіріміне тартып әкетеді. Шарпысқан сөз, мінездер қақтығысы, егес пен ерегес майданында Құнанбайдың азаматтық, күрескерлік бейнесі әр қырынан айшықталып, надандық пен бодандықтың қамытын қос қабаттап киген ел трагедиясы, заман сұрқы көрініс табады. Басты рөлді Досханның өзі ойнаған. Қасқайған ердің қайсар тұлғасын танисың. Досханның Құнанбайы– сыр алдырмас іші терең, кемел ойлы ел ағасы. Жасы жер орталаса да қимылы ширақ, қағылез. Заманында жау түсірген қарымы қатты қайрат иесі болғаны шымыр бітімінен көрініп тұрғандай. Төңірегін қас-қабағымен ықтырса да озбыр емес, қаталдығында қиянат жоқ, әділет ісіне табандап тұрып алатын қайсар мінезді жан. Құнанбайдың ішкі болмысы, парасат-өресі Қодар мен Қамқаның үкімі үстінде сынға түседі. Қодар мен Қамқа оқиғасы ескі қазақ тұрмысында көз көріп, құлақ естімеген сұмдық, сорақылық еді. Жеке адамның өмірі мен даланың бағзыдан қалыптасқан моралі теңселіп таразының екі басында тұрды. Намысқа шаппай, «жабулы қазан жабулы күйі қалсынмен» көз жұмбайлық жасаса, жаман әдет – жұқпалы дерт, асыл сүйегіне сызат түсіп, ертең ел бүлінеді, ұрпақ тозағындайды. Ал ата жолымен тізеге салса, азғынның арам қанын мойнына жүктемек. Екі оттың ортасынан табылар араша бар ма? Не істемек керек? Тығырыққа тірелген ел ағасы билердің қазылығына жүгінеді. Семейден арнайы Ахмет Риза имамды шақыртады. Маған қазақтың ескі мизамы мен шариғаттан осы қылмыстың ізін тауып беріңдер дейді. Құнанбай жауыз емес, бірақ әділет пен тазалыққа құрылған дала моралі, ұрпақ алдындағы жауапкершілік еріксіз оны қатал болуға міндеттейді. Сонда да шарқ ұрып араша іздейді, тұйықтан шығар саңлау іздейді. Анасы Зереге: «Шеше, екі бейбаққа әу бастан-ақ тілеулес болдым, бірақ ақтау таба алмадым» деп мұңын шағады. Бабалар жолы мен шариғат заңы азғындыққа кешірімсіз қатал, билер мен имам өз кесімдерін айтып, сөз салмағын өзіне салған сәттегі Құнанбайдың жан күйзелісін көрсеңіз. Маңдайынан тер бұршақтап бір дем үнсіз қалады. Сол арқылы актер кейіпкердің ішкі арпалысын, обал-сауапты ойлап шарасыз күйге түскен пенденің күйікті халін барынша табиғи қалыптай білген. Үкімнен кейін Құнанбайдың байыз таппай атпен құйғытып қыр асып қияндап кетуі, Қоңыр әулиенің үңгіріне баруы... бәрі-бәрі оның шиыршық атып шарпысқан ішкі әлемін әсірелей түседі.
Фильмде іс-қимыл, сойыл сілтер қақтығыстардан гөрі іштей арбасу, психологиялық тартыстар басым. Ел ішіндегі дау-жанжалға бітім айтатын билер кеңесі – түрлі пайым- пиғылдардың қаржасқан қып-қызыл майданы. Бірі ойға, бірі қырға тартып, теріс езулеп жантайып жатып алатындар қаншама, тізеліні бүгілтіп, кекжиген басты иілту үшін үнемі Құнанбай жалғыз өзі жанталасумен болады. Бірде жөнге жығылмай, қиянатқа дем беріп қырындаған Сарыбайды жиыннан соң жылыстап кетіп бара жатқан жерінен шабарманын жұмсап шақыртып алады, жақындай бергенде шалма тастап, ат үстінен аударып түсіреді де әудем жерге сүйреп апарып тастайды. Бұл да Құнанбайға тән мінез. Аталы сөзге тоқтамас арсызға өстіп білек күшін жұмсауға мәжбүр.
