Сәуір айының 27-жұлдызында Қазақ Ұлттық университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Төл тарихым – тамырым» атты республикалық студенттер айтысы өтті. Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген студент жастар қатысты. Олардың ішінде бұған дейін де бірнеше мәрте шығып, қалың елдің сүйіспеншілігіне бөленген Амангелді Сейітхан, Айдана Қайсабек, Алтынбек Ибрагимов, Айтбек Тұрсынбаев, Қуаныш Әлімберді секілді жас ақындар бар.
Дүбірлі додаға елімізге белгілі айтыскер ақындар мен қара сөздің қадірін түсінетін тіл мамандары төрелік етті. Атап айтар болсақ, Мұқағали Мақатаев сыйлығының екі дүркін иегері, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Серікқызы, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, сонымен қатар айтыскер ақындар Әбдіғани Бәзілханов, Қайрат Құлмұхамет және «Қамшы» ақпараттық сайтының Бас директоры Қуаныш Біләл төреші болды.
Айтысқа жарты сағат қалғанда ақындар жеребе бойынша жұпталып, бір-бірімен сөз қағыстырды. Оларға сахна төрінде Қазақ хандығына байланысты түрлі тақырып ұсынылды. Бірдің емес, бүкіл елдің атынан сөйлеген жас ақындар елімізде болып жатқан елеулі оқиғаларды да назардан тыс қалдырмады. Ақындардың арыны мен дарынына баға берген қазылар алқасы айтыстың жоғары дәрежеде өткенін тілге тиек етті.
Төрт сағатқа созылған айтыстың бас жүлдесі тамаша суырып салмалығымен көзге түскен Қазақ Ұлттық университетінің студенті Айтбек Тұрсынбаевқа бұйырды. Бірінші орынды Абай атамыздың атын иеленген қасиетті қара шаңырақтан келген аяулы ақын қарындасымыз Айдана Қайсабек еншіледі. Екінші орынға есте қаларлық ерекше айтыс жасаған Ерзат Әрін лайық деп танылса, үшінші орынды дүйім жұртты аузына қаратқан Алтынбек Ибрагимов пен Аят Жәнібек өзара бөлісті.
Осылай ақындар айтыссүйер ағайынға керемет көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.