- Негізгі бет
- Қазақфильм
- Баян Есентаева "Махаббатым...
Баян Есентаева "Махаббатым жүрегімде 2" телехикаясын түсіруді бастады
Отандық танымал продюсер Баян Есентаева "Махаббатым жүрегімде" телесериалының жалғасын түсіруге кірісіп кетті, – деп хабарлайды alashainasy.kz порталы. Бұл туралы Баян Есентаева өзінің Instagram парақшасында жариялаған екен.
Продюсердің айтуынша, "Махаббатым жүрегімде 2" телехикаясына бірінші бөлімінде ойнаған Гүлназ Жолановадан бөлек, Жанар Дұғалова мен Баян Есентаеваның өзі түседі. Сериалдың қашан жарық көретінін Баян Есентаева әзірге құпия ұстауда.
«Махаббатым жүрегімде» мелодрамасы қыз бен жігіттің арасындағы махаббат, ата-аналар мен балалар арасындағы келіспеушілік секілді өмірлік тақырыптарды арқау еткен. Оқиғаның шиеленісі – бірін-бірі сүйген қос ғашықтың екі түрлі әлеуметтік ортадан шығуы. Бас кейіпкер Дастан ауқатты отбасынан шыққан, Кембридж университетін бітірген. Ата-анасы баласының болашағынан зор үміт күтеді, оның бизнесте де, жеке өмірде де үлкен жетістіктерге жетуін қалағандықтан, ұлдарына өздерінің деңгейіндегі отбасының қызын айттырады. Алайда, жігіт ауылдан шыққан қарапайым қыз Кәмшатқа ғашық болады. Қаншама кедергілер мен болса да тосқауыл екі ғашық соңында қосылып, бақытты ғұмыр кешумен аяқталады.
Басты рөлдерде «Қазақ аруы – 2014» ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы Гүлназ Жоланова және Тәуекел Мүсілім сомдайды.
Айта кетейік, 1993 жылы жарыққа шыққан "Махаббат бекеті" фильміндегі Гүлнәз рөлімен жұлдызы жанған актриса Баян Есентаева аталған фильмнен басқа "Ғашық жүрек", "Күләш", "Тракторшы махаббаты", "Абайлаңыз, сиыр!" картиналарымен елге танылған.
Е. Жұмабайұлы