- Негізгі бет
- Қазақфильм
- «Әміре» фильмінің соңғы...
«Әміре» фильмінің соңғы түсірілімі Үшқоңырда өтті
Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде өнер көрсеткені үшін түсіріліп жатқан «Әміре» көркем фильмінің соңғы түсілімдері Алматы облысындағы Үшқоңыр жайлауында өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, кинопродюссер Әлидар Өтемұратов пен Голливуд продюсері Кери Гранат, Оскар сыйлығының иегері Эд Джонспен бірге, ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмнің алғашқы түсірілімдері 23 шілдеде Латвияда басталған болатын.
Фильмнің атқарушы продюсері Әсет Кенжебаев пен Анна Чакиртова. Тарихи деректер бойынша Әміре Қашаубаев туралы біршама кітап жазған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімова кеңес берген. Музыкалық продюсер – «The Magic of Nomads» жобасының негізін қалаушы Ғазиза Ғабдырахимова, қоюшы-суретші – Екатерина Залетаева, ал киімдерді үйлестіруші суретшілер Әсел Шалабаева мен Дайва Петрулите.
«Әміре» фильмі қазақтың теноры дауысты әншісі Әміре Қашаубаевтың жарқын әрі қысқа да жұмбақ өмірі туралы. Қазақ өнерімен, қара домбырасымен танылған Әміре 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік музыка байқауында Еуропа жұртшылығының алдында тұңғыш рет өнер көрсетіп, аталған байқауда жүлделі ІІ орынға ие болған. Осы жайт және Әміренің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, джаз әншісі Джордж Гершвинмен танысуы, әншінің елге оралғаннан кейін басынан өткізген сынақтары фильмге арқау болған.
Фильмде Әміре шырқаған «Балқадиша», «Сұржекей», «Үш дос», «Дударай», «Жалғыз арша», «Бес қарагер», «Ағаш аяқ» және «Əй-əй бөпем» секілді қазақтың халық әндері орындалады.
Халықаралық түсірілім тобына америкалық қоюшы режиссер Джеф Веспа, оператор Максим Осадчий жетекшілік етті. Сценарий авторы – Бенжамин А. ван дер Вин. Фильмнің басты кейіпкерін қазақстандық әртіс Санжар Мәдиев сомдаса, Мұстафа Шоқайдың рөлін ойнау Мәскеу кинофестивалінің ең үздік ер адам рөлі Сыйлығына ие болған Еркебұлан Дайыровқа бұйырған болатын.
– Түсірілім басталмас бұрын домбыра тартуды үйрендім. Бұл өнерді бойыма сіңіру үшін Қазақстанның үздік музыканттарының бірі Нұржан Тәжікенов көмектесті. Сонымен қатар, вокалдан да дәріс алдым, – дейді Санжар Мәдиев.
– «Әміре» фильмі – Қазақстан мен АҚШ-тың біріге ұжымдасып түсірген жаңа жобасы. Біз біздің өнеріміз, біздің Әміре, біздің домбыра туралы тек өз елімізде ғана емес, әлемнің білгенін қалаймыз. Бұл фильмді халықаралық прокатқа 2017 жылдан бастап шығаруды жөн көрдік, – дейді атқарушы продюсер Анна Чакиртова.