Тәуелсіздік бізге не берді?

Биыл қазақ елінің тәуелсіздігіне 24 жыл толады. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстан әлемге танылып, тар жол тайғақ кешу мен зұлмат қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, жаңа деңгейге қол жеткізді. Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған тәуелсіз елді әлем таныды.

1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірден аяққа тұрып кетпегеніміз бәрімізге аян. Әлемге беймәлім елдің болашағы бұлыңғырлау көрінгені рас. Бірақ қазақ халқы еш уақытта мойыған жоқ. Елбасы айтпақшы, «Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер мен зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын». Десе де қиын-қыстау шақты артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түстік.

Қаншалықты биікті бағындырғаныңды білу үшін, артыңа көз салсаң жеткілікті. 24 жыл ішінде Қазақстанның алған асуы мен жеткен белесі аз емес. Осы тұста Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауы мен түрлі жиында сөйлеген сөзінде келтірілген деректер арқылы тәуелсіздік алғаннан бергі 24 жылда жеткен жетістіктің бірқатарына шолу жасауды жөн санап отырмыз.

Қазақ тілі биік тұғырға қонды

Бүгінде тіліміздің деңгейі төмен, ғасырлар қойнауынан қаймағы бұзылмай келген ана тіліміз жұтаң тартып барады, - деп жиі айтатынымыз рас. Ал аға буынның көпшілігі осыған да шүкір дейді. Себебі еліміз тәуелсіздік алғанған дейін, одан кейінгі жылдарда да он адамның жетеуі — өзге ұлт өкілі, үшеуі ғана қазақ боп қалған кездерде биік мінберді былай қойып, қоғамдық көлікте, қала көшелерінде туған анаңмен, туған балаңмен қазақша сөйлесудің өзі мұңға айналған заман болған. Ал қазір ше?

Тәуелсіздік алғаннан кейін тіліміз заң жүзінде елдегі басты тілге — мемлекеттік тілге айналды. Елбасының «Қазақстан болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдамасы қазақстандағы тіл саясатының бүгіні мен болашағын айқындайды. Президент жолдауында «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу» деп мемлекеттік тілге көп көңіл бөлу керегін баса айтты. 2011 жылы 25 мамырда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында Елбасы былай деді: «Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген нақылы бар. Біздің тәуелсіздікпен бірге сөзіміз тіріліп, өзіміз еңсе тіктедік. Бабадан жеткен қасиетті қазақ тілінің осы жылдары мемлекеттік мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенін білесіздер. Естеріңізде болса, 1991 жылы қазақ мектептерінде оқитын шәкірттердің жалпы саны 32 пайыз ғана болатын. Сөйтіп, біздің тіліміз кеңес заманында жойылуға тақады. Бүгінде ол көрсеткіш екі есеге артып, мектептерде бір жарым миллионнан  астам бала қазақ тілінде білім алады. Аралас мекемелерді қосқанда, барлық балабақшаның 90 пайызға жуығы қазақ тілінде тәрбие беріп жатыр. Қазір мемлекеттік органдарда іс жүргізу қазақ тіліне көшірілді. Мен «Қазақстан» телеарнасына биыл күзден бастап толық мемлекеттік тілде хабар таратуға тапсырма бердім. Балалардың тіл үйренуіне көмектесетін «Балапан» деген арнайы телеарна ашылды». Ал 2013 жылы 28 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының 19 сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев: «Тіл бар жерде халық бар. Тіл бар жерде оның мәдениеті бар. Тіл жоқ болса, оның бәрі жойылады» — деп, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бірде-бір этностың туған тілі жойылмай, керісінше дамып, өркендеп келгенін еске салып, Енді жүздеген этностар бір ұлтқа айналуы үшін оны біріктіруші материал керек. Бүгінде ұлттың басын біріктіретін, цементтей бекітетін фактор — қазақ тілі, мемлекеттің тілі болуы тиіс екенін нақты айтты.

«Мемлекеттік тілді үйрену – міндет, ал оны білу – әрбір қазақстандық үшін абырой» деген Н.Ә.Назарбаевтың дана сөзі бүгінгі қоғамға, жас ұрпақққа игі әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекттік тіл – қазақ тілін үйренуді өзіне парыз санап, жақсы меңгергені абзал.

Қазақ халқының саны артты

Тәуелсіздік алған тұста еліміздегі қазақтың саны 40% ғана болатын. Ал бүгінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғарылаған. 2014 жылы тамыз айында Ұлытауда берген сұхбатында Елбасы: «Біз тәуелсіздік жариялағанда Қазақстандағы қазақтың саны 40% болатын. 40%! Басқалар «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» — деп айтпайтын ба еді? Дегенмен елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, біз тәуелсіздік жарияладық. Қазір, міне, қазақтың саны 65%-ға жетті. Қазақстан халқының саны сол кездегіден азайып, біразы көшіп кетті ғой. Ресейге көшті, еврейлер көшті, немістер көшті, анау көшті, мынау көшті… Осы тұста халық 13-14 миллионға жуық болған еді. Қазір 4 миллиондай халық қосылып, 17 миллионнан астық. Тіпті Кеңес Одағы кезіндегіден де көбейіп келеміз. Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыздың саны артып жатыр. Оның ішінде қазақтың саны көбеюде», — деді.

