Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Ауқымды тарихи жобаның негізгі авторы – ҚР Президенті Н.Назарбаев.
Еліміздің телевизия тарихындағы тұңғыш тарихи сериал – «Қазақ елінің» түсірілім жұмыстары аяқталды. «Қазақстан» арнасынан, «31 арнадан» көрсету туралы келісім-шарттар жасалып жатыр. Бұйыртса жаңа жылдан кейін телеарналардан көрсетіле бастайды. Ал, «Алмас қылыш» фильмі жалпыұлтттық прокатқа 2017 жылдың қаңтар айынан бастап шығады. «Қазақстан» орталық концерт залының ғимаратында БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берген жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Рүстем Әбдірашев осылай деді. Оның айтуынша, «Қазақ елі» — ауқымды жоба. Фильмді түсіруге 500-ге жуық адам жұмыс істеген. 100-ден астам актер қатысқан. Актерлердің киімдері Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінде тігілген.
«Біз жобаны отандық тарихтың хрестоматиялық оқулықтарына жақынырақ негізде жасауға тырыстық. Әрине, әр тарихшының өз көзқарасы бар. Олар «мына жері былай емес не ана жерінде қателік бар» деген сияқты өз ойларын айтуы мүмкін. Бірақ, бұл деректі фильм емес, көркем фильм дегім келеді. Жобаға белгілі жазушы І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романын лейтмотив етіп алдық. Дегенмен тұтас кітаптағыдай етіп жасаған жоқпыз. Өйткені, білесіздер, «Алмас қылыш» кеңес үкіметі тұсында жазылған кітап. Ол кезде көп тарихи деректер жоқтың қасы болатын. Біз жаңа тарихи деректерді де пайдаландық» – деді режиссер Р.Әбдірашев.
«Алмас қылыш» – «Қазақ елі» сериалының сығымдалған немесе басқ айтқанда бір фильмге жинақталған нұсқасы. Фильмнің тұсаукесері барысында фильмнің Бас продюсері Арман Әсенов көрермендерге осылай түсіндірді. Ал, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильмді еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту деп есептейтінін жеткізді. Сондай-ақ, фильмге түскен актерлердің бірқаншасы сахнаға шығып, көрермендер ықыласына бөленді.
Фильмге ХV-ші ғасырдағы тарихи оқиғалар арқау болған. Әйтсе де негізгі мақсат – Қазақ хандығының құрылуын көрсету, Алаш ұранды қазақтың бұғауға көнбейтін арда болмысын дәріптеу, халқымыздың сол замандағы дала демократиясына бағынған тұрмыс-тіршілігінен хабар беру. Ондаған тарихи ірі тұлғалардың, атап айтқанда Ақ орданың билеушісі Әбілқайыр Шайбани, Қазақ хандығының негізін салған Керей, Жәнібек хандар, Моғолстан билеушісі Есен-бұға, ойраттардың тайшысы Өз-Темір, қазақ сұлтандары Қасым мен Бұрындық, атақты Асан қайғы мен Қазтуған жырау т.б бейнелері түрлі оқиғалар тұсында жан-жақты ашылады.
«Алмас қылыш» фильмінің сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдірашев. Қоюшы суретшілері: Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов және Жаннат Баймұқанова. Сондай-ақ, басты рөлдерге Досхан Жолжақсынов, Еркебұлан Дайыров, Қайрат Кемалов, Аян Өтепберген, Бекболат Тілеухан, Шұғыла Сапарғали, Қарлығаш Мұхамеджанова, Арман қожа сынды актерлер мен актрисалар тартылған.
Айгүл Сейілова
Дереккөзі: "Егемен Қазақстан"