Қысқаметражды фильмдерден бастап толықметражды көркем фильмдерге дейінгі әртүрлі жанрдағы 10 шақты фильм 2015 жылы Қазақстанда өндіріске жіберілді және кейбірі постпродакшн кезеңінде тұр. Ал әзірше Tengrinews.kz тілшісі осы көктемде прокатқа шығуы тиіс қазақстандық фильмдердің тізімін жасады.
"Үшеуге арналған үйлену тойы". Режиссері - Асқар Бисембин.
Романтикалық комедия Мәскеуде тұрып "жұмыс істейтін" талантты суайт Азамат пен оның бизнесмен досы Тимур және өзінің сүйіктісіне тұрмысқа шыққалы жүрген сұлу қыз Әлияның басынан өткен оқиғалары жайында. Жігіттердің бірінің үйлену тойы жақындаған кезде күтпеген жағдайлар мен ыңғайсыз сәттер болып, той өтпей қала жаздайды. Лента 5 наурыздан бастап прокатқа шығады.
"Бүкіл әлем сіздің аяғыңыздың астында". Саламат Мұхаммед-Әли.
Фильм атақты қарақшының жиеніне ғашық болып, өзі де сол қылмыстық әлемнің бір мүшесіне айналған Әлия (Қарлығаш Мұхамеджанова) есімді жас қыз туралы баяндайды. Картинаға тең продюссер болған Арманд Ассанте сияқты атақты актерлар қатысты. Сонымен қатар, фильмге "Гейшаның ғұмырнамасы", "Мортал Комбат", "Хатико" картиналары арқылы танылған жапон актері Кэри-Хироюки Тагава мен қытай киносының жұлдызы Боло Йенг қатысты. Көптен күткен лентаны 26 наурыздан бастап кинотеатрлардан көруге болады.
"Қала ырғағы". Тұрсын Құлахметов.
Картина балалар үйінен шыққан Руслан (Ринат Малсақов) жайында, ол өмірден өз орнын табуға ұмтылады. "Қала ырғағы" фильміндегі басты рөлдерде рэпер Дилани, Дарья Александрова, Мұрат Оспанов пен Ербол Аймашев ойнайды. Қазақстандық "Форсаж" 12 наурызда прокатқа шығады.
"Өйткені шымкенттік". Жәнібек Жанқараев.
Лента көпшілік жақтыра бермейтін Шымкент тұрғындарының ауыр тағдыры туралы. Трейлерде - көпшілік мақұлдаған көл-көсір қалжың. Қазақстандық режиссер Жәнібек Жанқараевтың "Өйткені шымкенттік" фильмі 2 сәуірден бастап прокатқа шығады.
"Үйге қайтар жол". Рашид Сүлейменов.
Лентаның сюжеті бойынша басты рөлдегі Мақсат туған ауылына ағасынан қалған мұраны алу үшін бірнеше күнге барады. "Үйге қайтар жол" фильмі 19 наурыздан бастап прокатқа шығады. Картинадағы басты рөлдерде Санжар Мәдиев пен Аружан Жазылбекова ойнайды.
"Кенже". Ермек Тұрсынов.
Қазақстандық "Кенже" фильмі кішкентай кезінде ата-анасынан айырылған ағайындылар жайында. Ағайындылар ауылдарындағы балалар үйіне өткізіледі, бірақ олар ол жерден қалаға қашады. Жылдар өтеді, жігіттер адам өлтіруге тапсырыс алып, ақша табады. Басты кейіпкерлер сатқындыққа, түңілу мен қатыгездікке тап болады. Картина продюсері Александр Вовнянконың айтуынша, "Кенже" наурыздың аяғы - сәуірдің басында прокатқа шығады. Әзірше нақты күні белгісіз.
"Рэкетир-2". Ақан Сатаев.
Атышулы "Рэкетир" драмасының жалғасы - 2015 жылдағы көп күттіріп жүрген жобалардың бірі. Драманың басты кейіпкері Саян (Саят Исембаев) экранға оралады. Тағдыр оған әділ жазасын алу үшін екінші мүмкіндік береді. Ресми тұсаукесер сәуір айында болады.