2013 жылғы деректер бойынша, еліміздегі қазақтар саны 11 млн 1 мың 739 адам болатын. Одан бергі аралықта бұл көрсеткіш жоғарыламаса, кемімегені рас. Бүгінде ана мен бала денсаулығына мән беру мен қорғау да жолға қойылған. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде елімізде 6 миллион 736 мың сәби дүние есігін ашқан.

Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне баса мән берілді

«Тәуелсіздіктің тірегі — ұлттық сана екенін білесіздер. Ал ұлттық сана тарих пен мәдениет арқылы қалыптасады», — деген еді Елбасы. Конституцияның 37-ші бабына «Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi» деген тармақ енгізілген; 1998 жылды Халық бірлігі және тарих жылы деп атап өттік; «Қазақстан-2050» стратегиясында да Отан тарихымыздың маңыздылығын және Отан тарихын паш ету арқылы әлемге Қазақстанды танытамыз деген көсемдік көзқарасын білдірген еді. Елбасы өз сөзінде: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Елдің дұрыс таңдап аған бағыты арқасында көптеген биіктерге бүкпесіз ашық саясат жүргізуге, Қазақстанға ғана тән экономикалық даму жолына, игілікті әлеуметтік реформаларға, біздің мемлекетімізді айнытпай тануға игі ықпалын тигізетін табысқа қол жеткіздік. Бірақ басқа бір қабат — нәзік және сонымен бірге қыртысы қалың рухани қабат бар, Қазақстан тамыры терең жайылған ұлы тарихы бар ел екенін дәлелдей отырып, дүниежүзілік аренада біз елімізді осы қабат арқылы паш етеміз» деді. Ал «Мәдени мұра» бағдарламасы осы бір тарихи мақсатқа жетудегі алғашқы нақты қадам деп есептеуге болады.

Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасы турасында: «100-ге тарта тарихи-мәдени нысан жаңғыртылып, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Шетелден тарих пен мәдениетімізге қатысты 5 мыңнан астам құнды деректер табылып, көшірмелері елімізге әкелінді. Әлемдік ақыл-ойдың ең озық үлгілері қазақ тіліне аударылып, олар том-том кітап боп жарыққа шығып жатыр. Бұл құндылықтар келешекте жастардың бойына ұлттық сананы сіңіруге жол ашады. Ұлттық фольклорымыз «Бабалар сөзі» деген атпен 100 томға жинақталып жарық көрді. Сонымен қатар әр қиырда шашылып жатқан ұлттық музыкалық мұрамыз да жинақталды» — деген дерек келтірді.

 Қазақстанның экономикалық әлеуеті жоғарылады

Егемендік алғаннан кейін еліміз жаhандық экономикада әлемдiк тауар рыноктарына мұнай, газ, қара, түстi, сирек кездесетiн және қымбат металдар, уран өнiмдерiн шығаратын ел ретiнде танылды. Ал ауылшаруашылық өнiмдерiнен астық экспортының келешегi өз алдына алға жылжыды.

Өндiрiстiң және шикiзат ресурстары экспортының қарқынды дамуы экономикалық дағдарыстан шығып, соңғы үш жылда экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi. Елдегі өмiр сүру деңгейi жоғарылап, индустриялық сервистiк-технологиялық даму сатысына өтуге мүмкiндiк беретiн қаржы ресурстары жинақталды. Қазіргі таңда Қазақстанды әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретiнде мойындады. Тәуелсiздiк жылдары Қазақстан экономикасына 21 миллиардтан астам АҚШ доллары тартылды. Стратегиялық тұрғыдан алғанда қабылданған үлгiге сәйкес Қазақстан бәсекелестiкке және әлемнiң барлық елiмен өзара тиiмдi ынтымақтастық орнатуға негізделген тауарларды, қызметтердi, капиталды және жұмыс күшiн экспорттауға бағдарланған ашық экономикалы ел ретiнде қалыптасты. 2001-2002 жылдары ЖIӨ-нiң орташа жылдық өсу қарқыны 11,5 пайызды құраса, өткен жылы ЖIӨ екi есе ұлғайды.

2012 жылдың 16 қарашасында «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам басына шаққандағы Жалпы ішкі өніміміз 16 есеге өсіп, 12 мың долларға жетті. Бұл біздің Түркия, Малайзия, Еуропаның шығыс мемлекеттерімен тереземіз тең болды деген сөз. Индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 9,6 триллион теңге болатын 600-ден астам жоба жүзеге асырылды. Бұл біздің жастарымыз үшін 370 мың жаңа жұмыс орнын береді» — деді.

Ал 2013 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыста: «Әлемдік экономика үшін дағдарыста болған соңғы 4 жылда мұғалімдердің орташа айлық еңбекақысын 2 есеге жуық көтердік. Бізде 22 жылда нағыз автомобильдік революция жүзеге асты. Егер 1992 жылы жеке иеліктегі жеңіл автомобильдер 885 мың болса, 2013 жылы олардың саны 3 миллион 600 мыңды құрады. Бұл — өсім 4 еседен астам деген сөз» — деді.

Әлемдік дағдарыстар Қазақстан экономикасын айналып өтті деп айта алмаймыз. Бүгінде Қазақстан экономикасының стратегиялық өзекті мәселесіне бәсекеге қабілетті өнімдер алуға бағытталған отандық ғылыми сыйымдылығы мол өндірістерді дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды дайындау мен игеру, сонымен қатар республиканың өндірістік және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалу мен дамыту арқылы ұлттық экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кіреді.

Жалғасы