Іш қатпары мол күрделі кейіпкердің бірі Барақ – рулы елдің бетке ұстары. Айбатымен ықтырып, қайратымен бұқтырған даланың шынжыр балақ, шұбар төс алпауытын белгілі актер Айдос Бектеміров бар болмысымен тамаша сомдай білген. Барақ – Құнанбайдың қашаннан бергі бақталасы.Үнемі қара ниетпен оңтайы келсе бақайдан қағып омақастыруға бейім. Дүрде- араздық өрши келе ашық жаулыққа ұласқандай. Арада кісі өлімі болып, екі ру егер болған тұста, өз аталастарының намысын жыртып «қанға – қан!» деп отырып алады қасарысып. Ұзақ ырғасып барып Құнанбай бәрі бір түйінді шешеді. «Қаннан қан ғана төгіледі, қан қуған қансырап өледі» деп екі жақты құнмен бітістіреді. Жөннен жеңілсе де намысы күйген Барақ кеудеге салып, «кездесер жеріңді айт!» деп қамшысын көлденең ұстап доқ көрсетеді. Аямасқа бекінген дөкірдің сұсты жүзін көріп ішің суып кеткендей болады сол сәт.
Қашанда надандықтың қолы жақсының жағасына жармасумен келеді емес пе. Әділ күресте есесі кеткенге іші күйіп бықсыған бақас ағайын тыныш отыра алсын ба. Барымтамен қолға түсіп «итжеккенге» айдалған ұры-қарының арттағы жұрағаттары, сасық намысқа шапқан ру шонжарлары жең ұшынан жалғасып, орыс ұлықтарына домалақ арызды үсті-үстіне боратумен болады. Ақыры жақсының артына ит салып түсетін қазақтың ит мінезі Құнанбайдай асылды түрмеге тығып тынады. Омбы абақтысындағы эпизодты фильмнің шарықтау шегі десе де болғандай. Сұрақ – жауап барысындағы шарпысулар оқиғаны ширатып шиеленістіре түседі. Тергеушінің аузымен айтылатын айыптаулардан Құнанбайдың өткен өміріне қатысты көптеген жайларға қанығамыз. Әсіресе Кенесарыға байланысты тергеуші сұрағына қайтарған жауабында Құнанбайдың азаматтық ұстанымы айқындалып, күрескерлік тұлғасы асқақтай түседі. Құнанбай– Кенесары көтерілісіне тікелей қатыспағанмен іштей тілеулес болған адам. Сойысқа мал, мініске көлік беріп астыртын көмектесіп отырған. Онысын, әрине, тергеуші алдында мойындамайды. Қисынмен қиядан жол тауып жалтарып кетеді. Бірақ әңгіме қазақтың намысына тірелген тұста бой жасырмайды. «Қоңырқұлжа бастаған төрелер жер қайысқан қол жинап Кенесарыға қарсы аттанғанда атымның басын кері бұрдым, өзімнің қарындасым Кенесарымен, өзімнің туған еліммен соғыса алмадым. Себебі мен әуелі Алланың құлымын, содан кейін барып ақ патшаның қызметшісімін. Өз тағдырын сеніп тапсырған бодан елді бұлай басынуға болмайды. Бәріне үкіметтің өзі кінәлі. Басымды кесіп алсаң да айтарым осы!» деп көзінен от шашып, ақырып атып тұрғанда, нағыз Құнанбайдың заңғар бейнесі жарқ етіп қарсы алдымызда тұра қалғандай болады. Ел үшін жаны ышқынып еңіреген есіл ерге тән шынайы мінез, қайтпас қайсарлық.
