"Аманат" арқалаған жүк ауыр

Бүгін яғни, 4 маусым күні Алматыдағы «Арман» кинотеатрында Сатыбалды Нарымбетов түсірген «Аманат» тарихи драмасының БАҚ өкілдеріне арналған көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фильмнің режиссері әрі сценарисі – Сатыбалды Нарымбетов, продюсері – Арман Әсенов. Фильмнің басты идеясы - қайсарлы, рухы мықты, халқына адал ата-бабамыздың аманат етіп тапсырып кеткен тәуелсіздікті бағалап, сақтап қалу. Қазақ халқының оған жетудегі ауыр жолын тарих кітаптарының бетінде жоғалтпай, қайта жаңғыртып, есіне салу.

Фильмнің желісі бірнеше уақыт аралығын қамтиды: ХІХ ғасыр ортасы, яғни Кенесары Қасымовтың тәуелсіздік жолындағы күресі, ХХ ғасыр ортасы мен 60-жылдардың соңы. Фильде қазақтың соңғы ханы Кенесары бастығын ұлт-азаттық көтеріліске арналған зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айылырған алаш арысы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры суреттеледі.

Кеңес дәуірінде қазақ халқының өткеніне үңілу – өз елінің адал патриоты, тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың өмірін түнекке айналдырды. Ол бар саналы ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен Кенесары ханның өмірін зерттеуге арнап, халықшыл ханның есімін ұлт жадында қайта жаңғыртуға тырысады. Қажырлы, жігерлі Ермұханның күресін жас журналист – Рамазан жалғастырады. Алайда ол да түрлі кедергілерге тап болады.

Көрсетілімнен кейін БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясы өтті. Оған фильмнің режиссері, продюсері, басты рөлдердің бірін сомдаған Қарлығаш Мұхамеджанова мен Әзиз Бейшеналиев, Ермұхан Бекмахановтың жары – Халима Бекмұхамедова және тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев қатысты.

Ермұхан Бекмахановтың жары Халима Бекмұхамедова: «Ол өте қайсар, жігерлі адам болатын. Мақсатына, сөзіне берік еді. Фильмде басты рөлді сомдаған Берік Айтжанов Ермұханға қатты ұқсайды. Тірісінде көрген адамдар бұл сөзімді растай алады. Сонымен қатар Қарлығаштың да ойынына ризамын. Режиссерге, актерлер мен операторлардың жұмысына алғыс білдіремін», - деп ағынан жарылды.

Осы орайда Кенесары рөлін сомдаған Санжар Мадиев пен Бучин рөліндегі Әзиз Бейшеналиевтің де тамаша еңбегін атап өтсек болады.

Сатыбалды Нарымбетов фильмді түсіру үшін көп еңбек еткенін, сценарийін ойластырып, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев пен Халима Бекмұхамбетовамен кеңесе отырып дайындағанын айтты.

"Аманат" тарихи драмасы еліміздің кинотеатрларында 14 маусымнан бастап көрсетіледі.