Танымал режиссер Ақан Сатаев массагеттер патшайымы Томирис туралы тарихи фильм түсіруі мүмкін екенін айтты. Бұл жөнінде ол ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.
"Биыл біз Спорт және Мәдениет министрлігімен бірлесе отырып "Томирис" тарихи фильмінің өндірісін бастауды жоспарлап отырмыз. Сақ патшайымының бастан кешкен оқиғасы елімізде ғана емес, шет елдерде де қызығушылыққа ие болатынына сенімдімін. Томирис – әлем тарихына зор ықпал еткен тұлға. Киносатылымның ауқымын кеңейту үшін осындай тың дүниелер жасауға ұмтылуымыз керек деп ойлаймын. Сол арқылы еліміздің халықаралық беделі өсуіне септігімізді тигізер едік. Отандық кинематографистердің негізгі міндеті – сапалы әрі бүкіл әлем көрермендерін қызықтыратын фильмдер түсіру",– деді режиссер.
Оның айтуынша, бүгінде фильмнің синопсисі дайын. Бірақ қаржы мәселесі әлі шешілмеген. Алайда, режиссер түсіру жұмыстарын осы жылдан қалдырмай бастауды мақсат етіп отыр.
Айта кетейік, массагеттерді билеген Томирис патшайым жайлы ежелден жеткен дерек көп. Солардың бірінде Томиристің Ахменидтер әулетінен шыққан Ұлы Кир II-нің жорығын тойтарып, парсы патшасын өлтіргені жайлы айтылады. Ақан Сатаевтың фильміне осы оқиға арқау болуы ықтимал.