Құнанбай мен патша ұлықтары ұзақ арбасады. Тергеу бір жарым жылға созылады. Қалай иірсе де алшысынан түсетін от ауыз, орақ тілді даланың данагөйі қырық айла қақпанға аяғын баспай сот айналасындағы ұлықтардың дымын құртып әбден сарсылтады. Ақыры саяси, қылмыстық айып тақсақ деген үміті адыра қалып пұшайман болған соң, азаматтық іс бойынша соттап, Сібірге жер аударуға үкім шығарады. Осыған дейін сүйкімі жоқ, кертартпалығымен көңілге ұялаған тоңмойын, томырық Барақ дәл осы тұста жарқ етіп мүлде басқа қырымен көрінеді. Дүрдиген сырты болмаса, жүрегінде қиянат жоқ, кек түймейтін кешірімі мол асыл ердің сойы екен. Мал-мүлкін бетіне қарамай қазынаға кепілге қойып, Құнанбайды абақтыдан босатып алады. Өкпеге қиса да өлімге қимайтын нағыз даланың дархан мінезі. Ақ қарды тізеден омбылап қырдың қос баһадүрі бір-біріне қарсы ұмтылып: «Амансың ба, бауырым!» «Ақырында атымыздың басы бір кермеде табылды ма!» деп құшақтары айқаса кеткенде, жүйкең босап, көзіңе қалай жас үйірілгенін білмей қаласың.
Фильмнің соңғы көріністерінде үлкен символикалық мән бар: жасөспірім Абай биік құзарға екпіндей басып өрлеп барады, Құнанбай «артыңа қарайлама» дегендей қолын бұлғап баурайда тұр. Абай – жаңаның басы, Құнанбай ескінің соңы еді. Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшіне сүйенетін Құнанбай дәурені өтті, басы бодандағы бұратана жұрттың ендігі болашағы – оқу-білімде. Өзгелермен өнер-ғылымыңмен ғана бәсекеге түсіп, бой таластыра аласың. Жеңіс те, жеңіліс те тек сонда. Әне, Абай «соқтықпалы, соқпақсыз» сол биікке өрлеп барады.
Досханның екі фильмнің де сценариін жазған – Таласбек Әсемқұлов. Талас энциклопедиялық терең білімді, кемел ойлы, қазіргі қазақ интеллектуалдық кеңістігіндегі сирек құбылыстың бірі еді. Жігітке тән жеті өнер бір бойында тоғысқан нағыз бесаспап өнерпаз болды. Сыншы, публицист, тарихшы, прозашы, күйші, аудармашы... Соңғы жылдары кинодраматургиядан жаңа өріс тауып, тынысы ашылып, Досхан екеуінің шығармашылық тандемі өзінің тамаша жемісін бере бастап еді, амал не, қазақтың тайқы да тар маңдайына сыймай, есіл өмірі ерте үзілді. «Құнанбай» фильмінде Таластың драматургтік қарымы айқын танылады. Оқиғасы шымыр, қиюын тауып, бірінен бірі өрбіп жібі үзілмей жұтынып тұр. Көнені тірілтіп, қыр өмірінің қатпар-қатпар кең панорамасын көз алдымызға тосады. Әсіресе шарт жүгініп, қамшыларын алдына көлденең тастап, бір-бірімен шарпысқан билердің сөз жұптасы қандай! Бірі атып, бірі қағып, небір қақпақылдан жол тауып жалтарып шығатын қуатты ой, жүйелі қисынға сүйсінесің. Талас осы фильм арқылы қазақтың өлмес, өшпес баба сөзінің алтын зерлі бір ұштығын ұрпақ қолына ұстатып кеткендей.
«Қазақфильм» киностудиясы осы уақытқа дейін ұлтымыздың өткен-кеткен ұлы тұлғалары туралы талай көркем фильм түсірді. Амангелді, Абай, Жамбылдан бастап Махамбет, Мұстафаға дейін тарихи тұлғалардың тұтастай галереясы жасалды. Әрине, әр жүйрік әліне қарай шабады, олардың деңгей-дәрежесі әрқилы екені белгілі. Таяуда ғана тұсауы кесіліп, көрермен қазылығына жол тартқан Досханның «Құнанбайы» солардың қай-қайсынан да мойыны озық, талғам биігінен шығатын толымды туынды десек, асыра бағалағандық бола қоймас.
Тұрысбек Сәукетаев
Дереккөзі: "Жұлдыз" журналы